13.05.2022, 10:14
Оқылды: 45

Түз тағысының тосын қылығы

Жуырда түз тағысы қасқыр тосын мінез танытып, Шыңғырлау ауданы іргесіндегі Шоқтыбай ауылына ымыртта із салыпты. Жай ғана келмей, жайбарақат тірлігімен жүрген 4 ауыл тұрғынына шабуыл жасап, тістеп алған. Адамдардың өміріне қауіп төндірген қасқырдың қылығы шағын ауылға лезде тарап, тұрғындарға төнген қауіптің бетін ауылдағы кәсіби аңшы Мұханбет Ахметов тоқтатқан еді. Тосын хабар жетісімен Мұхамбет үйден аңшы мылтығын ала шығып, көше кезген қасқырды мүлт кетірмей, атып түсіреді.

IMG-20220512-WA0041

Дереу тиісті мекемелерге хабар жіберіліп, ауданнан келген ветаринария мамандары сараптама жасау үшін биоматериал алған. «Шыңғырлау аудандық ветаринариялық станциясы» ММК директоры Жасқайрат Айсиев кез келген шабуыл жасаған жануардан, аңнан зертханалық сараптама алынуы тиіс екендігін, өйткені ауыл іргесіне аңның тектен-текке із салмайтынын алға артады. Жыртқыш аң тістеген аудан тұрғындары құтыруға қарсы егіліп, барлық ем-дом жасалуы тиіс дейді.

Аудандық аурухананың бас директоры Қылыш Жазықбаев ауруханаға жеткізілген 4 адамның бәріне де тиісті ем-дом шаралары белгіленіп, құтыруға қарсы екпе алғанын хабарлайды. 3 ауыл тұрғынының үйлеріне қайтарылып, төртіншісінің ауруханада емін жалғастырып жатқанын жеткізді.

Білікті мамандар аудан аумағында жыртқыш аңдардың ауылдарға келуі соңғы жылдары мүлдем болмағанын айтады. Қасқырлар орман төңірегінде торуылдап жүріп, әлде аштықтан, әлде Ресеймен шекаралас орман арасынан шықса керек деп топшылауда.

Қасқыр аяғынан тістеп алған шоқтыбайлық Якуп Жоламанов оқиғаның кеште болғанын айтады. Кешқұрым есік алдындаотырған ол иттердің шабалана үргенін естиді. Өзінің иттері шығар деп алаңсыз отырған оған бір ақ шулан «ит» тура салады. Алғашқыда түсінбей қалған ол «бұл неғылған бөтен ит» деп аяғын сілкілеп қумақ болғанда тістеп алған. Дереу әйелі екеуі айғай салып, оның ит емес қасқыр екенін пайымдайды. Айғайдан ыққан қасқыр кері қашып, кішкенеден соң аулаға қайтып келеді. Мұны көрген көршісі екеуі қолдарына айыр алып қасқырға ұмтылғанда ол қаша жөнеліп, көше бойында кетіп бара жатқан тағы бір ауыл тұрғынына тісін батырып кетеді. Осылайша қаша жүріп ақ қасқыр тағы да екі ауыл тұрғынын жарақаттаған. Шағын ауылды әбігерге түсірген оқиғаның мән-жайы осындай. Қазіргі күні аудандық ауруханада тиісті ем алып жатқан Якуптың халі жақсы, дейтұрғанмен осы оқиғаға өзінің әлі де таңы бар.

                                                                                      Гүлшат Ибрагимқызы,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале