6.11.2022, 22:48
Оқылды: 26

Футболдан биылғы ел чемпионаты аяқталды

Футболдан биылғы ел чемпионаты аяқталды. Соңғы 26-тур ойынын өз алаңында өткізген жергілікті «Ақжайық» командасы Қостанайдан келген «Тобыл» клубына тіс батыра алмады.

a1819b87-86bf-4215-bd2a-a67940c2ea31
Жоғары топта қалу үшін «Ақжайық» соңғы матчында «Тобылды» қалай да жеңіп, петропавлдық «Қызылжар» мен Түркістан облысының «Тұран» командасы жеңілуі керек болды. Бірақ жергілікті аяқдопшылар жігер таныта алмады. Оның үстіне қатар өткен ойындарда «Қызылжар» «Каспийді», «Тұран» «Таразды» қапы қалдырды. Осылайша, өз алаңында «Тобылдан» 1:3 есебімен жеңілген оралдық команда бірінші лигаға түсіп қалды.
Жалпы екі команда арасындағы ойын тартысқа толы болды деу артықтау. «Ақжайық» ойынның алғашқы жиырма минутына дейін ғана қауқар көрсете алды. Ал одан соң қостанайлық команданың өзбекстандық легионері Игорь Сергеев есеп ашып, артынша Серд Дебле екі гол соқты. Оралдың жігіттері қонақ команданың үш голына стандартты жағдайда соғылған жалғыз голмен жауап қатты.

7332f451-301b-4433-b2c9-8a6f9b3c87af
Матч соңындағы баспасөз мәслихатында «Ақжайық» бапкері Игорь Пикущак барша оралдық жанкүйерлерден кешірім сұрап, маусым барысындағы ойыншылар алған жарақат салдары қазіргі күйге түсіргенін айтты.
-Жігіттердің ешқайсысы аянып қалған жоқ. Ақталып отыр демеңіздер. Бірақ маусым қызған шақта команданың жартысы жарақат алып, ойын сапасы нашарлады. Кей кезде жолымыз болмады, кейде төрешілер оң қабақ танытпай жатты. Соған қарамастан, барымызды салдық. Кубок финалына шықтық. Бүгінгі жеңіліс – тек ойыншылардың кінәсінен емес, барша бапкерлердің және жалпы клубтың қателігі, - деді «Ақжайық» бапкері Игорь Пикущак.

Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале