29.09.2022, 19:59
Оқылды: 32

Бөкей ордасы ауданында ХХХІ-ші конференция өтті

Бөкей ордасында "AMANAT" партиясы аумақтық филиалының кезекті конференциясы өтті. Аталмыш партияның аудандық филиалының төрағасы Нұрлыбек Даумов конференцияға төрағалық етіп, атқарушы хатшы Исатай Құрмашев баяндама жасады. 

IMG-20220929-WA0127

- Күні кеше бастауыш партиялардың он бір жиыны өтіп, саяси тұғырнамамен таныстырылып, ұсыныстар жолданды, бүгінгі конференцияға делегаттар сайланды. Ұсыныстарға тоқталып кетсем, "Біздің басты байлығымыз - адам" деп аталатын тараудың "Халық саулығы" бөлімі бойынша экологиялық апатты аймаққа ерекше көңіл бөлуді, "Азаматтық қоғам - дамудың кепілі" тарауының "Жастар - ел болашағы" бөліміне ауыл жастарына арнайы бағдарлама жасақтауды ұсынып, "Мемлекет және біз" тарауы бойынша шекарадағы аудандардың дамуына басымдық берілуі қажет деп ұсыныс айтып отырмыз.

IMG-20220929-WA0128

Партия мүшелерінің берген ұсыныстары ескеріліп, саяси құжат ел дамуының бағыт-бағдарына айналады деген ойдамын, - деді Исатай Құрмашев.

IMG-20220929-WA0126

Аудандық мәслихат хатшысы Лариса Қайырғалиева бастауыш партия ұйымдарының жұмысына көңілі толмайтынын, партия мүшелерінің ұсыныс айтып, елдік мәселелерді көтеруге самарқау екенін айтты.

- Ауданымызда бас ауыртар мәселе жетерлік. Неге желдің өтінде, жердің шетіндегі ауданымыздың экономикалық - әлеуметтік дамуына басымдық беруін талап етпейміз? Неге мәселе көтеруге самарқаумыз? Бастауыш партия ұйымдарының басқосуларын әнебір белсенділікпен өтті деп айта алмаймын. Елдік мәселелерді үкіметтің назарына ұсына берейік, қайталап айтудан қашпайық. Бәрі бірден болмаса да, бір-бірлеп іске асары анық қой, - деді ол өз сөзінде.

Аудандық мәслихат депутаты Райымбек Құрманғазиев:

- "Отбасы банкінің" шарттары жастарға да тиімді болса екен. Жас отбасының баспана алу мүмкіндігі күннен күнге азайып барады. Тағы бір айтайын дегенім, қандай ма бір бағдарлама бекітілетін болса, бірінші кезекте көпбалалы отбасыларына жеңілдік беріледі. Құптарлық жайт, берілсін. Екінші жеңілдік толық емес отбасыларға ұсынылады. Сол жеңілдікке ие болу үшін ерлі-зайыптылар қағаз жүзінде ажырасып, пайдаға асырып қап жатыр. Осындай жеңілдіктер неге толық отбасына да жасалмасқа? - деп түйткілді мәселені тілге тиек етті.

Күн тәртібіне сәйкес партияның облыстық конференциясының делегаттары сайланды.

Ұлпан Әнуарқызы, 

Бөкей ордасы ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале