14.02.2023, 15:30
Оқылды: 108

«Сырты бүтін, іші түтін» немесе жаңа үйге көшкен жұрт неге жабырқаулы?

Қаратөбе аудандық құрылыс бөлімі басшылығының назарына!

Бүгінде елімізде тұрғындардың баспаналы болуына арналған мемлекет­тік бағдарламалар жетіп артылады. Осы орайда, әр өңірде құрылыс қар­қын алып, тұрғын үйлер көптеп салынуда. Қаратөбе ауданының орталығында да жыл са­йын тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, қара­пайым халық қоныс тойын тойлауда. Алайда соңғы кезде тұрғын үйлердің сапасына жиі сын айтылып жүр. Әрине, көпшілік үшін үйдің санынан гөрі, сапасы маңызды.

 тұрғын үй (10)

2021 жылы Қаратөбе ауданы орталығы Қаратөбе ауылында айтулы оқиға орын алып, бір қабатты 67 тұрғын үй халықтың қолданысына берілген болатын.  «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған аталмыш үйлердің құрылысына облыстық бюджеттен бөлінген 562 млн. теңге жұмсалған. Баспана мемлекеттік қызметшілерге, бюджеттік ұйым қызметкерлеріне, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтарға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға және көпбалалы отбасыларға берілді. Аталмыш тұрғын үйлердің құрылысын мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы мердігер «Нур-Талап и К» ЖШС жүргізді.

тұрғын үй (2)

Бастап­қы баспаналар пайдалануға берілген кезде көптің қуа­ны­шында шек болған жоқ. Себебі, талай тұрғынның түйткілді мәселесі шеш­ілген еді. Көпке баспана бақытын сый­лады. Кейіннен үй­лер­дің сапасыз салынғаны туралы шағым көбейді. Бұл негізсіз де емес еді. Мұның зардабын әлеуметтік аз қам­тылған отбасылар мен мүмкіндігі шек­теулі баласы бар көптеген отбасы көріп келеді. Көпшіліктің тұрғын үй кілті қолда болғанымен, көңілдерінде алаң басым. Олай болатын себебі де бар.

Су жаңа аталмыш тұрғын үйлердің терезесінен жел үріп, есігі жабылмайды. Жаңбыр жауса шатырынан су кетіп, жылу жүйесі дұрыс орнатылмағандықтан қыста үй-іші салқын. Облыстық бюджеттен бөлінген қаражат мар­­дымсыз болған ба, әлде аталған ком­­панияның жауапкершілігінің аз­дығынан ба, әйтеуір нысанның са­пасы көңіл көншітпейді. Ал та­лай жыл табанын тоздырып, әупірімдеп баспанаға қол жеткізген көпшілік бұған наразы. Өйткені, шағын аудан тұрғындары қасқалдақтың қанындай, қарлығаштың жанындай күн кешуде. Себебі, аудан әкімдігі жанынан құрылған  комиссия қабылдаған тұрғын үй қыстың қытымыры алқымынан алған кезде аяз бен боранға шыдас бермей қара суық ұрып, қабырғасы сыз тартқан. Жылу жүйесі дұрыс жүргізілмегендіктен үйдің батареялары да қанжылым. Суыққа тоңып, сапасыз үйден қауіптенген кейбір отбасылар қыстың көзі қырауда туыстарының үйін паналауда. Сырты бүтін, іші түтін жаңа үйдің бітпеген шаруасы шаш етектен. Сол себепті, мұндағы тұрғындар «Сапасыз үйге сапалы жөндеу керек», - дейді.

 Сондай тұрғынның бірі – зейнеткер Қайырғали Исмурзин.

 – Осы үйді көп күттім. Үйіміз апаттық жағдайда болғандықтан аудан әкімдігі осы тұрғын үйді беріп, алғанбыз. Енді пəтерлі болдым ба деге­нде салқын үйден пұшай­ман күй кешіп отырмыз. Алған пə­терімізде кемшілік көп. Пәтеріміздің суы әлдеқашан тоқтап қалды. Аудандық коммуналдық шарушылық мекемесіне мамандарын шақыртқанымызда ауыз су күн жылына көктемде бір-ақ жүретінін айтты. Әнәукүнгі, қатты аяздарда үйіміз салқын болып, тұру мүмкін болмады. Құрылысты жүргізген мердігер жылу жүйелерін сапасыз орнатқан. Жылу батареяларын аз қондырған. Суыққа шыдас бермеген үйіміздің қабырғалары көгеріп, төбемізден салқын жел үреді. Бұл туралы екі-үш рет хабарлама түсіріп, аудандық əкім­дікке барып шағымымызды айт­тық. Бірақ, еш нәтиже жоқ. Құрылысқа жауапты аудандық құрылыс бөлімінің бас­шы­сы­лығы уəдені үйіп-төгіп кетті, - дейді.

Сондай-ақ үш баланың анасы Гүлфараз Хасенова да алғаш пəтер алғанына қуанған жандардың бірі. Ол тіпті сүйінші хабарды естіген бойда осы күнге дейін апаттық жағдайда тұрған пəтерін өткізіп, көшуге асығыпты. Алайда оның да қуанышы ұзаққа созылмаған.

тұрғын үй (3)

– Қолымызға пəтер кілтін ұстатқан күннің ертеңіне-ақ көшіп келдік. Бірақ, біздің үйдің сапасы нашар. Аталмыш тұрғын үйдің №32 пәтерінде тұрамын. Қазіргі таңда салқынға шыдас бермеген үйімнің қабырғалары көктеп, жарылып жатыр. Былтыр лекерлеп тұрып шығып едік. Биыл  үйіміз өте салқын. Тіпті тұру мүмкін емес. Бүгінгі күні күннің көзі мол түсетін бөлмеде қыстап отырмыз. Қалған бөлмелер салқын. Қыс басталғалы кішкентай қызым әлсін-әлсін ауырып балабақшаға бара алмады. Тіпті, өзімізде сырқаттанып қаламыз. Жаңа үйге қоныстандық деп қуанып едік, алайда қуанышымыз су сепкендей басылды. Ай сайын үйдің қажетті төлемін төлеп отырмыз. Мына үйде тұрғаннан бұрынғы өзімнің от жағатын ескі үйім жақсы. Әйтеуір балаларым жылы жерде отыратын еді. Тиісті мекеме басшыларына айтсақ əйтеуір сылтаулары бітпейді. Whatsapp мессенджерінде көршілердің ортақ чаты бар. Бәрі де үйдің сапасына наразы. Бұндай масқаралыққа қашанғы төземіз. Шыдамның да шегі бар, - дей­ді Гүлфараз.

 – Даулы үйде осымен екінші мәрте қыстап отырмын. Бәлен жыл күткен үйіміздің сапасы өте нашар. Жаңа үйге керіп, қуанып едік алайда, қуанышымыз ұзаққа созылмады. Жаңа болғанымен келгелі жыртығын жамап келеміз. Қыс түссе салқын үйде өз күшіммен жылу батареяларын толығымен ауыстырып, жөнге келтірдім. Төбенің қымталуында дұрыс жасамағандықтан оны да өз күшіммен қалпына келтірдім. Жатын бөлменің қақ ортасынан неге екені белгісіз су шығып кетеді. Бөлменің сылағы түсіп жатыр. Онымен қоса кәріз құбырлары да құрылыс стандартына сай келмейді, - дейді көп балалы әке Бекболат Нұрғалиев.

тұрғын үй (1)

Жаңа тұрғын үйге қоныстанған жұрт­шы­лық­тың жанайқайы осы. Көпшілік мәсе­ле­нің шешілмей келе жатқанына күйі­­неді.  Күр­меуі қиын күрделі мәселе алдағы уа­қыттарда оңынан шешілер деген үміттері де жоқ емес.

Осы орайда, тұрғын үй құрылысына жауапты мекеме басшылары тұрғындардың талап тілектерін ескеріп, көкейкесті мәселені оңтайлы шешуге септігін тигізсе кәні?...

Райымбек Абай,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале