27.01.2023, 1:00
Оқылды: 74

«Дауысыңды, аға, сағындым…»

Бүгін Жымпитыда Батыс ән мектебінің көрнекті өкілі, дала дауысы Амангелді Ғұбайдуллинге арналған өнер кешінде тұсауы кесілген әннің қайырмасында осындай сөздер бар. Ағаға деген аңсарды, сағынышты  сөйлеткен жаңа туындының авторлары – Әбестің елдегі ізбасарлары, яғни дәстүрлі әндерді орындаушылар. Сөзін дәстүрлі әнші Тілекқабыл Жауынбаев, ал әнін Армат Алдамжаров жазған. Әуенді белгілі композитор, әнші Жаскелең Ғайсағалиев нақышына келтіріп өңдеген.  

IMG_1634

Тарас Жауынбаев үлбіреген үнімен:

- Мұхиттың шырқап әндерін,
Сездірдің әннің пәрменін.
Махамбет болып бір сәтке,
Термелеп көкке өрледің.

Әніңе, аға, табындым,
Дауысыңда, аға, сағындым!,  – деп шырқағанда Әбестің көзін көрген қатарластары, домбырасын көтеріскен іні-бауырлары, шәкірттері жанарларын еріксіз сулады.

IMG_1638

Әнші-термеші, Бүкілодақтық телевизиялық байқаулардың лауреаты Амангелді Ғұбайдуллинді еске алуға арналған «Ән бекзадасы» атты шараны Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев сөйлеп ашып, асылдың асыл жары Балсекер ханымға аға үйінің отын сөндірмегені үшін алғыс айтып, иығына қамзол жапты.

IMG_1649

Өнер кешінде ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, әнші-термеші, ақын, жыршы Қатимолла Бердіғалиев, «Махамбет» сыйлығының иегері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры, күйші Едіге Набиев, белгілі композитор, әнші Донеділ Қажымов, Сырым ауданының Құрметті азаматтары Есберген Әжібаев, Мүтәлі Төреғалиев, Құсайын Бақтияров, ақындар, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Махмет Қажиахметов, Сағынтай Бисенғалиев, журналист Махамбет Ерниязов, Х. Бөкеева атындағы қазақ драма театрының директоры Нұржан Тасболатов, «Аққайың» вокалды-аспапты ансамблінің мүшелері болған Төлеген Есмұханов, Жәмила Ғатауова, Салтанат Жұбаниязова секілді бірқатар қонақтар қатысып, естеліктер айтты.

IMG_1646

Мұхит Біранов, Зияш Аманғалиева, Мұсағали Бектенов, Қайрат Кәкімов, А. Ғұбайдуллин атындағы балалар саз мектебінің, дәстүрлі ән сыныбының ұстаздары мен шәкірттері сахнаға шығып, «Қанапия», «Жантелім», «Оралымға» салғанда, сері Амангелдінің дәурені қайта туғандай, үзілген ән жалғанғандай болып, көрермен көңілі бір марқайып қалды.

IMG_1652

Амангелді аудандық мәдениет үйінде 30 жылға жуық уақыт қызмет жасады. 1992 жылы Мұхит сыныбын ашып, шәкірт тәрбиеледі.  Әншінің репертуарындағы «Гүл-гүл жайна!» әнін халықтық «Сырым сазы» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен Мерген Мұқанов орындаса, сүйікті әні «Жусан иісін» Жәмила Ғатауова шырқады. Құдайберген Сұлтанияров салған «Жан аға» әні кештің сәтті нүктесін қойды.

Түсте Жымпитыда ән бекзадасының рухына ас берілді.

Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Суреттерді түсірген: Айжан Амангелдина

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале