Облыс әкімі Ғ.Есқалиев Қаратөбедегі сапарын Жусандыой - Ханкөл - Шалғын - Қоскөл - Егіндікөл бағытындағы жоғары қысымды газ құбыры желісінің жөндеу жұмысымен танысудан бастады.
Жоғары қысымды газ құбырының басында жөндеу жұмысын жүргізіп жатқан мамандармен дидарласқан өңір басшысы жұмыстың сапалы, уақтылы жасалуын баса назарға алу қажеттігін атап өтті.
Одан соң Ғали Нәжімеденұлы бастаған топ көктемдегі су тасқынынан зардап шеккен шалғайдағы Шалғын ауылына ат басын тіреп, ондағы құрылыс жұмысымен танысты.
Шалғындағы тұрғын үйлердің құрылысының жүру барысымен таныстырған мамандар, барлық жасалған жұмыс пен алдағы атқарылар шаруаларды атап өтті.
Тасқын судан зардап шеккен 23 тұрғын үйдің құрылыс жұмысын «Жиенбай» ЖШС қолға алған. Үй салу жұмыстарының басталғанына бір ай болған. Әзірге салынады деп жоспарланған тұрғын үйлердің 11-інің табаны тартылған. Бір тұрғын үйдің қабырғасы қалануда. Мердігер компания тұрғын үйлердің құрылысын қазан айының аяғына дейін толық аяқтайтындарын айтады.
Облыс әкімімен дидарласқан шалғындық тұрғындар мердігердің құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізсе деген өтінішін айтты. Күз мезгіліндегі жауын-шашынға, күннің суығына қалмай пәтерлеріне кірулерін басты назарында ұстайтындығын жеткізген өңір басшысы Ғ.Есқалиев құрылыс жүргізуші компания басшылығына үй құрылысын уақтылы, сапалы аяқтауға тапсырма берді.
Жұмыс күшін молайтып, қосымша құрылыс бригадаларын жұмысқа жұмылдырып, тұрғын үйлерді қазан айының аяғына дейін тапсыруды жоспарлағандарын жеткізген «Жиенбай» ЖШС өкілдері жергілікті жерден де жұмысшылар алып жатқанын тілге тиек етті.
Жері белгіленіп, құрылысы басталып жатқан 60 орындық Шалғын негізгі мектебінің құрылысы сала басшыларының айтуынша, келер жылдың қаңтар айында аяқтау жоспарланған.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz