Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Ердос Үмітовтың төрағалығымен өткен әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияда Жамбыл, Алғабас, Қарауылтөбе ауылдық округтері әкімдерінің гендерлік саясаттың жүзеге асуы, отбасыларды қолдау бойынша баяндамалары тыңдалды.

Сонымен қатар іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Сейткереева кәсіпке бейім нәзік жандылардың жұмысын жандандыру, оларды бизнеске ынталандыру бойынша атқарылған қам-қарекеттермен таныстырды. Кеңестің жұмысы ауқымды, межелеген жоспарлары да әр ауыл-елді мекендегі қыз-келіншектердің өз кәсібін ашып, мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдауға ие болуына жәрдемдесуге бағытталған.
Былтыр 126 жұп шаңырақ құрса, 2022 жылдың 14 наурызына дейін 10 жұп некеге тұруға өтініш берген. Соңғы уақытта ойсыз үйленіп, көп уақыт өтпей ажырасып кететін отбасылардың көбейіп келе жатқаны ойландыруы керек. Мысалы, былтыр 22 жұптың жолы екі айырылса, биыл үш айда тағы 3 ерлі-зайыпты сот шешімімен ажырасты. Бұл ақпаратты комиссия отырысында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Руслан Биманов хабарлады.
Сонымен қатар жиында кәсіппен айналысып, жанұясына табыс кіргізгенқыз-келіншектердің берекелі жұмысы насихатталып, көпке үлгі етілуі керектігі айтылды.
Асыл Қайрат,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz