24.05.2022, 14:45
Оқылды: 35

Конституцияның негізі - азаматтың құқығы

Бәрімізге мәлім Конституция – еліміздің басты құжаты. Одан жоғары заң жоқ. Елімізде 1993 және 1995 жылы Конституция қабылданды. Соның соңғысына жалпы халық дауыс беріп, референдум өткізді. Қабылданған Конституцияға осы күнге дейін 5 рет Парламент арқылы өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

WhatsApp Image 2022-05-24 at 11.54.30

Неге дәл қазір Президент референдум өткізу туралы шешім қабылдады? Ашығынан айтсақ, қазіргі таңда еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жіңішкелеу. Қай-қай саланы алсаң да, қомақты қаржыны талап ететін әрекет қажет. Алысқа бармай-ақ, ауылға көз салсақ, әлі де 1960-70 жылдардағы мектеп, жол, медицина нысандары. Көзімізді әріге салсақ, халық қазынасы – жер қойнауындағы байлық арқылы байыған монополистер.

16-шы наурыз күні Президент тарихи қадам жасады. Қаңтар оқиғасынан кейін елдегі тұрақтылықты, мемлекеттілікті сақтап қалу мақсатында – жаңа саяси бағдар жариялады. Естеріңізде ме, халық ыстық қабылдады емес пе? Бірақ, екінші күні әп-сәтте Президент айтқан «Жаңа Қазақстан» неге құрылмады? Өйткені, әр айтылған саяси бағдар белгілі бір заңмен байланысты. Ол заңды шығарып іске қосайын десе, Конституцияға қайшы. Қазақстандағы ешбір заң (заңнамалық акті) Конституцияға қарама-қайшы болмауы қажет. Сондықтан да, Президенттің саяси бағдарын іске асыру үшін жаңа редакциядағы Конституцияның маңызы зор.

«Неге референдум? Қаншама шығын? Парламентпен қабылдай бермей ме?»деген пікірлер де жүріп жатыр.  Егер осы бағытты ұстансақ, сонда «Жаңа Қазақстанға» қашан көреміз? Мемлекеттің басты құжатына халықтың келісімі болмаса, қолдауы жүрмесе, қалайша жаңа жүйені құрамыз? Дәл осы жерде Президент халыққа үлкен үміт артып, қолдау күтіп отыр. Сондықтан да әр азаматтың даусы маңызды екенін естен шығармасақ.

Енгізгелі тұрған 33 бапқа өзгерістермен 05 маусымға дейін танысып алсаңыздар. Өйткені дауыс берген кезде Сізге тек қана бір сұрақ қойылады. Қабылдап жатырған өзгерістерді қолдайсыз ба, жоқ па деген. Егер де барлық өзгерістерді тізбектеп жазатын болса, бір адамға шамамен 56 бюллетень қажет. Сондықтан да бұл мүмкін емес процесс. Барынша барлық өзгерістер мен толықтыруларды оқып, талқылап, өзіңізге шешім алдын ала қабылдаған жөн болар.

Сонымен, өзгерістер. Құлақты елең еткізгені: ел байлығы – халықтың байлығы. Осыған дейін мемлекеттің байлығы болып саналды.

Халық ел басқару ісіне араласады. Бір мандаттық және  пропорционалдық жүйемен дауыс бере аласыз. Бір мандатпен таңдаған халық қалаулысының қызметіне көңіліңіз толмай ма, қайтарып аласыз.

Президент өз құзыреттілігін мемлекет басқаруға араласатын билік органдарына бөліп жатыр. Сәл ойланып қарасаңыз, қолыңыздағы билік күшін тырнақшада айтқанда қызғанбай, ел дамуы дұрыс болуы үшін, Парламент, сот, атқарушы биліктің мәртебесін көтеру үшін бөліп береді. Біз енді Президенттік республика боламыз. Осыған дейін президентсіз болдық па десеңіз, жоқ керісінше бар билік күші бір адамға тәуелді болды. Оған тарихи, құқықтық баға берілер. Өз уақытында. Президентке қатысты тағы да маңызды тұсы бар. Президенттің жақын туыстары еш саяси мемлекеттік қызмет атқара алмайды. Тыйым салынады.

Конституциялық сот болады. Әр азамат емін-еркін оған өтініш білдіре алады. Келіспейсіз бе, әділ шешім болмады деп санайсыз ба, сізді енді естиді. Әйтпесе, қоғамда сот шешімімен келіспей жүргендер саны қаншама.

Саралап жазсам, әлі де көп. Сондықтан  ең бастысы дегенде тоқталдым. Ел үшін, мемлекеттік мүдде үшін салмақты қадамды бірге жасайық!

Афиза Семғалиева,

«AMANAT» партиясының Батыс Қазақстан облыстық штаб мүшесі 

Тапсырыс беруші: «AMANAT» партиясы қоғамдық бірлестігі 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале