9.02.2023, 16:30
Оқылды: 22

Көз - адам жанының айнасы

 «Гипократ антын» қабылдап, адам өмірінің сақшысына айнала білген ақ халатты абзал жандардың ерен еңбегі әркез халықтың жадында сақталуы тиіс. Сондықтан біздің бүгінгі әңгімемізде ауданда ұзақ жылдар бойы жемісті  еңбек етіп келе жатқан дәрігер Сағынғали Медетұлы Ермұхамбетов жайында болмақ.

Көз аға фото

Сағынғали Медетұлы 1952 жылы қыркүйек айында Орынбор облысына қарасты Елек ауданындағы Димитровский ауылында көпбалалы отбасында  дүниеге келеді.

    - Біз алты ағайынды мұғалімдер отбасында дүниеге келдік. Қазіргі таңда менен басқа  бір апам мен екі қарындасым ғана қалды. Өкінішке орай  екеуі біздің қатарымызда жоқ. Өз басым төртінші сыныпқа дейін Орынбор облысында қазақша білім алдым. Кейін 4-5 сыныпты отбасылық жағдайға байланысты Ақтөбе облысына қарасты Мартук ауданында орысша оқыдым. Ал алтыншы сыныпты Қызылорда қаласында жалғастырып, 7-8 сыныпты  сол кездегі Орал облысына қарасты Шыңғырлау ауданында оқыдым. Ол жерден 8 сыныпты бітірдім. 1969 жылы Қызылорда республикалық дәрігерлік училищесіне оқуға түсіп, оны 1973 жылы фельдшер мамандығы бойынша аяқтап шықтым. Сол жылы әскер қатарына қабылданып азаматтық борышымды өтедім. Әскер қатарында жүріп сан инструктор (фельдшер) міндетін атқардым. Әскери борышымды өтеп келген соң бес ай  Шыңғырлауда Белагор учаскелік ауруханасында фельдшер болып қызмет еттім. 1975 жылдың желтоқсан айы мен 1976 жылдың маусым айы аралығында Ақтөбе қаласындағы мемлекеттік медицина институтының дайындық бөлімінде білім алып, сол жылы аталмыш  институтқа оқуға қабылдандым. Яғни, студент атандым. Оны 1982 жылы бітірдім, - дейді Сағынғали Медетұлы.

 Ол алғашқы еңбек жолын 1983-84 жылдары Қаратөбе аудандық ауруханасында офтальмолог (көз дәрігері) болып бастаған. 1984 жылдан бері күні бүгінге дейін Тасқала ауданында дәрігер офтальмолог болып қызмет етіп келеді. Бар саналы ғұмырын денсаулық саласына арнап келе жатқан ел ағасының зейнетке шықсада әлі күнге жұмыстан қол үзбей келе жатқаны, оның өз жұмысын жанындай жақсы көретінінің белгісі десек артық болмас. Осы жылдар аралығында оның тынымсыз еңбегі бағаланып, басшылық тарапынан  біраз марапаттарға ие болды. Кейіпкеріміз 1982 жылы отбасын құрды. Бүгінгі таңда жан жары Надия Сатқалиқызы екеуі бір қыз бен бір ұлды өмірге әкеліп, оларды өсіріп өндіріп, қазір солардан тараған немере-жиендердің қызығына бөленіп отырған бақытты жандар.

Қызы Зухра Астана қаласында қаржы министрлігінде сарапшы болып қызмет етсе, ұлы Дәурен әке жолын қуып дәрігер атанды. Қазір Орал қаласындағы облыстық ауруханада бөлім басшысы,  әрі микрохирург, офтальмолог қызметін атқарады.

- Қазір еңбек етемін деген адамға бар жағдай жасалған. Мамандар әр кез білімдерін тереңдетіп отырса, бойындағы адамгершілік қасиеттерін дамытып еңбегінің жемісін көруге болады. Сондықтан, тек ерінбеу керек, - дейді офтальмолог дәрігер Сағынғали Медетұлы.

Назгүл Серік,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале