Алматы қаласының олимпиадалық командасы еліміздің ең үздік олимпиадалық командасы атанды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Алматы дарыны» дарынды балалар мен дарынды жастарды анықтау және қолдау орталығы директорының орынбасары Гүлнұр Кәрімғажы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Спикердің сөзінше, өткен оқу жылында Қазақстан құрамасы әлемнің 100-ден астам елдің оқушысы қатысқан математика, физика, география, химия, биология, лингвистика және информатика (JBMO, IMO, IPhO, IGeO, IChO, IBO, ILO, IOI) бойынша 8 престижді халықаралық олимпиада да топ жарды. Нәтижесінде Қазақстан құрамасының мүшелері 33 рекордтық медаль (5 алтын, 17 күміс, 11 қола) жеңіп алды.
Гүлнұр Кәрімғажының айтуынша, дарынды балаларды қолдау, дамыту және әлеуметтендіру өте маңызды. « 20 жылдан астам уақыт бойы Алматы қаласының олимпиадалық командасы халықаралық олимпиадалардың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының ең үздік олимпиадалық командасы болып табылады. Бұл қаланың басты жетістігі мен мақтанышы.
Биылғы оқу жылында республика құрама командасына Алматы қаласынан 18 оқушы қосылып, оның ішінде 11 оқушы 5 күміс, 6 қола медаль иегері атанды»,-дейді ол. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дарынды балаларды қолдау мақсатында биыл алғаш рет халықаралық зияткерлік сайыстардың жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар мен қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алуға гранттар беріледі. Алтын медаль алған оқушыға 1500 АЕК, күміс медальға 1000 АЕК, қола медальға 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйлық беріледі. Мектеп оқушыларын жарысқа дайындаған ұстаздар да біржолғы сыйақы алды.
«Жалпы, Алматы қаласында дарынды балаларды қолдау бойынша бірегей тәжірибе жинақталған. Егер 2021 жылға дейін 56 олимпиада мен байқау өткізілсе, биыл 175-і өтті. Біз балаларды жеңуге көмектесетін оқу-жаттығу жиындарын тұрақты негізде ұйымдастырамыз. Балаларды шетелге шығару жоспарда бар», - деді Гүлнұр Кәрімғажы.