8.09.2022, 9:30
Оқылды: 35

Заң үстемдігі билікке сенімді нығайтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауын үлкен ынта-ықыласпен тыңдадым. Бұл Жолдауда да аса маңызды әлеуметтік және мемлекеттік мәселелерге ерекше назар аударылып, еліміздің одан әрі экономикалық даму жолдары нақты көрсетілді. Кейбір кемшін тұстарымыз да назардан тыс қалған жоқ. Осы қатарда есірткінің таралуына қарсы күресті күшейту міндеті де бар. Оған себеп есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал тіптен күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Әрі уақыт өткен сайын есірткі бағасы төмендеп, қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджерлер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Жалпы, есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізіліп, осы бағытта елімізде кешенді жоспар әзірлеуге тапсырма берілуінің өзі көп жайды аңғартса керек. Біздің өңірде қылмыстың бұл түрін тергеу полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында. Биылғы жылдың өткен сегіз айында облыс аумағында есірткінің заңсыз айналымына байланысты 177 қылмыс тіркелсе, оның 15-і аса ірі мөлшерде есірткілік заттарды сақтау, 11-і құрамында есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру, 14-і есірткі контрабандасы болды. Мұның сыртында есірткіні жарнамалаудың 2 фактісі анықталды. Сонымен бірге жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында бұл іске қатысы бар 80 адам ұсталып, олардан барлығы 38 кг 282 гр  (марихуана 34 кг 894 гр, гашиш 943 гр, конабис өсімдіктері 912 гр, апиын 0,11 гр, экстракциялық апиын 38,18 гр, синтетикалық есірткі 1 кг  494 гр) аталмыш зат тәркіленді. Бұл бағыттағы жұмыстар Президент тапсырмасынан кейін тіптен күшейетіні кәміл.

аблазимов

Қоғамда өткір тұрған екінші әлеуметтік мәселе – интернет желісіндегі алаяқтық. Біздің көп азаматтарымыз қылмыстың осы бір жаңа түрінен аз зардап шегіп жүрген жоқ. Осы жылдың өткен кезеңінде алаяқтық әрекеттің 256 фактісі  көрініс берсе, оның 85-і интернет алаяқтық болып отыр. Соңғы уақытта қанат жайып келе жатқан бұл «дерт» жайлы бұқаралық ақпарат құралдарында жүйелі түрде түсіндірме материалдар жарияланып, біздің сала қызметкерлері бейтаныс адамдарға сенім артпау қажеттігін айтудай-ақ айтып келеді. Өкінішке орай, әлгіндей жандардың «жемтігіне» айналушылар қатары азаймады. Ендігі жерде азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын жүйелі түрде арттыру міндеті қойылуы да сондықтан болса керек.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесінің қоғамда көптен бері талқыланып келе жатқанына да тоқталды. Егер үй ішінде ойран салатындар қатаң жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кететінін, жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалатындығын, сол үшін жазаны күшейтетін мезгіл келгендігін ескертті. Біздің департамент жанынан әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөнінде арнайы топ құрылып, инспекторлардың телефон нөмірлері ПД-ның барлық әлеуметтік желілеріне жүктелгенін айта кетелік. Күні кеше Орал қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына кешенді көмек көрсету жөнінде тағы бір орталық ашылды. Ондағы мақсат – бір жерде бірыңғай медициналық, әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек қолын созу. Аталған орталықта психолог, тергеуші және медициналық сарапшы үшін жеке бөлмелер жасақталған. Бұл жерде алдымен жәбірленушілерге психологиялық қысымға ұрынбау жолдары жан-жақты түсіндіріледі.

Иә, Президент Жолдауының күздің алғашқы күні жариялануы да кездейсоқтық емес, ол Парламент үшін де, Үкімет үшін де жаңа жұмыс маусымының  соны індеттері іспеттес. Әрі бұл жолы да Мемлекет басшысы халықтың көкейіндегі түйіні тарқамаған кейбір түйткілді жайларды дөп басты. Соның бірі Қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетіп, бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдауы дер едік. Десек те, соңғы кезде аса қатыгездікпен жасалатын ауыр қылмыстардың көбейіп бара жатқаны да назардан тыс қалмады. Ондайларға жазаны қатайту әрі шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды доғару арқылы осынау қауіпті үрдістің тамырына балта шабу керек деді Президент.

Әрі Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстер мұқият сараланып, конституциялық реформада көзделген институциялық өзгерістің бәрі осы жылдың соңына дейін заңмен бекітіліп, аяқталатын болды. Осы қадамның бәрі біздің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» атты басты формуламыздың біртіндеп жүзеге асып келе жатқанының нақты көрінісі. Енді сөзіміздің жиегін Жолдауда айтылған мына бір жолдармен көмкеруді жөн көрдік: «Әділетті Қазақстан құру ісі енді ғана басталды. Алдағы жолдың қиындығы көп. Бұл бағдарымыз ешқашан өзгермейді, ішкі және сыртқы ахуал қандай болса да жалғаса береді. Қол қусырып отыратындар мен қасақана кедергі жасайтындарға орын жоқ.

Біз таңдаған жолымыздан айнымаймыз. Қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет. Ел ішіне іріткі салған және заң бұзуға шақырған адамдар қатаң жазадан құтылып кетпейді».

Махсудхан Аблазимов,

облыстық ПД-ның басшысы, полиция генерал-майоры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале