Қаңтар оқиғасында құқық қорғау күштері тек арнайы құралдарды қолдануға тырысты. Бұл туралы ҚР Бас прокуроры Берік Асылов Мәжілісте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тәртіпсіздікке қатысқан көп адамды тоқтатуға құқық қорғау күштерінің мүмкіндігі болмады. Оның үстіне, қызметкерлердің басым бөлігінде қару болған жоқ. Олар соңына дейін тек арнайы құралдарды – су атқыштар, резиналық таяқшаларды қолданды. Бірақ сол уақытта жүздеген тәртіп сақшылары жараланған еді, оның ішінде оқтан жарақат алғандар да болды. Ал бір офицер қалалық әкімдікте болған өртте тірідей жанып кетті», - деді Берік Асылов Мәжілістің бүгінгі отырысында.
Айта кетейік, қаңтардағы шабуылды тойтару кезінде, төтенше жағдай мен антитеррористік операция барысында 238 адам қайтыс болды. Оның ішінде 41 адам бұрын сотталған.
Бір күнде 8 облыстың әкімдігіне шабуыл жасалған.
Сондай-ақ, Б. Асылов қаңтардағы тәртіпсіздікке 35 жасқа дейінгі адамдар көп қатысқанын айтты.
Фото: Reuters