7.06.2022, 11:30
Оқылды: 47

Той басталды Бұлдыртыда...

Бұлдырты жазды тоймен бастады. Азаматтар «Балалар жылына» орай ауылдың сыртындағы белге ақ үй тігіп, ел жинап, ат шаптырды.

IMG_7958

Шараның салтанатты ашылуында Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Салауат Нұрпейісов сөйледі. Кейін ауылдың өнерде озық, оқуда үздік балалары марапатталды. Сәкен Ғарифуллин  – «Үздік шабандоз», Светлана Сағидуллина – «Үздік оқушы», Нұршат Қонысов –  «Үздік балуан», Ұлпан Ихсанова – «Үздік спортшы», Қайырбек Рахман – «Үздік өнерпаз» атанды.

Ауыл қариясы Ержан Ділмұқановтың батасынан кейін, атшабарда аламан басталды. Жарыс жолына әуелі тайлар шықты. Әп дегеннен қара үзген Қособаның тайы «Нұрқасқа» ақыры дара келді. Құнандар жарысының жүлдесін Қаратөбенің қаракөгі жұлып алды. Есболат Бахитовтың «Арманынан» кейін мәреге іле-шала қазталовтық Ахметкереев Жанболаттың «Көктерегі» мен бұлдыртылық Қуандық Берліқожиннің «Саржайлауы» жетті.

IMG_8080

Аламан бәйгеге 12 тұлпар қатысты. Апыр-топыр шабыс басталды. Қиқу-қошеметті сезеді ме екен, жүйріктер халықтың тұсынан өтерде өндіріп шауып-шауып алады. Ел шулап қоя береді. Бапкерлер болса, біресе «Айда!Айда!» деп айқайқа салып, біресе «Шығарма! Қатарласып шап!» деп, шабандоздарға ақыл-кеңес беріп үлгергісі келеді. Бәйге деген осы!

IMG_8061

Аламанның алды болып Шыңғырлаудың сәйгүлігі «Сұңқар» келді. Иесі – Мирас Наурызбаев. Ізінше Қаратөбенің атынан Абзал Ізімқұл қосқан «Байрақ» жарысты аяқтады. Бұл жолы ауданның намысы тағы да Қуандық Берліқожиннің тұлпарына түсті. «Ақаяқ» бәйгенің үшінші жүлдесін ауылға алып қалды.

IMG_8094

Дала қызықтары әрі қарай бала қызықтарымен жалғасты. Балалар өзара белдесіп, қол күрестіріп, жүгіріп, қой көтеріп жарысты. Демеушілер оларға тегін балмұздақ пен сусын таратты.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале