13.09.2022, 10:45
Оқылды: 84

Ұстазға мың тағзым

Ел аузында «Тәжірибе тарланы» атанған ұлы ұстаз Ғұмар Айтқалиұлы Салықовтың туғанына биыл 120 жыл толғалы отыр.

7

Жаңақала ауданына қатысты Жаңақазан ауылындағы М.Жүнісов атындағы орта мектепте ХІХ ғасырдың 50-жылдарында зор құрметке ие болған майталман ұстаздар тобы жұмыс істеді. Солардың бірі Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, облыс мұғалімдерінің арасында бірінші болып Ленин орденімен марапатталған, Жаңақаланың шөлейтті құмайт жерін жасыл лабораторияға айналдырған ұлы ұстаз Ғұмар Салықов еді.

8

«Ұстаз тағылымы» кітабынан алынған мәліметке қарағанда, 1954 жылы   мектеп бағдарламасына политехникалық оқуды енгізіп жатқан алғашқы жылдардың бірі болса керек. Жаңа жоғары талап негізінде материалдық-техникалық базасында еңбек сабағын оқыту міндеті алға қойылды. Бұл міндетті орындауда әрбір мектеп ұжымы өзінің оқу-өндірістік жоспарын қайта құрып, игілікті бастаманы өмірге енгізуге аттанды. Осы мақсатта биология пәні мұғалімі Ғұмар Салықов мектеп директорымен кеңесіп, ақылдасып, оқу тәжірибе учаскесін ұйымдастыру керектігін айтады.  «Ұзағынан болсын, мынауыңыз жан баласы білмеген жаңалық, жаңа іс екен, іске сәт» дейді директор. Бұл, шынында да, ауыл адамдары, мұғалімдер, оқушылар үшін үлкен жаңалық болды.

Жаңақазан ауылының табиғаты мен шежіресін бүге-шүгесіне дейін білетін Ғұмар аға 1955 жылы мектеп жанынан оқу-тәжірибе учаскесін ұйымдастыруды қолға алып, ауылдан бір жарым шақырым қашықтықтағы қар суы көбірек жиналатын көгалды алаңнан 1,5 гектар жер алады. Суды сатып алып отырған ауылда, жота-жота болып кесілген шөлейтті нарын құмның етегінде бау-бақша өсіп, одан өнім алынады дегенде алғашқыда ешкім сене қоймаған. Тіпті ауылдың кейбір ақсақалдары: «Бұл жердің шөлейттігі соншалық, егін егіп ағаш отырғызбақ түгілі, жылма-жылғы малдың шөбі көктесе қалай» дегендей әңгіме айтады. Ал ондай сенімсіздік оқу-тәжірибе учаскесін ұйымдастыруды міндетіне алған тәжірибелі ұстаздың ойына кіріп те шыққан жоқ.

Ғұмар ата айтқанынан қайтпай, балалармен тез арада тіл табысып үлгереді. Бейнетсіз еңбектің зейнеті болмайтындығын түсініп, оқушылар сабақтан кейін  ауылдан қашық бір шақырымнан астам  жерден шелекпен жаяу көң тасып, жерін тыңайтып, өнімдерін егіп, шелекпен тасып суарып, қолмен тереңдігі 10-14 метр құдық қазып,  жергілікті малдан қорғау үшін арық аршып, түйе өте алмайтын  ұзындығы 7 км, ені 2,5 метр шұңқыр қазатын.  Осындай  қиындықтарға мойымай, оқушылар төзімділік көрсеткен. Ал ұстаз болса, агротехникалық іс-шараларды жүзеге асыруға басшылық етіпті.

9

Оқу-тәжірибе учаскесінің топографиялық жоспары жасалып, оқушылардың жас ерекшелігіне қарай, бастауыш кластар, тәжірибе бөлімі, он танапты ауыспалы егіс бөлімі, коллекция, дендрарий, парни және көшет өсіру, гүл өсіру бөлімі және жұмыс жүргізу алаңы болып бөлінеді. Сонымен қатар оқушылар фенологиялық бақылау жұмыстарын жүргізеді. Орда шаруашылықтарынан, Орал қаласының жанындағы плодопитомник совхозынан 300 түп әр түрлі жеміс-жидек ағашы – көктерек, қа-
ра жидек, шырша, қайың, сексеуіл, емен, верба, ясень, шие, қарағай, жылауық тал, итмұрын, үйеңкі, қызыл тал, жиде, алма түптері және басқа да ағаш түрлері отырғызылады. Топырақтың құнарлылығын арттырып және сумен қамтамасыз еткен жағдайда жеміс-жидек ағаш түрлерінің қандайын болмасын отырғызып өсіруге болатындығын тәжірибе арқылы дәлелдеп берді. Осыдан кейін ауыл тұрғындары мен аудан совхоздары Ғұмар атаның тәжірибесін түгелдей қолдап, ағаш отырғызу жұмысымен шұғылдана бастады.

Бұрын-соңды біздің жағдайда ешқашан өсірілмеген жүгері, судан шөбі, беде, сорго, канатник, бұйра зығыр және басқа да дақыл тұқымдарын егіп-өсіріп, мол өнім алып, іс жүзінде аудан совхоздарына үлгі ретінде көрсетіп отырған. Ал Ғұмар ата мектептен сабақ беріп шығысымен қолына кетпені мен қайласын алып, бақшасына баруға асығады екен. Күзде Ғұмар ұстаз бен мектептің мичуриншілері күтіп баптаған бау-бақшасының өнімдерін көргенде, әу бастағы күдік айтушылар, сенбегендер ұялғандарынан кешірім сұрап, көмектесуді өтінген.

Көктемде егілген дәнді дақылдардың әр гектарынан мол өнім жинаған. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, оқу-тәжірибе учаскесі лезде жасыл желекке айналды. Оқушылардың шын ниетімен еткен еңбек көрсеткіші көпшілікті тәнті етіп, бір жылдың ішінде даңқы ауданнан асып, облыс көлемінде тарай бастады. Биология пәнінің қатардағы мұғалімі Ғ. Салықовты әріптестері мен ауылдастары үлкен жаңалық ашуымен, жетістіктігімен құттықтап, Жаңақала өңірін «Жасыл лаборатория» деп атай бастады. Оқу-тәжірибе учаскесінен алынған үлгілері, гербарийлер коллекциялары көрмелерге жіберілді. Көрме комиссиясының шешімі бойынша сол кездегі  С. Киров атындағы орта мектептің жас мичуриншілері ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Учаскенің жетекшісі Ғ.Салықов Қазақ КСР Оқу министрлігінің Құрмет грамотасын иеленді. Көрме тарапынан көрсетілген құрмет пен қамқорлық  мектептің жас мичуриншілерінің мерейін тасытып, ынталы іске бұрынғыдан да жігерлендіре түсті.  Жазғы демалыста  мектеп оқушылары бригада, звено құрып оқу-тәжірибе учаскесінде құлшына еңбек етуді әдетке айналдырып, жайқалып өскен бау-бақша жанынан пионер лагері ашылып, одан сайын кең өріс алды.

Өсімдіктану практикумы болмайтын қыс айларында оқушылар егістік жерге қар тоқтату, тұқымды себуге даярлау, тынайтқыштар жинаумен шұғылданды. Мектептегі биология кабинетінде учаскеден алынған өнімдердің түрлері, гербарий коллекцияларымен толықтырылып, жабдықталып сол кездегі ең үздік кабинет болды. Оқу-тәжірибе учаскесі лабораторияға айналса, биология кабинетін жасыл музейге айналдырған. Сол себепті биология пәнінен  өткізілетін әр сабақ өмірмен, жергілікті жердің табиғатымен байланысқан түрде, көрнекі құралдарды мол пайдаланып, мазмұнды да қызықты, әрі тартымды өткізілді. Туған өлкенің табиғатын зерттей
отырып, жәндіктер мен өсім-діктер түрлерінің коллекцияларын, гербарийлер жасап жыл сайын кабинетті тек көрнекі құралдар сақтайтын орын емес, лабораториялық музей етуге тырысқан. Оқушылар бойында табиғатта болып жатқан құбылыстар мен өзгерістерді материалистік тұрғыдан түсіну санасын қалыптастырды.

Талмай еткен еңбектің арқасында 1956 жылы аталмыш учаскеде барлығы 1421 центнер өнім алынып, оқу-тәжірибе учаскесі тәжірибе тарататын үлкен орталыққа айналды.  Өнімдерін сатып, одан түскен қаражатына жерін кеңейтіп, қосымша үй құстары мен қояндарын өсірді.

...Бірде Ғұмар ұстазға ташкенттік студент  Гайсинадан конвертпен мақта тұқымдары келеді. Мақта тұқымдары бірден жылы жерге күтімге алынады, себебі мақта жылылықты сүйеді. Күн артынан күн өтіп, тұқымға жан бітіп түтіктене бастайды. Уақыты келгенде тұқым тыңайтылған жерге отырғызылады. Көп ұзамай тұқымның сабағы шығып 40 см биіктеп өсті. Әр сабақтан тараған жіңішке бұтақтары гүл ата бастады. Гүлден кейін түйіндер, жеміс қорапшалары пайда болды. Күз түсе әлгі қорапшалардағы мақта бір бөлек жиналып алынды. Кәдімгі аппақ ғажайып мақта Жаңақала жерінде өсіп-өнді. Қашанда жаңалыққа жаны құмар Ғұмар ұстаз құм өңірінде енді мақта өсіріп, оның әр гектарынан 20 ц өнім  алып, тағы бір жаңалық ашады.  Ол Батыс Қазақстанның суық аймағында да мақта өнімін алуға болатындығын тәжірибесімен дәлелдеп берді. Сөйтіп, мақта өнімінен экспонат даярланып, облыстық ауыл шаруашылығы көрмесіне жіберілді. Осы жолы Ғұмар ата көрменің бірінші дәрежелі дипломын иемденді. Ұстаздың адал еңбегі жоғары бағаланып, Мәскеудегі бүкілодақтық ауыл шаруашылығы (ВДНХ) көрмесіне қатысуға жолдама алды. Онда өзімен бірге оқушыларын да ала барды. Еңбек дәмін татып, мәнін түсінген шәкірттері де ауыл шаруашылығы көрмесінің мақтау қағаздары мен арнайы куәліктеріне ие болды.

Оқушылар биология пәнінен алған білімін тереңдетіп қана қоймай, Жер-ананың игілігін игеріп, оның байлығының тіршілік көзі екенін жете сезінді. Ғұмар селекционер шөлді, құмды аймақты ботаникалық бақ жасап, жер өңдеудің агротехникалық жүйесін  қолданып, органикалық және минералды тынайтқыштардың тиімділігін зерттеді. «Қалауын тапса, қар да жауады, жердің берері көп, тек бабын, көзін таба білу керек» депті ұлы ұстазымыз.

Бойындағы бар күш-жігерін  сарқа жұмсаған ұстаз ел ішінде «Тәжірибе тарланы»  атанды. Ғұмар Салықовтың ұзақ жылғы еңбегі жоғары бағаланып, облыс мұғалімдерінің арасында 1960 жылы алғашқы болып, Ленин орденімен марапатталды.

«Ғұмар селекционердің біздің жерімізде мақта өсіруі, бірнеше жыл тұрақты өнім алуы, Ақ Жайық өңірінде «Американың ашылуы» еді» деп тебіренген марқұм, шәкірті, ғалым-әдебиетші С.Шарабасов. Сондай-ақ ол ұстазымыздың нарын құмының қып-қызыл шағылына жап-жасыл бақ орнатқан ерлігі ұлы ұстаздар Әл-Фараби, Ы.Алтынсарин, С.Көбеев еңбектерімен пара-пар екендігін «Бұл еңбекті жас ұстаздар, жас ұрпақтардың білуі қажет» деп үнемі айтып жүріпті.

10

Жас ұрпаққа сапалы білім беруде қай пәнде болсын, тек теориялық нұсқаумен шектелмей, Ғұмар ата сияқты оны өмірмен, туған өлкемен, білікті тәжірибемен де ұштастыра білуіміз қажет.

Ғұмар Айтқалиұлының қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбектерін ескеріп, үнемі ардақтап жүру – біздің  борышымыз. Еңбекқор ұстаздың өмірден өзі кеткенмен, артында қалған еңбек жолы ғасыр жасамақ.

Гүлнәр Сидыханова,

М.Жүнісов атындағы орта мектептің мұғалімі,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале