«Осы кезге дейін желтоқсаншымыз деп кеуде соқпай, үндемей іштен тынып келдік. Желтоқсандағы қанды қақтығыс жүрекке ауыр тиді. Ол кезді еске алсам, арада 36 жыл өтсе де, әлі күнге жүрегім дүрсілдеп, тұла бойым түршігеді», – деді жанары жасқа шыланған желтоқсаншы Күнзила Мақсотова.
Биылғы ақпанның 8-інде өңірде «Батыс Желтоқсан» қоғамдық бірлестігі құрылды. Оны құру ауызға оңай болғанымен, оның құжаттарын түгендеу, жарғысын жазу, ресми тіркеуден өткізу қыруар шаруа. Осы шаруалардың басы-қасында жүрген Күнзила замандасым қоғамдық ұйым мүшелерінің, әсіресе, мұғалім Жұмабек Мұқановтың көп көмегі тигенін айтады. Казталов ауданының тумасы, алматылық желтоқсаншы Ақкүміс Ихласова Оралға келгенінде батысқазақстандық бір топ желтоқсаншының басын қосып, бағыт-бағдар берді. Облыстық ішкі саясат басқармасының мамандары да желтоқсаншыларды ақтау үшін қоғамдық ұйым құруды ұсынады. Осылайша әміршіл жүйенің бұғауын үзуге сеп болған Желтоқсан оқиғасына қатысушылар бас біріктіреді. Содан бергі аз уақыт ішінде қоғамдық ұйымдағылар желтоқсаншылардың құжаттарын жинап, кейбірінің ақталуына қам-қарекет жасады.
Соның нәтижесінде 4 желтоқсаншы ақталды. Алайда бейнежазбада бейнелері айдан анық көрінетін үш жігітті ақтауға қол жеткізе алмай отырған жайлары бар. Алдағы уақытта оларға мұрағаттан тиісті құжаттарды іздестіріп, қуғын-сүргінші деген анықтама алуға ұмтылмақ. «Батыс Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің төрайымы К. Мақсотова Желтоқсан оқиғасы Қазақстанның тәуелсіздікке жасаған алғашқы қадамы, тәуелсіздіктің бастауы ретінде бағаланатынын тілге тиек етті.
– Шүкір, орталық мұрағаттан қуғын-сүргін көргенімді растайтын анықтаманы алдым.
Одан кейін прокуратурадағылар ақталғаным туралы құжатымды берді. Қазір желтоқсан оқиғасына қатысушы ретінде бір жылдық жәрдемақы берілуде. Қоғамдық ұйымға 70 адам тіркелді. Облыс көлемінде желтоқсаншылардың саны бұдан да көп екеніне шүбәм жоқ. Әлі де «Жағдай не болып кетеді?» деп қорқып жүрген азаматтар баршылық. Оны өз басымнан өткерген соң жақсы білемін. Әдепкіде Алматыдағы бірге оқыған құрбыларым «Желтоқсанға қатыстың, түрмеге қамалдың, қорлық көрдің, енді ақталсайшы» дегенде, балаларыма кеселім тимесін деп үнсіз қалғанмын. Одан бері біршама жыл өтті, – дейді Күнзила Мақсотова.
Ұлттық рухты дүр сілкіндірген, әз Тәуелсіздікке жол ашқан Желтоқсанға саяси, құқықтық, тарихи тұрғыдан лайық баға берілмей, жаңа көзқарас қалыптаспай отырғаны жасырын емес. Кейбір сарапшылар Желтоқсан оқиғасын Алаш қозғалысының заңды жалғасы деседі. 1992 жылы сол кездегі Мемлекеттік хатшы, ұлт жазушысы Әбіш Кекілбаев үлкен басқосуда Желтоқсанның оқиға емес көтеріліс екенін нақты дәлелмен айтса да, әлі күнге оқиға деп төменсітіп жүргеніміз жасырын емес. Бірақ жағдай солай екен деп қол қусырып жүрген желтоқсаншылар жоқ. Олар еліміздегі жасалып жатқан демократиялық өзгерістерге атсалыса бастады. Жастармен, мектептердегі шәкірттермен кездесулерге қатысып, алаңдағы екі күнгі қанды қасаптың жайын әңгімелеп, кейінгі толқынды елжандылыққа үндейді. Таяуда ғана желтоқсаншылар Теректі ауданындағы Новопавлов, Долинный ауылдарындағы мектеп оқушыларымен кездесу кешіне қатысты. Биылғы оқу жылы қарсаңында батысқазақстандық ұйым «Мектепке жол» акциясына үн қосты. Қаладағы үш мектептің оқушыларына оқу құралдарын сатып әперді. Жазда тарихшы мұғалім Алдаберген Сәрсековтің бастауымен Ақжайық ауданындағы Қабыл ауылына барды. Онда Желтоқсан құрбаны Гүлзада Нәбиқызы Халелованың рухына Құран бағыштап, құрбандық шалды. Осының барлық шығыны ұйым мүшелерінің жеке қаражаты есебінен жасалды. Бүгінде марқұмды ақтау жұмыстары қолға алынған.
– Гүлзаданың әке-шешесі бақилық болған. Отбасында екі ұл мен бір қыз тәрбиеленген. Қызғалдағының ерте солғанына ата-анасы қатты қайғырыпты. Әкесі құсалықтан ерте дүниеден өтіпті. Марқұм Алматыдағы кино техникумында оқып жүрген 16 жастағы ару студент құрбыларымен бірге алаңға шыққан. Сонда мерт болған. Әкесі қызының сүйегін мәйітханадан өзі барып алып келіпті. Құқық қорғау құрылымдары «Халық жауы» деген жаманатпен келген қыздың табытын ашқызбауға тырысқан. Алайда әкесі көнбей, туыстарымен бірге ашып көрген деседі. Жақындарының айтуынша, басының шүйде тұсы мылжаланып кетіпті. Гүлзаданың бір інісі беймәлім жағдайда қайтыс болыпты.
Екінші бауыры Талдықорған жағында тұрады. Ағайындары балауса қызды ақтауға сол інісінен көмек сұраған. Алайда ол «халық жауының» інісі деген жаман аттан зәрезап болғанға ұқсайды, «Балаларыма кесірім тиеді» деп көмек беруден, бауырын ақтаудан бас тартыпты. Кезінде Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың үй-ішіне, туыстарына қатты қысым жасалғаны есіңізде шығар, бәрі содан шаршаған ғой, – деп үнсіз қалды кейіпкерім.
Менің кейіпкерімнің азан шақырып қойған аты – Гүлзира, ал құжаттағы есімі – Күнзила. Ол 1964 жылы 4 маусымда бұрынғы Орал облысының Чапаев ауданындағы «Еңбек» совхозының Абай ауылында жарық дүние есігін ашқан. Қабидың алғыр, өжет қызы ауылдағы сегізжылдықты, одан кейін совхоз орталығындағы Калинин орта мектебінен онжылдықты бітіреді. Оралдағы оқу орындарының біріне құжат тапсырғанмен, жолы болмайды. Қаладағы №5 училищеде токарьлыққа оқып, кейін «Омега» зауытына жұмысқа қабылданды. 1985 жылы Ақжайық ауылындағы байланыс торабында жұмыс істеді. Арнайы білім алу үшін Алматыдағы электр байланыс техникумына жолдамамен оқуға түседі. 1986 жылы екінші курста оқып жүргенінде Желтоқсан оқиғасына қатысады.
– Желтоқсан айы қатты суық болды. Жатақханада тұратынмын. 15 желтоқсан күні кешке таман жігіттер терезе қағып: «Ертең алаңға шығыңыздар, қазақтың намысын қорғайық!» деп аттандап кетті. Оның алдында «Қонаев атамызды қызметтен босатады екен, орнына өзге ұлт адамы тағайындалады» деген хабарды естігенбіз. Біз алаңға шығуға дайын едік. Жастық шіркін, ойланта ма, бойымызда қайрат-қуат тасыған. Жастық деген от тисе, лап етіп жанатын қураған шөп тәрізді. Бейбіт шерудің соңы қанды қасапқа, қарулы қақтығысқа ұласатынын, әскердің күшімен қайсар жастарды қуып тарататынын қайдан білесің... 16 желтоқсан күні бір топ қыз жатақханадан шығып, алаңға жаяулап бет алдық. Ағылып жатқан көліктер, аутобустар көрінбейді. Әр тұстан алаңды бетке алғандар қарасы көбейе берді. Атойлаған жастардың ортасына кіріп кеттік. Ұлттық мүддені айшықтайтын ұрандар жанымызға жағып барады. Патриоттық әндер де рухымызды оятты. Билік бейбіт жастардың талаптарына құлақ асар деп үміттендік. Бірақ жолындағыны тапап өтетін әміршіл-әпербақан жүйе көкөрім жастарға мейірім танытпады. Мұздай қаруланған жасақ алаңды қоршап алды. Ел ағалары, зиялы қауым өкілдері мінберден ұл-қыздарға тараңдар деген сыңайда басу айтты. Бітімге келмеген билік алаңдағылар тарамаған соң, әскерге қатаң әмірін берді. Айнала айқай-шу, әлем-тапырық болып кетті. Біздер жанұшырып қашуға тырыстық. Қолға түскендерді көліктерге тиеп жатты. Жастарды соққының астына алды, айнала кескен теректей сұлаған жігіттер... Шыңғырған дауыстар, қан-жоса қыздар... Бұл суреттер әлі күнге көз алдымда көлбеңдеп, жүрегімді ауыртады. Осылай аңырап қалғанымызда бір топ қызды ұрып-соғып, қолымызды бұрап жабық көлікке тықты. Милиция бөлімінен бір-ақ шықтық, – деп күрсінді Күнзила Қабиқызы. Одан кейін оны түрі суық тергеушілер сұрақтың астына алып жауаптады. Суық камерадан шығарып-кіргізген сайын дубинкамен ұратыны өз алдына, құдды бір халық жауындай қолдарын бұрап қинайтыны жанына батты. «Оқудан шығасыңдар», – дегенді естіп жылап, қазан айында қайтыс болған әке аруағына қиянат жасаймын ба деп зар еңірегені жадында. Темір торлардың ішіндегі қанға бөккен жас жігіттерді көріп, өмірден түңіліп кетердей болды. Түнгі сағат 11-де бір қыз екеуі бостандыққа шықты. Қолдарына 40 сом айыппұл салынғаны жөнінде түбіртек ұстатты. Жатақханадағы құрбылары оны үрпиісіп қарсы алды. Оларды көріп, бауырларымен табысқандай еңіреп жылады-ай десеңші... Бөлмедегі бірге тұратын қыздар әлі оралмапты. Ертеңіне техникумда бұларды алаңға шықты деп партия жиналысына салды. Комсомол қатарынан шығарды. Әйтеуір, оқудан шығармады, қатаң сөгіс арқалатты.
Күнзила 1988 жылы оқуын бітіріп, аутоматты электр-механик маманы деген күректей диплом алды. Ақжайық ауданындағы байланыс бөлімшесіне қызметке тұрды. Байланыс саласында 23 жыл бойы еңбек етті. Ауылдасы Ернар Мақсотовпен қол ұстасып, отау құрды. Екі қыз өсіріп, ұзатты. 2012 жылы Орал қаласына көшіп келді. Қазіргі кезде жеке кәсіппен шұғылданады.
– Ауыр соққы алып, өзіміз емдеген жігіттер де болды. Мен айыппұлмен құтылдым. Абай ауылында бала кезден бірге өскен сыныптасым Бақтылы Қазиевамен техникумда бірге оқыдық. Ол 10 күн қамауда жатты. Алматыда тұрады. Бақтыгүл есімді құрбы қыз 15 күн түрмеге қамалды. Ол да Алматыда, хабарласып тұрамыз. Тарихта қалған, ызғары жас жүректерді қарыған көтеріліс жанымызға жазылмас жара салды. Ол жарадан жазыла алмайтын да шығармыз, – деп сөзін салмақтады Күнзила замандасым.
Иә, елімізге тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Ызғарлы желтоқсанда бодандыққа қарсы бұлқынған намысшыл, албырт жастардың көтерілуі ескі жүйенің бұғауын үзді. Сол оқиға дүмпуі Тәуелсіздігімізді жақындатты. Еліміздің еркіндігі мен бостандығы жолында басын бәйгеге тіккен желтоқсаншылардың ерліктері уақыт өткен сайын жадымызда жаңғыра береді. Өкініштісі, желтоқсаншылардың қатары жыл санап сиреп барады. Жүректерге шемен боп қатып, шерлі еткен Желтоқсан жадымызда жаңғырады.
Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz