11.11.2022, 10:17
Оқылды: 101

«Айтысқа адал келіп, адал кеткім келді...»

Тоқсаныншы жылдардың төңірегінде батыс айтыс сахнасында есімі аталып, айтыстарымен ел жадында қалған айтыскер ақындардың бірі және бірегейі Айгүл Дүйсенова болатын. Айтыскер ақын туралы «Алтын домбыра» жеңімпазы, батыстың ақын қызы Жансая Мусина: «Айгүл Дүйсенова - өнердегі алдыңғы буын апаларымыздың бірі. Ақын апамыз қақ-соқпен шаруасы жоқ, артық ақыл айтпайтын, алдау-арбаудан ада, өнерге адал келіп, адал кеткен, өсек-аяңнан да, дүнияуи тартыстан да бойын аулақ салып, «Тасқаланың Айгүлі» деген атына қылаудай кір жұқтырмай келеді», - деп әдемі естілік білдірген екен.

1

-Айгүл Серікбайқызы, күні кеше мәдениет саласында алған марапатыңызбен құттықтаймын. Тасқаланың тумасы емес екеніңізді білуші едік, өзіңіз жайлы айта өтсеңіз?

-Құттықтаған ізгі ниетіңізге рақмет. Бұл марапат мен үшін күтпеген қуанышты хабар болды. «Еңбек даңқы» медалін алуға облысымыздағы өнер адамдарын тоғыстырып, мәдениет ошағына айналған Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы себепкер болғанын айта кеткен жөн. Менің негізгі туған жерім – Жалпақтал өңірі, кезіндегі Фурманов ауданы болатын. 1977 жылы сол ауданның іргесіндегі Қараөзен өзенінің жағалауындағы Шақат деген елді мекенінде дүниеге келдім. Марқұм әкем ауыл шаруашылығының маманы болғасын, сол әкеміздің қызметіне қарай бөлімшелерде тұрып, бойжетіп, еңбекпен қанатымыз қатайған еді. 1984 жылы Қараөзен мектебінің бірінші сыныбына қабылданып, он жылдай бөлімше балаларына арналған мектеп-жатақханасында тәрбиелендім. Шыны керек, интернат өмірі бізді көпшілдікке, бауырмалдылыққа баулып, көптің алдында сөйлеуге үйреніп, көшбасшы да бола білдік. Соның нәтижесі де шығар мектепті үздікке тәмәмдадым. Мүмкін, қазір менің бойымда кейбір қабілеттердің пайда болуына сол жатақханадағы сәттерім себеп болды ма деп ойлаймын. Сол кездегі жағдайдың әсері ме әйтеуір жатақханада бала саны өте көп болды. Ең алғаш Тұрарбек Еренбаев деген ағамыз баянмен сүйемелдеп,  бізді сахнаға баулып, өнердің алғашқы баспалдағын аттауға себепкер болды. Интернат балаларынан құралған өнерпаздардың басын қосып, концерттік сапармен бөлімшелерді аралайтын едік.

-Алғаш ұлы өнер - айтысқа деген қызығушылығыңыз қалай оянды, ақындық өнерге, әдебиет әлеміне жетелеген кімдер?

-Менің тегімде өнерге, соның ішінде айтысқа бағытталған ешкім жоқ. Дегенмен менің әжемнің бойында көріпкелдік қасиет болған екен. Сол уақыттарда ауылымызға түрлі концерттік бағдарламамен сиқыршылар келетін. Марқұм әжемнің көріпкелдігі сиқыршылардың сиқырына кедергі келтіргендіктен әжемді залдан шығарып жіберетін көрінеді. Марқұм әкеміз әжеміздің көріпкелдігімен қоса, жақсы дауысы бар әнші болғанын айтушы еді. Мүмкін сол қасиеттің бір ұшқыны бізге дарыған болар деп ойлаймын. Алғаш айтысқа қызығушылығым төртінші-оныншы сыныптарда сынып жетекшім болған, әдебиетті жаны сүйетін Сәрсенова Роза апайымыздан басталды. Апайымыздың мамандығына деген махаббаты бізді бей-жай қалдырмай, өзіне баурап, түрлі әдеби кітаптарды оқытып, әдеби ойлауды үйреткен еді. Жетінші сыныпқа келгенде республикаға танымал әйгілі «Қыз жібек» халықтық ансамблінің жетекшісі Қабиева Баян апамыз ән сабағынан сабақ беріп, сабақ үстінде түрлі аспаптарда шебер ойнайтын. Соның ішінде домбыраны шебер ойнауы біздің қызығушылығымызды оятты. Сол шақтарда айтыскер ақындар Жібек Болтанова, Асылхан Болтановтың алғаш айтысқа қатысып жүрген кезі еді. Біздер мектептегі сабағы нашар, тентектеу балаларға өлең шығарып, шаппа-шап айтыс жасап, айналамызды қызық думанға айналдырып жүрдік. Болтановтар әулетінің айтысқа келуіме себепкер болғанын әрқашан мақтанышпен айтып жүремін.

-Алғашқы айтыстыңыз есіңізде ме? Сол шақтардағы айтыс әлемі, айтыскерлер жайлы бір үзік сыр шертсеңіз...

-Мен кәсіби мамандардан сабақ алмай, болмаса арнайы оқу орынын бітірмей-ақ домбыраны өзім үйрене бастадым. Ақындар арасында жазба және айтыс ақындары деп бөлінеді ғой. Мен тек айтыс ақынымын. Жазба өлеңді жазбаймын, тек көңілдің кейбір көлеңкелі сәттерінде ғана қағазға түсіргенім болмаса, өзімді жазба ақын деп есептемеймін. Бізді әуелден шаппа-шап айтысқа тәрбиеледі. Әлі есімде, қазіргі кезде Ақтөбе қаласында спорт саласы бойынша журнал шығарып жүрген Мұсағали Тасқалиев деген ағамен аудандық газет арқылы айтысқаным. Өкінішке орай, сол газеттер сақталмапты. 1989 жылы ауданда айтыс өткені есімде. Сол кезде Жалпақталдың әр ауылынан бір-бір айтыс ақындары келді. Мен домбыраны дұрыс тарта алмасам да, сол кездегі совхоз директоры, өнер жанашыры Алтынбек Мәженов деген ағаның қолпаштауымен Қараөзеннің атынан алғаш айтысқа қатыстым. Айтыстың сахнасы халыққа жақын орналасқан, мен сахнаға шыққаннан бастап  залда отырып, «Айгүл! Айгүл!» деп ағамыз қайта-қайта айқайлай шабыт беріп отырды. Мен одан сайын шабыттанып, қарсыласыма қарап қойып, айтып жатырмын. Сөйтсем, өзімнің айтысым бір жақта, домбырам басқа жақта болып, әбден ыңғайсыз жағдайға түскенмін. Айтыс біткесін ағыл-тегіл жылап, өзімді ұяттан қоярға жер таппай жүргенде, сол ағамның жұбатып, қуатты сөздерімен шабыт бергені әлі есімде. Кейіннен аудандық айтыстар арқылы жетіліп, оныншы сыныпқа келгенде «Ана тілің – арың бұл» атты облыстық айтысқа қатыстым. Сол айтыста асығым алшысынан түсіп жүлделі үшінші орын алып, айтыстың үлкен сахнасына алғашқы қадамым жасалды. Сол кездері Жібек Болтанова, Ертай Бимұханов, Назгүл Кәрімова, Асхат Маемиров Ерікқали Ахметов, Гүлжайна Бисенғалиева, Нұрлан Қосымбаев, Жақсылық Есламғалиевтердің есімдері дүркіреп тұрған шақ. Серікқали Шарабасов ағамыздың жанашырлығымен сол жылдары филология факультетінде үлкен айтыс ақындарының легі пайда болды. Сонымен қатар, бүгінде айтыс ардагерлері атанып жүрген Қатимолла Бердіғалиев, Шолпан Қыдырниязова, Дариға Мұштанова, Үзілдік Елеубайқызы, Мэлс Қосымбаевтардың тәлім-тәрбиесі, аға-әпкелік кеңестері бізге үлкен азық болғанын ұмытпаймыз.

-Халық тек айтыстың әдемі сәттерін көреді. Көп алдында суырып салып өлең шығару – екінің бірінің қолынан келмейтін өнер. Әйелге айтыскер болудың қиындығы қандай?

-Айтыскер ақын болу – сырт көзге оңай көрінгенмен, өз алдына қиындығы бар өнер. Көп ізденісті, саралау мен бағамдауды, әділдік пен шынайылықты талап етеді. Алғаш айтысқа қатысқан сәттен бастап соңғы айтысыма дейін жауапкершілікпен қарап айтысуға тырыстым. Өзімнің арманым болған Қатимолла аға мен Мэлс ағайларыммен айтысуым, кейінгі кезде жарқ етіп шығып, жұлдыздай аққан Асылбек Ишановпен айтысуым маған зор сенім ұялатты. Жалпы айтысқа шығуыма, әр айтысыма дайындығыма отбасымның көмегі зор болды. Тұңғыш ұлым Нұртілектің жасқа толмаған шағында, омыраудағы бала болса да айтысыма кедергі болмай, қолдап, бірге жүруі құдай қосқан қосағымның қолдауы дер едім. Маған бұл жағынан Жаратушымның берген сыйы ерекше. Десе де, мен айтысты тастамадым, мені айтыс тастап кетті дегенім жөн болар. Айтыстың алдындағы үлкен жауапкершіліктен бас тартып тұрмыстың ыңғайына қарай ауысуым айтыстан алшақтауға әкелді. Тасқаланың мерейтойына арналған айтысқа елдегі ақын болғасын соңғы рет шығып, содан айтысқа оралмадым. Сөздің шыны керек, айтысқа адал келіп, адал кеткім кетіп, өзімнің жеткен жетістігімде қалып, биігімді төмендетпегім келді.

-Тасқала ауданына қалай келдіңіз. Алғашқы еңбек қызметіңізге тоқталсаңыз?

-Университет бітіргесін  бірден жұмысқа орналасу барша студенттің ойы болатын. Менің ауылым қаладан алыстау болғасын әкем ауылға келгенімді құп көрмей, жұмыстың ретін қала төңірегінен табуымды қалады. Сол кездері орыстанған аудан болған Тасқала, Теректі, Зеленов аудандарына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері мүлдем бармайтын. 1998 жылы сәуір айында әр ауданнан арнайы мамандар келіп, біздерді болашақ жұмыс орындарымызға алдын ала келісім алып кетеді. Тамыз айында келсем, келісім алған ағамыз басқа қызметке ауысып, сол жұмысыма басқа маманды алып, аяғында жұмыссыз қала жаздадым. Түрлі қызықтармен жұмыстың реті жан баласын танымайтын Оян ауылынан шығып, сол жаққа екі сөмкемді арқалап аттандым. Сол кездері өзге де жас мамандар ауылға келіп, мектепке тың серпін берді. Өнерлі, жалынды жастар түрлі түрлі қызық думандарды ұйымдастырып, есіміміз елге таныла бастап, қорқынышымыз сейілген еді. Қуанатыным  - Оянның жаны жомарт, құшағы кең халқының мені жатсынбай, бауырына басқаны. Олар жайлы айтар аңызым да, алғысым да бір төбе.

-Көп жылдар мемлекеттік қызметте жасадыңыз. Сіздің сол саланың хас маманы болғаныңызды ел біледі. Жалпы мемлекеттік қызметте жасау қаншалықты қиын...

-Кейіннен мұғалімдік саладан мемлекеттік қызметке ауысып, айтыстан жырақтай бастадым. 2000 жылы аудан әкімдігінің ұсынысымен, аудан әкімі аппаратына бас маман қызметіне ауысып, содан бері жиырма жылдай мемлекеттік қызметте жұмыс жасадым. Кейіннен араға жылдар салып, аудандық мәдениет үйінде әдіскер болдым. Оған себеп, тұрмыстық жағдайды реттеу болатын. Сол жылдары ішінара айтыстарға қатысып жүрдік. Дегенмен сол кезеңдегі айтыстарға шығатын дұрыс киім, дұрыс дайындық болмауы, айтыстың ауыр жүгін арқалауға деген жауапкершілік, жаңа ғасырдың аумалы-төкпелі кезеңі мені айтыстан алыстата бастады. Мемлекеттік қызметке қайта оралғаннан кейін айтысты мүлдем қойдым. Шыны керек, сол кезеңдегі жұмыстың көптігі, бізді кітап оқуға,  айтыс түгел отбасымызды ойлауға мұрша бермеді. Күні ұзақ орындайтын тапсырмалар, ауылдарға іс-сапар, кездесулер, өзге де мәселелер бізді кәнігі мемлекеттік қызметкер ретінде дайындаған екен. Кейіннен әртүрлі әлеуметтік салаларда қызмет жасауым сол кездегі тынымсыз еңбектің жемісі екені сөзсіз. Қаншалықты деңгейде  жүргізіп, қалай қызмет жасағанымды болашақта ел бағасын бере жатар, дегенмен бар күш-жігерім, жастығым мемлекеттік қызметке арналды.

-Бүгінгі таңда аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысысыз. Жаныңызға жақын қызмет пе?

-Мемлекеттік қызметтен кейін кітапханаға келуім мен үшін қиын болғаны рас. Бұл жерде лауазымдық жағы емес, менің кітапханаға тиер үлесім қандай деген сұрақ мазалады. Кішкене сала болса да ауқымды жұмысты көріп, тамсандым. Кітапханаға келгендегі қуанышым бір кездері оқыған кітаптарымды қайта парақтауға, ізденуге, жоғалтқан жылдарымның есесін қайтару болды. Бір мамыражай, тыныштық күйге түскенімді сеземін. Кітапханаға келуім – менің кітаппен қайта қауышуыма себеп болды. Жоғары да айтып өткенімдей мемлекеттік қызметте ара-тұра жақсы өлеңдерді оқығаным болмаса, кітап оқуға мұрша болмады. Бір кездері сүйіп оқыған Мұқағали Мақатаев, Күләш Ахметова, Бексұлтан Нұржекеұлы, Бибігүл Иманғазиналарды қайта ақтарып, жаңа кітаптарды оқуым жан әлемін тыныштандыруға себеп болды.

-Біраз уақытқа айтыстан қол үзіп қалдыңыз. Алдағы уақытта топ жарып, бәйге алмасаңыз да ішінара айтыстардан көре аламыз ба?

-Ол жағын әзірге ойламаппын. Айтысқа шығуға ішкі дайындығымда жоқ, айтысты да ұмыта жаздадық қой. Бірақта мәдениет жаршысы болған Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы тарапынан кеш беру секілді ұсыныстар түсті. Жақсы ұсынысты аяқсыз қалдырмай, алдағы уақытқа жоспарлаудамын. Сол кездегі қатарлас ақындар жиналған сәтте айтыс туралы, сол кездегі қызықты сәттер туралы естелік айтқанда өткен айтыстарым есіме түсіп, шығармашылық өзгеріс болып, қайта басылады. Негізі өткен ғасырдың аяғы мен жаңа ғасырдың басындағы айтыс ақындарының айтысы, солар туралы естеліктер көбіне айтылмай, сол буынның тарих сахнасынан үзіліп қалып жатқаны кейде байқалады. Алдағы уақытта сол замандастарымызбен кездесу, мүмкін әдеби кеш секілді дүние жасау да ойда бар.

-Ақын Мейірхан Ақдәулетұлы...Ажал деген не тәйір!... Өледі ақын, жауабы жоқ сұрақтар  салмағынан! - деген екен. Ақын Айгүлді не мазалайды?

-Мені мазалайтыны бүгінгі елдің әлеуеті, тыныштығы, адамдардың қатыгездігі, жақсы адамдардың азаюы. Бір-біріне болысып отыратын қазақтың бір-бірінен бөлінуі, болашақ ұрпағымыздың тағдыры, адамдар арасындағы іштарлық, көрсеқызарлық, жоғалып бара жатқан мейірім мен ұят мені ойландырады. Әйтеуір бір жақсылық болар деген ой мазасыз ойларды ақтағандай болады. Адамдардың бір-біріне жақсы қарым-қатынас танытып, жақсылық жасаса әлемде жақсылыққа толы болар еді. Мен үнемі менің қандай да бір жетістікке жетуім алдымнан шыққан әрбір жақсы адамдардың септігі екендігін айтып жүремін.

-Қазіргі кезде бос уақытыңызда немен айналысасыз? Қалам алып, өлең жазып жүрсіз бе?

-Көңілдің кейбір көлеңкелі сәттерінде болмаса, қолыма жиі қалам ала бермеймін. Көбіне кітап оқуға көңіл бөлемін. Соңғы уақыттарда Ерлан Жүніс, Бақытгүл Бабаш секілді ақындарды және өзге де жазушыларды оқып жүрмін. Қолымнан келгенше оқуды тастамауға, ізденуге, жан дүниемді рухани байытуға көңіл бөлудемін.

Меңдібек Нұрболатұлы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале