19.09.2022, 10:30
Оқылды: 44

Жергілікті өнімдер шетелге экспортталмақ

Сәрсенбіде Орал қаласындағы «Фазенда» мейрамханасында  «Бір  ауыл  – бір өнім» жобасының  облыстық кезеңі өтті. Жәрмеңке-көрмеге облыстағы 50-ден астам кәсіпкер, қолөнермен айналысып жүрген тұрғындар қатысты. Сән-салтанаты келіскен көрмеге облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, JICА жобасының сарапшысы Акихиса Харагучи, Қырғыз Республикасындағы «Бір  ауыл  –  бір  өнім» жобасының жетекшісі Наргиз Эркинбаева және осы саланың мамандары қатысты. Бұл жоба елімізде 2021 жылғы 12 қарашада іске қосылды. Содан бері төрт өңірде  –  Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында ұйымдастырылып келеді. Жоба ауыл тұрғындарын бизнеске тартуға және өндіріс орындарын ашуға бағытталған.

98c5c47a-97d7-45aa-a080-4473ecd058db

Алдымен, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Мақсотов іс-шараның мақсат-міндетін таныстырды. Оның айтуынша, жоба биыл облыста наурыз айынан бері «Атамекен» ҰКП-ның бастамасымен  жүзеге асуда. Үш ай бойы өңірдегі елді мекендерде көрмелер өткен. «Бұл басқосуға кәсіпкерлер, қолөнершілер ауылдық жердегі шикізаттардан өндірген тағамдарын және жасаған бұйымдарын әкелді. Біз, ең алдымен, көрмедегі жобалардың тең жартысынан астамын халықаралық деңгейде бренд ретінде шығару үшін жұмыстанамыз. Ол үшін сарапшылар сапалы да пайдалы өнімді таңдап алады», – деді палата директоры. Ал облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ляна Тұрсынова өңірдегі тауар өндірушілердің әлеуетін анықтап, бизнестің даңғыл жолына жетелейтін жобаға қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Жоба ұлттық кәсіпкерлер палатасының және жергілікті іскер әйелдердің қолдауымен өтіп жатыр. Халықаралық сарапшылар төрт облыстың ішінде алғаш рет біздің өңірге келіп отыр. Әрине, облыста, республикада түрлі бағдарлама іске асуда. Алайда бұл жобаның маңызы да, талабы да бөлек. Жапониядан, көршілес Қырғыз елінен келген сарапшылар өнімдерді бағалайды. Мен біздің өңірде табиғи өнімдерден жасалған тауарлардың дүниежүзіндегі нарықтан орын алатынына сенімдімін. Істеріңізге береке, сәттілік тілеймін, – деді Арман Өтеғұлов.

Көрмедегі ою-өрнекті көрпе-көпшіктер әдемілігімен көз тартады. Қазақы нақыштағы қыз жасаулары да ерекше. Осындай тұрмысқа қажет дүниені жасап әкелген жанның бірі – Тасқала ауданына қарасты Ынтымақ ауылдық клубының меңгерушісі Күміс Есқалиева.

«Қолөнер, соның ішінде құрақ құрау – анамнан қалған мирас. Үш жылдан бері қыз жасауын дайындаймын. Сұраныс өте көп. Құрақ құрау өнері жаңғырып, жақсы дамып келеді. Бұл ісіме төрт қызым мен келінім көмектеседі. Жастарға, қыз-келіншектерге тегін шеберлік сағатын  өткіземін. Болашақта аудан орталығынан жеке кәсібімді ашқым келеді», – дейді ісмер. Ал Ақжайық ауданының Тайпақ ауылынан келген Ләззат Жарылғасова қолдан тігілген сөмкелер, тіпті аяқ киім мен доп та әкелген. Велюр матадан тігілген доп холлофайбермен томпиып тұр. Құрақ көрпе секілді сәнді көрінетін сөмкеге дак матасын пайдаланыпты. Қызылды-жасылды жіптен тоқылған аяқ киімдер де көздің жауын алады.

– Өнімдерді бағалағанда, кеткен шығынды есепке аламын. Мысалы, бір тәпішкенің табанын, жібін, еңбегімді есептеп, үшке көбейткенде, бағасы шығады. Бір аяқкиім 5-6 мың теңге тұрады. Ілкіде тек көрпе, қыздарға жасау жасап едім. Уақыт өте келе, өнімдерімді түрлендіргім келді. Жіп, маталарды Алматыдан тапсырыспен алдырамын. Ал жүнді ауылдастарымнан келісін 500 теңгеден сатып аламын, – дейді Ләззат Николайқызы.

Орал қаласындағы «Текемет» студиясының бас маманы Тоқжан Бабиева  серіктесі Салтанат Құспаева екеуі көрмеге қазақтың ою-өрнегімен сәнделіп, заманауи техникамен өңделген картиналар әкеліпті. Кәсіпкердің айтуынша, ең танымал бұйымдары – шежіре бедерленіп жазылатын тақталар.

– Шежіре қазақтың генетикалық тазалығының кепілі ғой. Қазақ ұрпағына жеті атасын үйрететін тәрбиелік дәстүрді берік ұстанып келеді. Біз осы дәстүрді біріншіден, көркемөнер әдісімен, екіншіден, заманауи интерьер арқылы насихаттаймыз. Осылайша, атадан балаға жалғасып келе жатқан дәстүрдің сақталып, жалғасын табуына үлес қосып келеміз деп ойлаймын. Туындыларымызды Қазақстанның түкпір-түкпіріне шығарып жатырмыз. Сұраныс көп. Жақында шетелге де экспорттай бастадық. Бүгінгі көрмеде Акихиса Харагучи мырзаға біздің техникамыз, стиліміз және композициямыз ұнады. Ол «Бір ауыл – бір өнім» жобасының дамуына үлес қосуға шақырды. Яғни киізден бұйымдар жасайтын қыз-келіншектерге дизайнерлік көмек көрсетеміз, – деді кәсіпкер.

Көрме-жәрмеңкедегі тағы бір ерекше көзге түскен нәрсе ұлттық тағамдар болды. Мысалы, Бәйтерек ауданының Белес ауылынан келген Гүлбақыт Қуанышқалиева жентті шоколад қосып дайындайды. Өзінің рецептісімен женттің төрт түрін дайындайды. Ол 2019 жылы 2 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант ұтып алған. Содан бері осы кәсіппен айналысып келеді. Шағын цехында бір көмекшісі бар. Қазір өнімдерін еліміздің басқа қалаларына да жеткізіп береді. Болашақта кәсібін кеңейтіп, өнімін патенттеуге ниетті. Автоматтандырылған құрылғыларға қол жеткізуді жоспарлап отыр.

– Бұл жоба сырттай қарағанда қарапайым көрінгенімен, маркетинг саласына қатысты терең білімді қажет етеді. Себебі өндіріс жоғары деңгейде, өнім өте сапалы болуы керек. Қырғызстанда бұл жоба 13 жылдан бері жүзеге асып келеді. Онда ауылда өндірілген өнімдерді экспорт­тайды. Жоба аясында біздің аудан-ауылдардағы шикізаттан өндірілетін өнімдер де шетел нарығына шығатындай болуы керек. Ал бұл өте ауқымды жұмысты талап етеді. Акихиса Харагучи мырза әрбір кәсіпкермен сөйлесіп, оларға идея ұсынып, технологияларын жетілдіруге кеңес берді. Мысалы, Қырғызстанда қызылшадан құрғақ ұнтақ жасайды. Одан «Бұл не үшін керек?» деп сұрағанда, ол Амазонда бұл ұнтақтың 100 грамы 18 доллар тұратынын айтты. Ал біз неге осындай өнімді жасай алмаймыз? Сондықтан қыз-келіншектер жасайтын бұйымдардың, дайындайтын өнімдердің сапасының артуына мүдделіміз. Өнімнің сапасы жоғары болған сайын, қымбатқа сатылады. Бұл оларға экономикалық жағынан еркіндік сыйлайды. Жобаның негізгі мәні де осында. Жапондық сарапшы жоба барысында экспортқа шығаруға үш жыл бойы дайындайтын өнімдерді, тауарларды анықтайды. Ауылда өндіріс орындарын ашқысы келетіндер бар. Сондықтан кәсіп бастағандарға қалай жұмыс істеу керектігін үйретіп, тауарларын нарыққа шығаруымыз керек, – деді «Атамекен» ҰКП республикалық конкурстарды өткізу жөніндегі басқарма жетекшісі Салтанат Әбдікәрімова.

JICА жобасының сарапшысы Акихиса Харагучи мырза көрмеге келген кәсіпкерлердің, қолөнершілердің әрқайсысымен жеке-жеке сөйлесті. Әр бұйымымен, өнімімен танысты. Қаумалаған кәсіпкерлердің ортасында тұрған сарапшымен сөйлесу оңай болмады. Тек бір қалтарыста Харагучи мырзаның «Көрмеге келгендердің әлеуеті жоғары. Ең бастысы, қыз-келіншектердің кәсіппен шұғылдануға деген ынта-ықыласы өте зор. Екіншіден, дизайнерлік талант мықты. Сондықтан қолөнершілердің кейбіреуін ортақ іске біріктіру керек деп ойлаймыз. Мысалы, мықты дизайнердің өнерін киіз бұйымдарын жасағанда пайдалану керек» деген  пікірін  естіп  үлгердік.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасын жапондықтар өткен ғасырда қолға алған. Осы жоба арқылы ауылдарын дамытыпты. Жұмыс орындарын ашқан. Сондықтан аталмыш жобаға көптеген елден сұраныс түскен екен. «Олардың ішінде Қырғызстан да болды. Қазір біздің елде жоба аясында өндірілген өнімдер Жапонияға, Америкаға экспортталады. Ең бастысы,  өнімдер жергілікті тұрғындарға пайда әкелуі керек. Әрине, өте сапалы болуы қажет. Сіздің өңірде қарбыз өсірумен танымал болған ауыл бар екен. Акихиса Харагучи мырза Тайпақ ауылындағы қарбыздан дайындалатын  бал, тосаптардың әлеуетін жоғары бағалады. Алдағы жылдан бастап бұл жоба Орталық Азия елдеріне тарайды. Қазақстанның өзге аймақтарын да қамтиды», – деді Қырғыз Республикасындағы «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жетекшісі Наргиз Эркин­баева.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале