Орынбек Меңдіқұл – танымал айтыскер ақын. Соңғы уақытта ән жазумен де шұғылданып, ел ықыласына бөленіп жүр. Оның кейбір әндерін эстрада жұлдыздары да шырқайды. Бұйырса, 22 сәуір күні «Атамекен» өнер орталығында «Жанымның мелодиясы» атты шығармашылық кеш бермекші. Біз өлең мен әуенді ұштастыра білген Орынбек Нұрболатұлымен байланысқа шығып, аз-кем әңгімелестік.
– Ореке, өлеңмен өңір намысын талай мәрте қорғадыңыз. Әндеріңіз де жүрекке жылы тиеді. Жалпы, өнерге келуіңізге кім ықпал етті?
– Өнер ананың сүті, әкенің қанымен беріледі. Өнер – туған жердің топырағынан. Өзім өсіп-өнген Жаңақала ауданына қарасты алақандай Айдархан ауылы – ақындар мен палуандар мекені. Оны бәрі біледі. Бала кезімде ойнап жүрген жерімнен әкем алып кетіп, «Әне, қара, Асылбек ағаң айтысып жатыр» деп теледидар алдына отырғызып қоятын. «Өсу еліктеуден басталады» деп Қадыр ақын айтпақшы, Асылбек ағама еліктеп өстім. 2012 жылы Жаңақалада «Құм көмкерген гүл ғұмыр» атты Асылбек Ишановты еске алуға арналған облыстық ақындар айтысы өтті. Менің тарапымнан айтысқа деген ынтаны байқаған Аслан Тілеген ағам бәйгеге қосты да жіберді. Сөйтіп, алғаш айтыс сахнасына асыл ағамның домбырасын ұстап шықтым. Тұсауымды Ақжайықтың аяулы ақыны Айнабек Бисенғалиев кесті. Айнағамның:
– Өйткені мен де айтыстың әліппесін, Асылбекті еске алып бастағанмын, – деп айтқаны әлі санамда жаңғырып тұр. Мен осылайша өнер деген ұлы додаға еніп кеттім.
– Кешіңізде кімдер өнер көрсетеді? Сіздің «жаныңыздың мелодиясына» құлақ түрген тыңдарманды қайтіп таңғалдырмақсыз?
– Биыл өзімнің қызмет орным – Орал қалалық мәдени-ағарту бірлестігінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Соған орай «Құндылыққа толы өнер ордасына 30 жыл» атты жоба аясында бірнеше өнерпаздың шығармашылық кешін өткізу жоспарланған. Жоспарға сәйкес менің де кешім өткелі жатыр. Алғашында «Атамекен» өнер ордасында кеш бересің дегенде жүрексінгенім рас. Себебі кең залда өтетін кештің жауапкершілігі де үлкен болады. Бірақ Серік Әнуарұлы қамшылады, мен тәуекел еттім. Кешке эстрада жұлдызы Әбдіжаппар Әлқожа, «Қазақстан дауысы» балалар жобасының қатысушысы Айзат Айдосұлы, Ақтөбеден Ердәулет пен Айкөркем Есмурзиндер және жергілікті өнерпаздар қатысады. «Махаббатсыз өмірді кім сүрмек», «Түлектер сағынышы», «Бәрі рас» әндеріне қоса, тұңғыш рет «Биленбеген вальс» әнінің эстрадалық бағытта өңделген нұсқасы шырқалады.
Кештен түскен қаражаттың бір бөлігіне табыс-кірісі аз отбасының баспанасына көгілдір отын кіргізіп, Қасиетті Рамазан айында сауапты іс жасауға ниеттендік. Осы кезге дейін біраз отбасыға қуаныш сыйлаған бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын табады деген ойдамын.
– Айтыста ырымға сенесіз бе? Әділетсіздік көрген кездер болды ма?
– Ырымға көп сене бермейтін адаммын. Қандай да бір сынға түсерде тек Құдайға сенемін. «Алла аузымызға ақ сөз сала гөр» деген дұға талай айтыстардан абыроймен алып шықты. «Жаратушы тұрғанда жаратылғаннан не сұрайсың?!» дейтін елміз. Айтыста ешқашан әділетсіздіктің құрбаны болып көрген емеспін. Егер шаба алмасам, бірінші айналымнан аса алмасам, кінәні өзімнен іздеймін. Әрі біздің облыстық айтыстарда қазылықта отыратын Бауыржан ағамыз (Бауыржан Халиолла) бастаған айтыс майталмандары әділетсіздікке жол бермейді. Әр ақынның шабысына сай жүлдесін беріп отырады.
– Көптің көз алдында жүрген өнерпазсыз. Сіздің назарыңызға ілігуге тырысатын бойжеткендер баршылық екені кәміл?
– «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» дегендей, көпшіліктің назарында жүрген соң ондай сәттер болатыны жасырын емес. Жорта жүріп, талай қалқатайды жырға кейіпкер, әнге арқау қылғанымды да жасырмаймын. Ол өткен күндер еншісінде қалған сәттер. Кішкентай ғана құпиямды аша кетейін, өзімнің назарым түсіп, көңілім ауып жүрген ару бар. Бұйырса, тойдың да ауылы алыс емес. Маған оның қазақ қызына тән ұяңдығы ұнады. Ұяңдығынан ибалылық көрдім. Мінезі бірқалыпты анама тән қасиеттерді сол қыздан байқадым. Сондықтан да сол аруды таңдаймын.
– Бос уақытта да қолдан домбыра түспей ме, әлде үй шаруасына араласасыз ба?
– Бос уақытымда да домбырадан алыстамаймын. Күйбең тірлік қамымен жұмыста жүргенде аяқталмай қалған әндерді аяққа тұрғызып, айтысқа шумақтар ойлап, шығармашылықпен айналысамын.
– Айтыста кім үлгі? Поэзияда кім үлгі?
– «Менің пірім – Сүйінбай» деп Жамбыл айтқандай, айтыста үлгі тұтарым – марқұм Асылбек ағам. Сол кісідей болмасам да, ұқсап бағамын. Асылдан қалған жыр жалауын құлатпай ұстап жүруді борышым деп санаймын. Әрине, Ақ жайық айтысына еңбегі сіңген аға буын өкілдерінің барлығы дерлік үлгі аларлық тұлғалар. Мен – айтыс ақынымын. Бірақ бұл жазба поэзияны оқымаймын деген сөз емес. Қазақтың қара өлеңін жақсы көремін. Қадырды, Мұқағалиды, Есенғалиды, Жұматайды және басқа да ақындарды сүйіп оқимын.
– Оқушы кезіңізде түрлі іс-шараларда «Білемін, білем, жасың да менен көп төмен...» деп басталатын жырыңызды, басқа да өлеңдеріңізді оқитынсыз...
– Айтысқа сыймайтын, айтыста айта алмайтын сырларымды қағаз бетіне түсіріп, оңашада ойланатыным бар. Өлеңдерімді жиі жарияламаймын. Түрлі отырыстарда, кездесулерде оқимын. Кейінгі кездері өлеңді көп жазбай кеткенім рас.
– Не оңай? Айтысу ма, ән жазу ма?
– Өнердің оңайы жоқ... «Айтысқа шығатын ақынның жүрегі инфарк алған адамның жүрегімен бірдей болып тұрады екен» дегенді Жансая апайдан (Жансая Мусина) естігенмін. Осыған қарап отырып, өнерді, оның ішінде айтысты оңай деп айта алмайсыз. Ән жазу да – қиын. Әуен келген бойда жазып алмасаңыз, кері қонбай қоятын қырсықтығы бар. Оңай болса, не нәрсенің де құны болмайды. Сол үшін де өнер – қасиетті һәм қасіретті.
– Ән жазуға деген қызығушылық қашан басталды?
– Сазгерлік – мендегі туа бітті өнер емес, жүре бара дарыған өнер. Әкем Шәмші әндерін көп тыңдайды. Мен де бірге тыңдап жүретінмін. Вальс патшасының әуезді әні санама сіңді ме екен, күндердің күнінде ән жазатынды шығардым. 2017 жылы білек түріп кірістім. Әкеме айтуға қысылып жүрдім. Әкем бұл туралы білгеннен кейін: «Шәмшідей жаза алмасаң, босқа шалабыңды шайқама» деді. Бұл мені қайрағаны шығар деп түсініп, болашақтың жүрегінде жаңғырып тұратын ән жазуға тырысып келемін. Менің әндерімнің сөзін Талғат аға (Талғат Мықи) жазып, ол әнші Әбдіжаппар Әлқожаға жетті. Сөйтіп, бір-бірімізді тауып, халыққа сапалы дүние ұсынып келеміз.
Сұхбаттасқан
Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz