Бүгін Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, белгілі жазушы, драматург Мадина Омарованың «Айтылмаған сыр» премьерасы сахналанды.
Түйткілі көп тіршілік иірімдерін көз алдыңызға әкелер М.Омарованың «Айтылмаған сыр» атты мұңды комедиясын көрермен жылы қабылдады.
Премьераны көрермен қауыммен бірге театр басшылығының шақыруымен мәдениет пен руханияттың астанасы Алматыдан арнайы келген қойылым авторы Мадина Омарова да тамашалады.
Қойылымда Гүлнар рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлжиян Шынтемір, Нұржамал рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарлығаш Асқарова сомдаса, шал бейнесін «Мәдениет майталманы» төсбелгісінің иегері Жамбыл Заев сомдады.
Премьера соңында театр директоры Нұржан Тасболатов сөз сөйлеп, қойылым авторы, жазушы, драматург Мадина Омароваға ықылас гүлі мен естелік сыйлық табыс етті.
Сонымен қатар қойылым авторы Мадина Мырзахметқызы да сөз алып, батысқазақстандық көрермен қауымға ризашылық сезімін білдіріп, алғысын жеткізді.
Қойылымның режиссері – «Парасат» орденінің иегері Нұрлыгүл Жұбатова, ал суретшісі – «Өнер саласының үздігі» Мұрат Мамбетов.
Театр ұжымы осымен бесінші мәрте Мадина Омарованың шығарамасы желісіндегі қойылымды көрермен назарына ұсынып отыр.
Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының ақпарат бөлімі