22.10.2022, 16:15
Оқылды: 63

Аяқдопшылар аламаны

Республика күніне орай кеше Қаратөбеде мекеме қызметкерлері арасында футзалдан жарыс өтті. Аталмыш спорттық жарысты «Қаратөбе» спорт клубы ұйымдастырды.

10

Аяқдопшылар сайысының ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан Республика күнінің ұлттық мереке мәртебесін алудағы маңызына тоқталып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Өңірдегі футбол спортын дамыту,  жастар көшбасшылары арасында командалық рухты күшейту, салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спорт түрлерімен айналысуға баулу һәм спорттық жарыстар арқылы жастар ұйымдары мен қозғалыстарын біріктіру мақсатында ұйымдастырылған аяқдопшылар жарысында 10 команда тартысты ойын өрнегін көрсетіп, намысты қолдан бермеді.

Атап айтар болсақ, шағын футбол жарысына «Аудандық аурухана», «Спорт мектебі-1», «Мәдениет», «Шөптікөл», «Мұхит мектебі», «Туризм», «№ 18 өрт сөндіру», «Қаратөбе колледжі», «Спорт мектебі-2» сынды командалар бақ сынап, үздік ойын көрсетті.

Бір-біріне лайықты қарсылас бола білген аяқдопшылар жарысының қорытындысында «Аудандық аурухана» командасы І орынды иеленсе, «Спорт клубы» командасы жүлделі ІІ орын алды. Ал  «Мәдениет» командасына ІІІ орын бұйырды.

Сонымен қатар, аталған футбол додасында «Мәдениет» командасының ойыншысы Мерей Амангелдиев «Үздік ойыншы», «Аудандық аурухана» командасының қорғаушысы Жантас Тәттіғалиев «Үздік қорғаушы», «Спорт клубы» командасының шабуылшысы Естай Айтқожақов «Үздік шабуылшы», «Шөптікөл» командасының қақпашысы Жандос Оңалбаев «Үздік қақпашы» аталымымен марапатталды.

Райымбек Абай,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале