Бөрлі ауылдық мәдениет үйінде «Ауылы ардақтаған ер» атты Бөкей ордасы ауданының «Құрметті азаматы», Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, актер, режиссер, Бөрлі ауылының төл перзенті Нұрлыбай Есімғалиев ауыл жұртшылығы кездесті.
Орта мектепті тәмамдап Алматыға арман қуып барған Нұрлыбай Есімғалиев республикалық эстрада және цирк өнері студиясында халық әртісі Гүлжиһан Ғалиевадан, 1968 жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның кино және театр актерлерін дайындайтын факультетінде, 1968-71 жылдары халық әртісі, профессор Шолпан Жандарбековадан, одан соң Мәскеуде бүкілодақтық киномотографистер институтында Б.А.Бабочкиннің киноактерлерді дайындайтын шеберханасында оқыды. «Қоштасқым келмейді», «Кезікпей кеткен бір бейне», «Шоқ пен шер», «Ән сабағынан төрт», «Жамбылдың жастық шағы», «Қызыл отау» сияқты көптеген фильмдерге түскен. Жарты ғасыр ғұмырын кино саласына арнаған кейіпкеріміз 50 шақты басты рөлді сомдаған екен. Бұл туралы Нұрлыбай аға туған елге келген осы сапарында баяндап берді.
Кіндік қаны тамған жерге актер жан жары Мира ханыммен және екі немересімен келді. Маңызды кеште алдымен сөз алған ауыл әкімі Меңдібай Қитанов «қош келдің» айтып, ауыл тұрғындары атынан алғыс білдіріп, естелікке картина табыс етті. Ауылдық ардагерлер мүшесі Әміржан Қатаев, Әбілхата Сүндетов аталарымыз ізгі тілектерін білдірді. Ауыл азаматы, демеушілік шаралардың үнемі басында жүретін Ержан Зинешов әулет атынан Нұрлыбай Есімғалиұлына ат мінгізіп, шапан жапты, осы үрдісті ары қарай Нағим Тәжімұратов та қостап, ата дәстүрмен сыйлы қонаққа шапан жауып, тұлпар мінгізді.
Шара барысында көгілдір экраннан жерлес актердің әр кезеңде ойнаған фильмдерінен үзінділер көрсетілді. Сонымен қатар экран арқылы Елеу аға Аманов Алматыдан ақ жарма құттықтауын жеткізді. Осы кеште М.Бегалиева атындағы мектеп мұғалімі Светлана Базарбаева мейман ағамызға деген жылы сөздерін айтып, ауыл азаматы үшін аңыз адам болған Нұрлыбай Есімғалиұлына ауыл халқымен кездескеніне алғысын жеткізді. Кітапханашы Данагүл Қапезова дайындаған кітап, мерзімді баспасөз мақалаларынан көрме әзірленіп, көпшілікке таныстырылды. Серік Құлбаев, Орынай Сариева, Мейірбек Қуанышев сынды ауыл өнерпаздары да әннен, күйден шашу шашып, кездесу көркін келтірді. Осы кеште Шыңғыс Ромашев актердің «Шаңдыкөл аспаны» кітабына тоқталып, Нұрлыбай ағаға деген өзінің арнауын оқыды. Нұрлыбай ағамыз да өз кезегінде еліне, туған жеріне деген ыстық ықыласын білдірді. туған жерге жиі келетінін айтты. Кеш соңы «Бөрліге кел, бауырым!» әнімен аяқталды.
Айнұр Әбдірешева,
Бөкей ордасы ауданы,
Бөрлі ауылдық мәдениет үйінің директоры