«Осындай қайғылы оқиға боларын сезгендеймін. Көзім бір апта қатты тартып жүргізбеді. Әй, Алла тыныштығыңды бер, қайырыңды бер, амандық болсын деп жүре бердім. Осыған көрінген ғой» деп еске алды Еркін Мұханғалиевтің әпкесі Талшын Төлегенова.
Сурет Мұханғалиевтер отбасының архивінен
Талшын Төлегенова өзі дәрігер.
— Інім өте еңбекқор болды. Инстаграмда інім туралы неше түрлісін жазып жатыр. Ол ұл-қыз өсірген әке ғой. Балалары әлі кішкентай. Соларды аямай ма, аяушылық жоқ па? Этика деген болу керек қой, - дейді әпкесі.
Талшын Төлегенованың ұлы үйленгелі жатыр екен. Марқұм кәсіпкер сол тойды «өзім атқарып беремін, ештеңеге араласпаңдар» депті.
– Балам үйленейін деп жатыр. Құда түстік. Қонақтар бәрі тарағанда Еркін келді. Қолында үлкееен букет раушан гүлі бар. Мен бұны қайтесің деп күліп жатырмын. Ол маған қуаныш қой, жақсылық емес пе деп күлді. Екі-үш күннен кейін хабарласып той туралы тағы сөйлестік. Сонда менің үш тәулік болды ұйықтамағаныма деді… Құдалықтан мен бәріне сыйлық бергем. Тек Еркіннің сыйлығы сыйланбай қалып еді. Соны апарып беремін деп жиналып жатқанда, інім туралы қаралы хабарды естідім, - дейді әпкесі Талшын.
– Бұлай боларын қайдан білейік, менің ұлымның тойы өтетін күнге Еркіннің 40 күндік садақасы дәл келіп тұр, - деді көзіне жас алған кәсіпкердің әпкесі.
Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz