8.09.2022, 17:45
Оқылды: 62

Биыл елімізде рекордтық 17 млн. тонна мұнай өнімдері өндіріледі

Биыл елімізде 17 миллион тонна мұнай өнімдері өндіріледі. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

220803194024884e

Мемлекет басшысы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жанар-жағар май нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін қабылдап жатқан шаралары туралы есепті тыңдады.

Компания басшысының мәліметіне сәйкес, биыл Қазақстанда 17 миллион тонна мұнай өнімдері өндіріледі. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

Шымкент және Атырау мұнай өңдеу зауыттарындағы жоспарлы жөндеу жұмыстарын кейінге шегеру жөнінде шешім қабылданды. Бұл ішкі нарықты қосымша 150 мың тоннаға дейін дизель отынымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы 100 мың тоннаға дейін дизель отынын импорттайды.

Мағзұм Мырзағалиев «ҚазМұнайГаздың» мұнай-газ химиясы саласындағы жобаларының жүзеге асырылуы жөнінде баяндады. Қазіргі уақытта Атырау облысындағы полипропилен өндіретін зауытты іске қосу жұмыстары аяқталды. Кәсіпорын бір айдың ішінде іске қосылады деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Президентке полиэтилен және бутадиен өндірісіне қатысты жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы да айтылды.

Мемлекет басшысына Каспий құбыр желісі консорциумының теңіз терминалындағы қазіргі ахуал жөнінде мәлімет берілді. Мұнай танкерлерге тұрақты түрде құйылып, кестеге сәйкес жөнелтіліп жатыр.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қатысты бірқатар тапсырма берді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале