Биылғы бірінші тоқсанда қазақстандықтардың орташа айлық жалақысы 285,5 мың теңге болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап хабарлайды.
«2022 жылғы І тоқсанда бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 285433 теңгені құрады», - делінген статистикалық мәліметте.
2021 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда жалақының ең көп өсімі құрылыс (33,7%), мемлекеттік басқару (33,1%), көлік және қоймалау (30,4%), ақпарат және байланыс (26,6%) салаларында байқалған. Білім беруде орташа айлық жалақы 21,7%, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуде 18,1% өскен.
Салалар бойынша ең жоғары еңбекақы:
- тау-кен өндіру және карьерлерді қазу өнеркәсібінде – 619,4 мың теңге (орташа республикалық деңгейден 2,2 есе жоғары);
- қаржы және сақтандыру қызметінде – 521,1 мың теңге (1,8 есе жоғары);
- кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте – 416,4 мың теңге (1,5 есе жоғары);
- ақпарат және байланыс саласында – 415,5 мың теңге (сәйкесінше 1,5 есе).
Ең төменгі жалақы:
- ауыл, орман және балық шаруашылығы қызметкерлерінде – 144,1 мың теңге;
- өнер, ойын-сауық және демалыс саласында – 169,6 мың теңге.
Өңірлер бойынша ең жоғары айлық Атырау облысында белгіленді – 477,9 мың теңге (орташа республикалық көрсеткіштен шамамен 1,7 есе жоғары). Ең төмен айлық – Солтүстік Қазақстан облысында – 203,4 мың теңге (ел бойынша орташа деңгейден 28,7% төмен).