18.07.2022, 13:12
Оқылды: 11

Жол апаты сегіз ғұмырды жалмады

Бұл туралы бүгін БҚО ПД ЖПҚ бастығы Мирхат Аженов мәлімдеді. Жол апаты 18 шілде күні, түнгі сағат 2:22-де Орал қаласы сыртындағы айналма жолда орналасқан «VenOil» жанар-жағармай құю бекеті маңайында Nissan маркалы автокөліктің кесірінен болған.

бриф

Nissan маркалы автокөлік алда кетіп бара жатқан машинаны басып озбақшы болып қарсы бетке шыққан сәтте Lada маркалы автокөлікпен соқтығысқан.

дтп1

Nissan маркалы машинада бір жүргізуші, ал Lada автокөлігінде 7 адам болған. Оқиға орнында 5 адам тіл тартпай кетті. Екі жасөспірім бала мен Nissan көлігінің жүргізушісі шұғыл түрде ауруханаға жеткізілгенімен, өкінішке орай, олардың өмірін құтқару мүмкін болмады.

дтп2

Lada көлігінде екі жасөспірім бала мен олардың ата-анасы бар еді. Жол апаты салдарынан бір үйдің 4 бірдей адамы қаза тауып отыр. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, Nissan автокөлігі ресейлік нөмірмен жүрген.

-Бүгінде бұл көлікке қатысты ақпараттарды анықтау мақсатында Ресейге сұраныс хат жіберілді, - деді ЖПҚ бастығы Мирхат Аженов.

дтп3

«Lada көлігінде екі әйел, үш ер адам, екі бала, барлығы 7 адам, Nissanда жүргізуші бір өзі болған. Аталған іс бойынша қылмыстық іс тергелуде. Іс - анықтау басқармасының өндірісінде. Сараптама тағайындалды, алдын ала болжам бойынша жол апатына Nissan көлігі кінәлі»,- деді анықтау басқармасының бастығы Ерлан Жақсыбаев.

Жергілікті полиция қызметі жүргізген талдау нәтижелеріне сүйенсек, жол-көлік оқиғаларына көбінесе ресейлік тіркеуде тұрған машиналар себепші боп жатады. Оған қоса көлік жүргізушілерінің салғырттығы басым, жол ережесін сақтамайды, жылдамдықты шамадан тыс асырады, кей жағдайларда масаң күйде көлік жүргізеді дейді полиция өкілдері.

Облыс бойынша 180 мың автокөлік тіркеуде тұрса, соңғы жартыжылдықта 124 жол-көлік апаты тіркелген, салдарынан 40 адам қаза тапқан. 157 адам дене жарақатын алған. Кәмелетке толмаған балалардың қатысуымен 24 жол апаты тіркеліп, 5 бала қыршынынан қиылған. 29 бала түрлі дене жарақатын алған.

Республикалық маңызы бар тас жолдарда тіркелген 31 жол апаты 27 адамның өмірін жалмап, 56 адам дене жарақатын алған.

Қаланың өзінде 76 жол апаты тіркеліп, 10 адам о дүниелік болды.

Полиция қызметкерлері жолда абай болуға, жылдамдықты асырмауға шақырады.

Жанат Көшкінбай,

zhaikpress.kz

Фотолар БҚО ПД баспасөз қызметінен 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале