Арманбек Қайрошев 26 маусымда Орал қаласындағы 5517 әскери бөліміне әскерге шақырылған. 20 жасар сарбаз 30 шілде күні ант қабылдап, әскери міндетін орындауға кіріседі. Дәл сол күні Арманбекті Ақтөбеден келген туыстары көрген. Бала сап-сау, есі дұрыс болған. Араға бір ай уақыт салып 9 тамыз күні Арманбек Қайрошев облыстық психикалық ауруханаға түседі.
Біз сол кезде жас сарбаз туралы жазған едік. Ақтөбеден келген туыстары сұқбат беріп, сап-сау баланың жындыханаға қалай түскеніне түсінбей тұрғандарын айтқан болатын.
Енді ұзынқұлақтан жазда жындыханаға түсіп қалған сарбаз үйіне қайтарылыпты деген хабарды естідік. Дереу 5517 әскери бөліміне қоңырау шалдық.
Арманбек Қайрошев үйіне жіберіліпті.
Бұл хабарды ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі растады.
«2022 жылдың 17 қазанында әскери медициналық комиссияның шешімімен (денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылып) әскери қызметтен босатылып, запасқа шығарылды» делінген ресми ақпаратта.
Жазда сарбаз жындыханаға түсіп қалған бойда біздің редакция әскери бөлім командирінің жауабын берген едік. Сол кезде әскери бөлімнің командирі, подполковник Сағындық Алқайдаров былай деген еді:
«Иә, мен ант қабылдауда болдым. Ант қабылдаудан кейін сарбаздар роталарға бөлінеді. Содан кейін біз екі аптаның ішінде сарбазды әскери қызметке дайындаймыз. Қару ұстауды, сапқа тұруды үйреніп бастайды. Бұл ереже барлығына бірдей. Сол кезде ол өзін дұрыс ұстамады. Дөрекі сөйлеп кетті. Жағдайы өте әлсіз болды, өзінен-өзі сөйлеп, өзіме қол жұмсаймын деп, мен мынадай қызметке жарамаймын, мен қару ұстамаймын, мен ананы істемеймін, мен мынаны істемеймін деп жүрді. 9 тамыз күні бала өзін өте ашулы ұстады. Өзінен-өзі сөйлеп жүрді. Әрине, тексердік, денесінде ешқандай таяқ іздері болмады. Сосын психикалық диспансерге жатқыздық».
Әскерге жарамды деген анықтамамен келген жігіт айналдырған бір айда неге әскерге жарамсыз болып қалған. Соқталдай азаматты мұндай жағдайға кім түсірді, не түсірді?
Біз ҚР Бас әскери прокуратурасына хабарластық.
-Оралдағы әскери бөлімде болған жағдай туралы білеміз. Әскери прокуратураға Арманбек Қайрошевтің әпкесі Баланшиева арыз қалдырған. Сол арызға сәйкес әскери полиция қажетті тексерістерді жүргізді, алдын ала тергеу өтті. Ол іспен туыстарын таныстырды. Содан кейін туыстары тексеріс нәтижесімен келіспейміз деп кері арыз берген жоқ. Егер арыз кері түссе әскери прокуратура істі қайта көтеріп, тергеу жүргізеді, - деп мәлімдеді ҚР Бас әскери прокурорының аға көмекшісі, әділет полковнигі Еркін Қожа-Ахмет.
Ауруханада үш айға жуық жатып шыққан жас сарбаз 17 қазан күні үйге жіберіліпті. Денсаулығына байланысты әскери міндеті тоқтатылған.
Біз экс-сарбаздың Ақтөбедегі туыстарына хабарласып, жігіттің қазіргі жай-күй туралы сұрап білген едік.
«17 қазан күні үйге әкелдік. 26 қазан күні ауруы қайта ұстап Ақтөбедегі ауруханаға түсті(жындыхана). Қазір жағдайы қиын. Біз қайда барып, кімнен даулайтынымызды білмейміз. Дені сап-сау, әскерге кеткен бала «псих» болып келді. Енді бір ай болды жындыханада жатыр. Ақтөбедегі дәрігерлерге қараттық. Басынан қатты соққы алған деді. Ол анықтаманы қолымызға алдық. Біз әскери прокуратураға арыз жазып қалдырдық, министрлікке де шығамыз», - деді телефонмен сөйлескен сарбаздың әпкесі Назерке Баланшиева.
Айта кетейік, Арманбек Қайрошев жетім жігіт. Ол қарт әжесі мен атасының бауырында өскен бала.
Туысы Назерке «17 қазан күні баланы үйге әкелдік, сол күні әжесі о дүниеге аттанып кетті. Арманбек соны көтере алмай қалды ма, білмеймін, ауруы ұстап қалды. Дереу жедел жәрдеммен ауруханаға салдық. Міне, бір ай болды, жатыр. Әскерге барып, бір айда жынды болып келген бауырымыздың жағдайын кім түзеп береді»,- деп күйінеді.
Әскерге сау барып, жынды болып келген бауырларына қандай көмек көрсетерін білмей туыстары дал болып отыр.
Жанат Көшкінбай,
Фотолар жазда Арманбек Қайрошевтің туыстары мен кездесуден түсірілді.
zhaikpress.kz