12.08.2022, 14:15
Оқылды: 35

Алдағы үш жылда тоғыз мектеп салынбақ

Орал қалалық білім бөлімі берген мәліметке сүйенсек, қалада 48 жалпы білім беретін мектеп пен екі негізгі мектеп бар. Жаңа оқу жылында қала мектептерінде 59 мыңдай оқушы білім алады. Ал жеті мыңдай бүлдіршін биыл 1 сыныпқа аяқ басады.

IMG-20220812-WA0012

Бүгін Орал қаласының әкімі Миржан Сатқановпен кездескен БАҚ өкілдері білім саласына да қатысты бір қатар сауалдар қойды. Басқосуға қатысқан журналистердің тарапынан: "Мешіт құрылысына қатысты сұраққа оралсақ, аталған Зашаған, одан басқа Деркөл және Жұлдыз шағын аудандарында мектептер жетіспейді. Кей мектептерде оқушылар бірнеше ауысыммен оқып жүр. Біз Қазақстан зайырлы мемлекет деп мәлімдейміз, сол мемлекет үшін мешіт салған маңызды ма әлде мектеп салған маңыздырақ па? Біз мешіт құрылысын көбейтуіміз керек пе әлде мектеп салуға басымдылық беруіміз қажет пе?" деген сауал да жолдаған болатын.

Бұл сауалға қала басшысы:

"Мешіт бюджеттің есебінен емес, жамағаттың есебінен салынуда. Қалада үш ауысымды сегіз мектеп бар. Оқушы саны әр жыл сайын 4000-ға артып отыр. Үш ауысымды оқытуды тоқтату үшін, жоқ дегенде жылына 1000 орындық төрт мектеп салуымыз қажет. Қазіргі уақытта 2025 жылға дейін қаламызда тоғыз жаңа мектептің құрылысы жоспарланды. Соның ішінде Балауса, Зашаған, Ескі әуежай, Солтүстік-шығыс аудандарында, қала орталығында да мектептер салынады.

Миржан Мұнайдарұлының айтуынша, мемлекет тарапынан мектеп салу өте қымбатқа түседі. Алдағы уақытта жалпыға білім беру мектептерінің құрылысын мемлекеттік жеке меншік әріптестік арқылы жүзеге асыруға басымдық беріледі. Сондықтан негізгі күшті кәсіпкерлерге салу қажет екенін атап өтті. Ал инвестордың қаражаты сегіз жылдың ішінде қайтарылады.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале