20.07.2022, 16:30
Оқылды: 348

Оралды қардан тазалау үшін 5 млрд.теңге қаржы бөлінген

Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің БҚО бойынша департаменті залында қоғам белсенділері мен қала әкімдігі және мердігер компания өкілдері қатысқан жиын өтті. Жиын барысында қаланы қыс мезгілінде қардан тазалау мәселесі сөз болды.

антикор

Қыста жолды қардан тазалау мәселесін белсенділер соңғы кезде жиі көтеріп жүр. Осыған орай БҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басқармасы арнаулы мекемелерге мониторинг жүргізген. Талдау нәтижесі қуантпайды. Бір қыстың өзінде аурухананың жарақат бөліміне 2 мыңнан астам адам түседі екен. Ал соңғы үш жылда дұрыс тазаланбаған көшедегі қарда тайып, мұзға жығылып жарақаттанған жалпы саны 7 мыңдай адам дәрігер көмегіне жүгінген.

ант1

Ал Орал қалалық әкімдігі қаланы қардан тазалау үшін үш жылға бюджеттен 5 млрд.теңге қаржы бөлген. Мердігер компания – «Жайық Таза Қала» ЖШС.

Жиынға қатысқан қоғам белсенділері бір ауыздан осынша ақшаға не жасалып жатыр деген сұрақты қойды.

анти2

"Бақсақ, бақа екен" демекші, мердігер компания үш жылға бөлінген 5 млрд.теңге сөз болып па, біздің жұмысымыздың жылдық құны 6 миллиардты құрайды дегенді алға тартты.

«Мекемеде 750 -дей адам жұмыс істейді. Әрі ауыр техникаларымыз бар. Сіздер 5 млрд.теңге деп отырсыздар, бірақ бұл үш жылға бөлінген ақша. Ал негізі норматив бойынша тазаланатын аумақты ескерсек, жылына 6 млрд.теңге қаражат қажет етіледі. Біз тек үш жылға 5 млрд.теңге алып отырмыз. Оның ішінде жаңағы 750 адамның жалақысы, төлейтін салығымыз бар. Келісімшарт жасасқан жылы солярканың құны 125 теңге еді, қазір 240-250 -ге барды. Бірақ біз әлі сол 125 теңгемен жұмыс істеп отырмыз», - деді «Жайық Таза Қала» мекемесінің директоры Ринат Нұрғалиев.

ан3

Мониторинг жұмысын жүргізген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл басқармасы мамандары болса былай дейді:

«Бір ескерер тұсы мердігер компания жасалған жұмыстардың актісін тапсырады, сол арқылы ақша алады. Бірақ сол актілердің анық-қанығын, дұрыстығын кім қадағалап отыр? Мәселен, 100 тонна қар шығарылды дейікші. Сол актіні апарып, ақша алады. Ал шындығында 50 тонна ма, 70 тонна қар шығарылды ма ешкім тексермейді»,- деді БҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Превенция басқармасының басшысы Біржан Хайруллин.

Жиын барысында "Тендерді неге тек "Жайық Таза Қала" ЖШС - і ұтады?", "Неге бәсекелестік орта қалыптастырмаймыз?" деген сауалдар тасталды.

Бұл сұраққа қала әкімінің орынбасары Асхат Құлбаев жауап берді.

«Басқа компаниялар неге тендерге қатыспайды деп отырсыздар. Қалада барлық техникамен жабдықталған, қажетті мамандары толық, бәсекеге қабілетті фирмалар бар ма? Бұл бірінші мәселе, мен ол компанияны ("Жайық Таза Қала" ред.) жақтап отырған жоқпын. Иә, монополияға жол беріліп отыр. Бірақ бәсекеге қабілетті басқа орта жоқ, оны да ескеру керек. Екінші мәселе климат, жолдардың бойындағы ағаштар, бәрі жұмыстың сапасына әкеліп соғады. Мен осы қалада 10 жылдан бері тұрамын. Соңғы жылдары климат қатты өзгеріп кетті. Қыстың күні жауатын жауынның өзі қардың мұзға айналуына әкеліп соғады. Аяқ асты төпелейтін қар тағы бар. Егер сіздер айтып отырған проблемаларды біз көрмейді, шешуге тырыспайды деп ойласаңыздар қателесесіздер»,- деді қала әкімінің орынбасары.

Жанат Көшкінбай,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале