Сырым ауданында «Жыл үздігі – 2022» премиясын салтанатты түрде табыстау шарасы өтті.
Жылдың үздігі атану – бір күннің немесе бір сәттің бағасы емес. Бұл марапат өмірін өзі сүйген салаға арнаған жандарға, өз ісінің үздіктеріне ұсынылды. Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы аудандағы жас мамандардың қызметін сараптап, зерделеп, озықтарын премияға ұсынды.
Биыл Сырым ауданының «Үздік жас денсаулық сақтау қызметкері» болып аудандық аурухананың рентген-лаборанты Райымбек Бержанов танылды. Асыл тұқымды гольштейн сиырын өсіріп, Сырым ауданындағы сүт өндірісін қолға алған Мейрамбек Мамбетьяров «Үздік жас кәсіпкер», Бекболат Нығметжанов «Үздік жас мұғалім», бір қолымен Өзбекстанды, бір қолымен Түркияны бағындырған армрестлер Рүстем Жәдігер «Үздік спортшы», Сырымбет Аяулым «Үздік мектеп көшбасшысы», тоғызқұмалақ ойнатқан, ойлантөан Дарын Төреғалиев «Үздік жаттықтырушы», Әдемі Жанғожиева «Үздік волонтер», Мейрамгүл Жұбанова «Үздік шығармашыл адам», Бағыжан Белялов «Үздік мемлекеттік қызметкер», әнші, балуан, шабандоз Мейірбек Қанатов «Үздік жас өнерпаз» атанды.
Ал, «Жыл жаңалығы» аталымына грэплингтен Әлем чемпионы атанған Айкөркем Ихсанова лайық деп танылды.
Премияларды Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев табыс етті.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
Суреттерді түсірген: Айжан Амангелдина