Алқалы жиынды ашқан облыс басшысы экономиканың басты саласы – ауыл шаруашылығының тұрғындардың әл-ауқатына әсер ететінін, саланың көрсеткіштерінің жылма-жыл өсіп келе жатқанын атап өтті.
– Ұлтымыздың тамыры – ауылда. Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңыздылығын жыл сайынғы Жолдауында үнемі атап өтеді. Үкімет пен әкімдіктер алдына агроөнеркәсіп кешеніне қатысты көптеген міндет жүктеледі. Президент кезекті Жолдауында: «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес», – деп ерекше атап көрсетті. Сонымен қатар 2022 жылғы 14 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы отандық тұқым шаруашылығын дамыту, шаруашылықтарды минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді және Үкіметке тиісті тапсырмалар берді. Үкімет пен әкімдіктер тарапынан берілген тапсырмаларды орындау бойынша барлық қажетті шара қабылданады. Өңірде өткен жылы егін шығымы жақсы болып, диқандар мол өнім жинады. Жиналған астық көлемі 2021 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 81%-ға артық. Дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 16 центнерді құрады. Мұндай өнімділік – біздің облыс бойынша соңғы он жылда болған ең жоғары көрсеткіш, – деді Н. Төреғалиев.
Кеңесте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Наурызбай Қарағойшин күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасады. Баяндамаға сүйенсек, 2022 жылы өсімдік шаруашылығында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабын әртараптандыру жұмыстары одан әрі жалғасты. Былтыр облыстағы егіс алқабы 586,2 мың га алқапты құраған, бұл 2021 жылғы егістік аумағынан 3,3%-ға (567,2 мың га) артты. Дәнді дақылдар алқабы 203 мың га, соның ішінде күздік дақылдар 54,7 мың га болды. Майлы дақылдар 186 мың гектарды құрап, 2021 жылғы көрсеткіштен 1,5 есеге артты (2021 жылы 121,9 мың га), соның ішінде мақсары дақылының алқабы ұлғайды. Мақсары алқабы 2021 жылы 69,2 мың га құраса, өткен жылы 123,2 мың гектарға жетіп, 78%-ға артты. Картоп және көкөніс-бақша дақылдары 9,4 мың га (картоп – 4,1 мың га, көкөніс – 3,8 мың га және бақша дақылдары – 1,5 мың га) алқапқа отырғызылды, бұл 2021 жылғыдан 200 га артық (2021ж. - 9,2 мың га). Мал азықтық дақылдар 187,9 мың га егіліп, 2021 жылғы (2021 ж. - 187,4 мың га) деңгейде қалды.
Жиында атап өтілгендей, барыс жылғы қолайлы ауа-райының және мемлекеттің қолдауының арқасында диқандар көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы жүргізді. Жалпы дәнді дақылдардан 319 мың тонна астық жиналды. Майлы дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 7,7 центнерді құрап, 136 мың тонна өнім алынды. Кейінгі жылдары өсімдік шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар тыңайтқыштарды пайдалануға көңіл бөле бастады. Мысалы, былтыр 2017 жылмен салыстырғанда тыңайтқыштарды пайдалану көлемі 3 есеге өсті. Облыс тұрғындарының картоп пен әлеуметтік маңызы бар көкөніс түрлеріне деген қажеттілігін жергілікті өнімдер есебінен қамтамасыз ету үшін 2022-2025 жылдарға арналған «Жасыл белдеу» тұжырымдамасы жасалды. Онда 2025 жылға дейін картоп пен көкөніс алқаптарын кеңейту, өнімдерді сақтау үшін көкөніс қоймаларын салу бағыттары көрсетілді. 2025 жылға дейін картоп пен көкөніс алқаптарын 2,2 мың гектарға ұлғайту арқылы (картоп - 708 га, қырыққабат - 465 га, сәбіз - 725 га және пияз - 255 га) облысты толық қамту жоспарланып отыр. Өткен жылы 62,9 мың тонна картоп, 9,9 мың тонна сәбіз, 8,3 мың тонна пияз және 9,3 мың тонна қырыққабат өнімі жиналды. Бұл тұтыну межесіне сәйкес облыс халқының картопқа және көкөніс түрлеріне деген қажеттілігін ішінара қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Облыста 58,8 мың тонна көкөністі сақтайтын 54 қойма бар. Былтыр (сыйымдылығы 7 мың тонна) екі көкөніс қоймасы салынды. 2025 жылға дейін жалпы сыйымдылығы 50,1 мың тонна болатын 21 көкөніс қоймасын салу жоспарланған.
Н. Қарағойшиннің сөзінше, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабын 600 мың гектарға жеткізу межеленген. Бұл былтырғы егістік жер көлемінен 2,4%-ға немесе 13,8 мың га артық. Соның ішінде дәнді дақылдар – 238,4 мың га, майлы дақылдар – 163,5 мың га, мал азықтық дақылдар – 188,5 мың га, картоп және көкөніс, бақша дақылдары 9,6 мың га болады. «Жасыл белдеу» тұжырымдамасын одан әрі жалғастыру мақсатында 2023 жылы картоп пен әлеуметтік маңызы бар көкөніс түрлерінің алқабын қосымша 610 гектарға ұлғайту көзделген. Соның ішінде картоп – 197 га, пияз – 65 га, сәбіз 203 га және қырыққабат 145 га жерге өсіріледі.
Басқосуда алдағы көктемгі егіске дайындық жұмысы пысықталды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Омашев былтыр 11500 тонна арзандатылған дизель отыны жеткізілгенін, биыл оның шамасы 13500 тонна болатынын айтты. «Бірақ оның сатылым бағасын белгілеуді министрліктегілер кешіктіреді, сондықтан отынды жеткізетін операторды конкурс арқылы анықтау уақтылы жүргізілмейді», – деді Д. Омашев. Өңір басшысы тиісті министрлікке осы мәселе жөнінде қатынасхат жазып, мәселені дер кезінде шешу қажеттігін айтты.
Жиынға қатысушы егін шаруашылығы саласының өкілдері, шаруашылық басшылары көкейдегі ой-пікірлерімен бөлісті. Кәсіпкер Мұрат Жәкібаев егістік жердің көлемі ұлғайғанымен, облысқа бөлінетін дизель отынының шамасы өзгермейтініне өңір басшысының назарын аудартты. Бәйтерек ауданында егін шаруашылығын қолға алған Сәбит Өтебалиев ауданда жер телімдерін сату конкурстарының әділ өтпейтініне наразылығын білдірді. Шаруагер Валерий Голоухов әлеуметтік нанды табысы жеткілікті барша тұтынушыға сатудың дұрыс еместігін, оны әл-ауқаты төмен отбасыларға кәртішкемен беру жөніндегі ұсынысын білдірді. «Қазір техника, оның бөлшектері қымбат. Техникаға қызмет көрсету бағасы да қымбат. Нан бағасы 200 теңге болып тұра беретін болса, ауыл шаруашылығы тоқырайды», – деді В. Голоухов Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі ауыл шаруашылығы басқармасына көктемгі далалық жұмыстарға дайындықты әлден ширату қажеттігін айтып, басқа да тиісті құрылым, қаржы ұйымдарына нақты тапсырмалар берді.
Гүлбаршын Әжігереева,
Сурет: Эльвира Меңдіғали
zhaikpress.kz