Кеше Тұңғыш Президент атындағы алаңда БҚО полицейлері кәсіби мерекелерін атап өтті. Мерекелік шараға БҚО әкімі Ғали Есқалиев және сала ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Салтанатты жиын БҚО әкімі Ғали Есқалиевтің құттықтау сөзімен ашылды.
Тәртіп сақшыларын төл мерекесімен құттықтаған аймақ басшысы полицияның атқарған игі істерін атай келе:
«Кешегі қаңтар оқиғасында Сіздер ширақ қимылдап, батыл әрекет жасау арқылы – отаншылдықтың шынайы үлгісін көрсете білдіңіздер. Бүгінгі кәсіби мерекеде ерен еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін.
Қазақстан полициясының 30 жылдық мерейтойында біз полицейлерді қолдау шараларын жалғастырамыз. Мысалы, тек соңғы жылда 600-ге жуық бейнебақылау камерасы орнатылды. 80 автокөлік пен жеке құрамды тасымалдау үшін екі автобус алынды. Мұндай қолдау шаралары бұдан әрі де жалғаса береді»,- деді Ғали Есқалиев.
БҚО әкімдігі ел қауіпсіздігі жолында еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлерін қолдаусыз қалдырған емес. Атап айтсақ, 2021-2022 жылдары полицияның материалдық базасын жақсарту мақсатында 300-ге жуық компьютер алынған. Киім-кешекке деп 260 млн.теңге, ал қару-жараққа деп 500 млн.теңге қаржы бөлінген.
БҚО департаментінің бастығы, генерал Махсудхан Аблазимов сөз алып, 30 жылда полицияның жеткен жетістігіне тоқталды. Бүгінде облыстық полиция қызметкерлері қай жағынан да алдыңғы орындардан көрініп жүргенін тілге тиек етті. Полиция сапында өнерлі адамдар да, спорт шеберлері де қызмет атқарып келеді. Олардың қатарында халықты өрттен, судан, қауіп-қатерден құтқарып қалған батырлар да бар. Полиция өкілі үшін кешегі Қаңтар оқиғасы ерлік пен адамдықтың нағыз бәске түскен шағы болды.
«Кешегі қаңтар оқиғасы кезінде БҚО полиция сапы ең үздік жұмыс нәтижесін көрсетті. Оралда бірде-бір адам, ғимарат, автокөлік зардап шеккен жоқ, қираған жоқ. Біздің полицейлер көтерілісшілер арасында болып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алды», - деді Махсудхан Аблазимов.
Полицияның негізгі міндеті – қылмысқа қарсы күресу, қоғамдық тәртіпті сақтау. Өкінішке орай қылмыспен күресу құрбандықсыз болмайды. Осы жолда өздерін құрбан еткен тәртіп сақшылары бар. Ел алдындағы міндетті атқару кезінде қаза тапқан 32 полицейдің ерлігі кейінгі ұрпаққа үлгі. Салтанатты шарада БҚО ПД бастығы Махсудхан Аблазимов сол полицейлердің отбасыларына алғыс айтып, естелік сыйлықтар мен төсбелгілер табыс етті.
Қызмет көрсету кезінде күйеуінен айырылған жандардың бірі - Гүлжамал Мейірманова. Оның күйеуі учаскелік полиция болып жұмыс істеген.
«Жолдасым 2002 жылы қайтыс болды. Мал ұрлығын іздестіру кезінде қаза тапты. Одан бері 20 жыл өтті. Бүгінде ұлым әке жолын қуып, әскери адам атанды. Жолдасым қайтқанда ұлым 4 жаста еді. Бүгін мына кешті көріп, жұбайымды есіме алып толқып тұрмын. Көңілім босап тұр. Полиция департаменті жетекшілігіне рахмет. Мейрам сайын ұмытпайды. Сонау елордаға министрдің қабылдауына дейін бардым. Алғыс білдіремін», - деді Гүлжамал Мейірманова.
Салтанатты жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
zhaikpress.kz