Сырым ауданы әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев аудандағы жас палуандармен кездесті.
Бірер күн бұрын сырымдық жас дзюдошылар Атырау қаласында өткен республикалық “Мағауия” спорт клубының қалалық ашық турнирінде жүлделі орындарды еншілеген болатын.
Атап айтсақ, өз салмақ дәрежесі бойынша Батырхан Әділбеков, Амирлан, Алихан Мұратовтар І орындарға ие болса, Айбол Қыдырғали ІІ орын, Айдәурен Лұқпан ІІІ орын иегері атанды.
1000-нан астам дзюдошы қатысқан додада Мәулет Қожахметовтың шәкірттері, сырымдық палуандар Қызылорда, Ақтөбе,Маңғыстау, Атырау облысының жас дзюдошыларымен иық тіресіп, мықтылықтарын мойындатты.
Сырымдық жас дзюдошылар 5-6 қараша күндері 2010-2011, 2012-2013, 2014-2015 жылғы жасөспірімдер арасында “JUDOKA AQTOBE” open cup спорт клубының ашық біріншілігіне аттанбақшы.
Аудан халқы атынан аудан әкімнің орынбасары Артур Мұратұлы мен аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бауыржан Ихсанов балғын бозкілем шеберлеріне сәттілік тіледі.
- Болашақта чемпион болу үшін қазірден еңбектеніп, жаттығуларды жібермей жүрміз. Мықты дзюдошы уақытымен тамақтанып, дайындыққа көңіл бөлуі керек. Одан басқа тек спортта емес, оқуда да озат болу керек деп ойлаймын. Ал, Ақтөбе қаласында өтетін ашық біріншілікке дайындығымыздың арқасында, чемпион атанып, еліміздің атын шығаратын боламыз! - дейді жас дзюдошы Батырхан Әділбеков.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы