13.10.2022, 9:01
Оқылды: 134

Кәсібін дөңгелеткен бағбан

Әбіш Кекілбаевтің «Бағбан» атты өлеңінде «Кеп-кешегі жапан түз, Жайқалған қазір гүл алаң. Кәрі жерді жасартып, Қартаяды екен бұл адам» деген жыр жолдары бар. Еңбекқор бағбанның жермен табиғаттастығы, тамырластығы суреттелген өлең бағбандық кәсіпті қолға алған Берік Өтеғалиевке де (суретте оң жақта) арналғандай.  

IMG-20221013-WA0004

Ол осыдан төрт жыл бұрын Трекин ауылдық округіне қарасты Володар ауылы маңынан бау-бақша егу мақсатында жер телімін алды. «Сейтек» шаруа қожалығын құрды. Қырат-қырқалы, бұйратты-жоталы жерді тегістеп, жасыл мекенге айналдырды.

Кейіпкеріміздің айтуынша, 60 сотық жерге қияр, осы шамалас көлемде сәбіз, 40 сотық жерге қызанақ егіледі. Сондай-ақ ол бақшасына кәді (кабачки) мен бұрыш (6 сотық), қырыққабат (2 сотық), қауын-қарбыз, асқабақ та егіп жүр. Биыл қияр мен қызанақтың әрқайсысынан 6 тоннадай өнім жинаған.

– Жер телімі тар болуы себепті алқаптарды демалта алмай отырмын. Биыл төртінші жыл қатарынан пайдаландым. Соның салдарынан жыл өткен сайын топырақ құнарлығы нашарлап, алынатын өнім азаюда. Мәселен, бастапқы жылдары қияр мен қызанақ егілген бір жүйектен 700 келіге дейін өнім алынса, биыл олар 150 келінің шамасында болды. Бұл кеткен шығынды жаппайды. Осынау мәселеге байланысты ауылдық округ әкімі арнайы келіп көріп кетті. Жер телімін кеңейтуге жәрдем беретінін айтты. Негізі бізге берілгені 3,8 гектар жер. Оның 2,2 гектарын ғана пайдаланып отырмыз. Себебі қалған жерден газ құбыры өтіп жатыр. Пайдаланылмай отырған жердің көлеміндей қосымша тағы бір жер учаскесін берсе деген тілегіміз бар. Бұл жақта біраз жер бұйратты, жоталы болуына орай, қызметімізді бастаған сәттен бері осы бағытта жұмыстандық, яғни жеңіл автогрейдер, тиеуіш (погрузчик) әкеліп, көп жерімізді тегістедік. Енді алдағы жылдан бастап биогумус арқылы топырақтың құнарлығын арттырумен айналысқымыз келіп отыр. Әйтпесе, жыл сайын салынатын көңнен пайда аздау. Қазір соған дайындық шараларын жүргізіп жатырмын, – дейді Берік Шамерұлы.

Қаратөбе өңірінің тумасы болып табылатын бағбан азамат осыған дейін Оралда құрылыс саласында еңбек еткен екен. Бірақ жаны тыныш таппаған көрінеді. Өзімен-өзі болатын, әрі табысы бар кәсіпті біраз уақыт іздеген. Бір күні оған бау-бақша салу туралы ой келеді. Бағбандықты кәсіп қылған таныстарымен ақылдасып көрді. Ерінбей еңбек ете алатын, тәуекелі мықты жанға береке барын естіп-көрген соң, осы кәсіпке ден қойған. Көлік алу үшін жинап жүрген қаржысын осында бағыттады. Мемлекеттің қолдауымен несиеге қол жеткізіп, қажет құрал-жабдық, техника алды. Бел жазбастан еткен еңбегі зая кеткен жоқ. Айтарлықтай пайда таппағанымен, барлық қарызынан құтылды. Енді шаруашылығын одан әрі дамыту мақсатында тер төгуде. Көкөніс өнімдерін сақтауға арналған орын салып жатыр. Сыйымдылығы 40 тоннаны құрайтын қойманы келесі жылы іске қосуды көздеуде. Жұмыс ауқымы жыл сайын көбейіп келе жатқан соң, мұнда маусымдық жұмыстарға тартылатындар саны да артуда. Биыл 10-12 адамды жұмысқа алған екен. Оларға күніне орта есеппен 4000-5000 теңге төлейді. Ешкімді ренжітпеуге тырысатын кейіпкеріміз жұмысшыларға жасаған еңбегіне байланысты ақысын әділ төлеуге мән беретінін де айтып қалды.

IMG-20221013-WA0005

– Негізі адамға тұрақты түрде қозғалыс керек қой. Бау-бақша шаруашылығы – сондай кәсіптің бірі. Оның адамның артық салмақ тастауына көмегі көп. Осы кәсіпті бастаған кезде салмағым 120 келі болса, қазір 106-ға түсті. Жалпы бағбандық дегеніміз – ерекше кәсіп. Оның қызығына түссең, шығу қиын. Бәсекеге қабілетті болу үшін бақша өнімдерінің ешкімде жоқ жаңа сұрпын еккің келеді. Соны іздейсің, табасың. Бірақ оның бәрі біздің климатқа жерсініп кете бермейді. Жерсініп өсіп, жақсы өнім бергенімен, оның нарықта өтпей қалуы да ғажап емес. Мәселен, былтыр қауынның жаңа сұрпын тауып, өсірдім. Ол көпшіліктің көңілінен шықты. Алмұрт секілді қарбыз тұтынушылардың 70 пайызына онша  ұнай қоймады. Оны биыл еккен жоқпын. Негізі біз еш химикат қоспаймыз, экологиялық таза өнім ретінде ұсынған соң, өнімдерімізге сұраныс жақсы. Ең бастысы, анам бақша өнімдерін «Балаларымның өсіргені» деп рахаттана жейді. Сатып алып келсең де, тұтынады ғой, дегенмен маңдай теріңмен өсіргенді бөлек қабылдайды. Мұның өзі інім екеумізге үлкен қуаныш сыйлайды, – дейді бағбан бауырымыз.

Сәкен Мұратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале