«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі 15 тамыздан бері «Әділдікті талап ет!» акциясын жүзеге асыруда.
Жоба аясында кез келген тұрғын adildik.kz сайтына өтіп шағым толтыруына немесе 1463 нөміріне қоңырау шалып, Қазақстан автожолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау саласындағы жемқорлық туралы ақпаратты хабарлай алады. Акция 15 қыркүйекке дейін жалғасады.
«Әділдік жолы» РҚБ Орал қаласындағы филиал төрағасы Бауыржан Ахметжан әлеуметтік желдегі парақшасында биыл БҚО-да жол жөндеуге 4,2 млрд. теңге бөлінгенін жазған.
«Жаңақаладан Шыңғырлауға дейін 500 шақырым. «АнушҚұрылыс» ЖШС-ы биыл үлгере ме?
«Әділдік жолы» РҚБ-ы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірге көлік жолдары саласындағы «Әділдікті талап ет!» жобасын жүзеге асыруда.
Біз goszakup.gov.kz порталын зерттеп, Жаңақала, Теректі, Бәйтерек және Шыңғырлау аудандарына бардық. Аудан әкімдіктері «АнушҚұрылыс» ЖШС-мен шарт жасаған, бірақ олар мынадай заң бұзушылықтарды жіберген:
Жаңақала кентінің 1 мамыр, Қисыққамыс, Мирманова және Бірлік көшелерін жөндеуге 04.04.2022 жылы 276 млн.-ға шарт жасасқан. Бірақ тек көшелердің бетін қырып қана қойған. Мерзімі 8 ай, оның 5 айы өтіп кетті. Мердігердің 3 айда жолдарды жөндеп аяқтауы белгісіз.
Жаңақала ауданы Көпжасар ауылына дейін 14 шақырым жолды жөндеуге 02.06.2022 жылы 909 млн.-ға шарт жасалған. Мерзімі 7 ай, алайда жөндеу жұмыстары тіпті басталмаған.
Теректі ауданы Айтиев ауылына 1 шақырым кіреберіс жолды жөндеуге 07.02.2022 жылы 157 млн.-ға шарт жасалған. Мердігер жұмысты 3,5 айда аяқтауы керек. Бірақ жолдың беті тек қырылғанымен тұр.
Теректі ауданы Тоқпай ауылына 674 метр кіреберіс жолды жөндеуге 03.02.2022 жылы 110 млн.-ға шарт жасалған. Алайда мердігер бұл жұмысты да аяқсыз қалдырған.
Бәйтерек ауданындағы Октябрьское және Жамбыл елді мекендеріне дейінгі 9 шақырым жолды жөндеуге 16.08.2021 жылы 446 млн. теңгеге шарт жасалған. Мерзімі - 9,6 ай. Шарт бойынша 30% аванс төленген.
Алайда жарты жолдың беті қырылған, тегістелген, Самара-Шымкент трассасынан басталатын жол ескі асфальтпен жатыр.
Шыңғырлау кентінде 1 млрд. теңгеге 19 көшеге асфальт төсеуге (барлығы 4 лотқа бөлген) жасалған 01.03.2022 ж. шарт бойынша міндеттемелер орындалмауда.
Мысалы, Жаңақала кентінің өзінде, Көпжасар ауылында және Шыңғырлау кентінде арнайы техника, жұмысшылар және басқа да қажетті құрал-жабдық алынбаған, құрылыстың нышаны жоқ.
Ал Көпжасар ауылына кіре беріс 0-14 шақырымына орташа жөндеу жұмысы үшін 30 пайыз авансты - 272 813 240 теңгені алған. Дегенмен құрылыс жұмыстары тіпті басталмаған.
Күзгі жаңбырдың жақындап қалғанын ескерсек, барлық ауыл тұрғындарының жанайқайы орынды», делінген Бауыржан Закиұлының парақшасында.
zhaikpress.kz
Сурет: Бауыржан Закиұлының парақшасынан