1.10.2022, 9:49
Оқылды: 66

Экология министрі БҚО тұрғындарымен кездесу өткізді

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев облыс тұрғындарымен кездесті. Кездесуді облыс әкімі Ғали Есқалиев жүргізді.

9D87EF0F-08BC-495E-AB54-03A0541868CE

Министр облыстағы экология, геология, су ресурстары, орман және балық шаруашылығы салаларының дамуы жөнінде баяндады. Алдымен экология мәселелерін сөз еткен ол экомониторинг нәтижелері бойынша Орал мен Ақсай қалаларының атмосфералық ауасының ластану деңгейі жоғары екенін айтты.

«Біз аймақтың экологиялық мәселелеріне талдау жасадық. Жайық өзенінің жай-күйі мен суының азаюы, қоқыс қалдықтарын басқару жүйесінің жетілдірілмегені өзекті болып отыр», - деді министр.

Спикердің сөзінше, Жайық өзені бассейнінің экологиялық жүйесін сақтау мақсатында 2020 жылы Қазақстан-Ресей бағдарламасына қол қойылған. Соған сәйкес негізгі іс-шаралар тізбесі бекітіліпті.

Бағдарлама шеңберінде Жайық өзенінің бассейнін балықтандыру бойынша іс-шаралар, каналдар мен суландыру жүйелерін қайта жаңарту, орманды қалпына келтіру, жағалауды нығайту, өзеннің түбін тереңдету, тазарту және басқа да іс-шаралар жүргізіледі.

Спикер айтып өткендей, министрлік пен облыс әкімдігі Казталов ауданындағы Киров-Шежін каналын, Ақжайық ауданындағы Солянка-Азнабай-Тайпақ арнасын және Азнабай-Тайпақ суландыру жүйесін реконструкциялау, «Шаған тармақтары мен Көшім каналын механикаландырылған тазалау» жобасы бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуде.

55886959-5389-40E6-9388-C3E8B92FE207

Кездесуде облыстағы киік мәселесі кеңінен талқыланды. Ел аумағын әлемдегі киіктің 95 пайыздан астамы мекендейтінін атап өткен министр батысқазақстандық фермерлерден жайылымдық, шабындық, егістік жерлерінің жойылып жатқаны жөнінде көп шағым түсетінін айтты. Ақбөкендердің таралу аумағын, өсімін, азығын анықтау және ұсыныстар əзірлеу мақсатында ауыл шаруашылығы министрлігі 2023-2025 жылдары кешенді ғылыми зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр.

Министр биыл киіктердің саны 1 млн. 318 мыңға жеткенін, соның 801 мыңы Орал популяциясына тиесілі екенін айтты.

Кездесуде қоғам қайраткерлері, ғалымдар, фермерлер аталмыш мәселеге қатысты ұсыныс-пікірлерін, түйткілді шешу жолдарын жеткізді.

«Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Табылғали Сапаров киіктің өрісін кеңейту, Жайық суын пайдалану жөнінде жан-жақты баяндады. Ал профессор, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қазыбай Бозымов батысқазақстандық жоғары оқу орындарының көп жылғы зерттеулерін басшылыққа алу керек деді. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ректоры Асқар Наметов киікті арнайы питомник құрып, зерттеуді ұсынды. Ал шаруалар киік санын реттеуді тез арада қолға алу қажет деді. Аталмыш мәселеге өңір жұртшылығы да атсалысуы керектігін айтқан министр нақты ұсыныстарды бірлесіп қарауға дайын екендерін жеткізді.

8806FC2E-B6E9-4BCD-BE3F-89E5F21FAD00

Облыс әкімі Ғали Есқалиев комиссия құрылатын болса, оның құрамына батысқазақстандық  ғалымдар мен экологтардың кіретінін айтты. Министр бұл сапарында Киров-Шежін каналының құрылысымен танысып, журналистермен брифинг өткізді.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрімен өткен кездесу жөнінде толығырақ «Орал өңірі» газетінің алдағы санынан оқи аласыздар!

Айна Имашева,

Сурет: www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале