Бүгінде шаһардың полиция басқармасына Аяғанов Сағындық Күзембайұлы басшы болып келіп жатыр. Жаңа басшының қызметіне кіріскеніне айдан сәл асты.
Жаңа басшыдан жағдай түзелер ме екен?
Сағындық Аяғанов 25 жылдан бері ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес саласында жұмыс істеген жедел уәкіл.
Мамандығы заңгер. Полиция полковнигі. Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Үштаған ауылында 1977 жылы дүниеге келген.
Алғашқы қызметін 1997 жылы Маңғыстау облысында Жол полициясының аға инспекторлығынан бастаған.
Ұзақ жылдар Маңғыстау облысында, Ішкі істер министрлігінде ұйымдасқан қылмысқа қарсы жедел уәкіл болып жұмыс істеген.
Оралдағы қызметіне дейін Алматы қаласының Полиция департаменті есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарған.
Отбасылы, бала-шағасы бар.
«Мақсат – қоғам қауіпсіздігін нығайту»
«Басты күшті қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға жұмсайтын боламыз. Қала тыныштығын күзету - басты мақсат. Орал қаласында 40 шақты алкомаркет жұмыс істейді. Олар түнгі уақытта алкоголь сатады. 8 айда тіркелген қылмыстарға талдау жасап шықтым. 70 пайыз қылмыс ішімдік ішіп жасалған. Ол қоғамға, адамдардың тыныштығына үлкен кедергі келтіріп отыр. Салдарынан тонау, ұсақ бұзақылық қылмыстары өсіп отыр. Алдағы жоспарымыз - алкомаркеттердің жұмысын реттеу»,- дейді Сағындық Аяғанов.
Айта кетейік, шаһардың Полиция басқармасын бұған дейін Нұрлан Бисенов басқарған еді. Ол қазір БҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары қызметіне тағайындалған.
Жаңа басшы туралы ұзынқұлақтан жеткен әңгіме бүй дейді:
Сағындық Аяғанов қызметтік жылдарының негізгі уақытын экстремизм мен терроризмге, наркобизнеске қарсы ұйымдасқан қылмыс тобына арнаған опер.
Егер осы сыбыс рас болса, біздегі ахуал күрделі дегенді білдіре ме... Әлде жәй сәйкестік пе?!
Жанат Көшкінбай
zhaikpress.kz