5.05.2022, 21:01
Оқылды: 76

Баспасөз – қоғамдық сананы қалыптастырушы

Бүгін «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Табылғали Сапаров арнайы жұмыс сапарымен Қаратөбе ауданында болып, қалың оқырманмен жүздесті. 

IMG-20220505-WA0130

Баспасөз науқанына байланысты өткен алқалы жиынға аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Кәрелұлы және ауылдық округ әкімдері, аудандағы бөлімдер мен мекеме басшылары қатысты.

Жиынның күн тәртібінде «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Табылғали Сапаров баяндама жасап, облыстық, аудандық газеттердің тыныс-тіршілігі, баспасөз науқанына жазылу мәселелері жөнінде тоқталып өтті.

IMG-20220505-WA0131

Табылғали Сатқалиұлы бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы маңызын айрықша атап өтіп, баспасөздің қоғамдық сананы өзгертудегі ықпалына тоқталды.

– Өздеріңізге мәлім, Жайық жұртшылығына танымал облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттері халықтың талап-тілегін орындауда айрықша қызмет атқаруда. Өзім басшылық қызметке келгеннен кейін газеттің арнайы беттерін ұйымдастырдық. Атап айтқанда, қоғам үшін маңызы зор   ауылшаруашылығы, денсаулық сақтау, балалар әлемі, жастар саясатын қолдау бойынша арнайы беттерді жасақтадық. Одан бөлек облыс жұртшылығы үшін маңызды болған Жайық өзенінің тартылуы жөнінде баспасөз беттерінде мәселе көтеріп,  аталған мәселе республикалық деңгейде шешімін тапты. Бұл да газеттің қоғамдағы маңызды мәселелерді шешудегі мүмкіншілігі орасан зор екендігін көрсетеді. Газеттің қоғамдық сананы өзгертудегі ықпалы жоғары», - деді бас директор Т.Сапаров.

Жиын соңында аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшиев:

– Бұқара санасын өзгертуде баспасөздің рөлі ерекше. Бүгінгі жиында айтылған мәселелер жас ұрпақ тәрбиесі үшін де аса қажетті. Қазір әлеуметтік желілерде оңды-солды пікір жазатын блогерлер көбейіп кетті. Сол блогерлерге арнайы бағыт-бағдар берілсе.

Ауылдық жерлердегі мектеп мұғалімдерінің жетістіктері облыстық газеттерге жарияланып тұрса, ұстаздар еңбегі насихатталар еді. Ұлттық және рухани құндылықтарды газет беттеріне үнемі жариялап отыруды тілшілер қолға алса құба-құп болар еді, - деп өз ұсынысын айтты.

IMG-20220505-WA0132

Айтылған ой-пікірлердің қоғам үшін маңызды екенін атап өткен Табылғали Сапаров ұсыныстар ескерілетіндігін жеткізді.

Жиынға қатысушыларға пайдалы мағлұмат берген мәртебелі мейманға аудан әкімінің орынбасары Ж.Сұлтан жерлестер атынан алғыс білдіріп, оқырмандарды мерзімді басылымдарға жазылуға үндеді.

Әмірбек Әлібекұлы, 

Қаратөбе ауданы 

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале