Бүгін облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов «Жайық Пресс» медиахолдингінде болып, баспасөздің қара шаңырағында қызмет етіп жүрген журналистер қауымын Алғыс айту күнімен құттықтады.
– Сіздер еліміздегі идеологиялық қарусыз майданның басты әскерлері іспеттессіздер. Елдегі саясатты, облыс басшылығының өңір игілігі үшін атқарған әр жұмысын насихаттап, мемлекеттік бағдарламалардың атқарылуын халыққа жетізу жолында зор қолдау көрсетіп келесіздер. Сол себепті де бүгінгідей айтулы мерекеде өздеріңізбен жүздесіп, облыс әкімі атынан Алғыс айту күнімен құттықтауды жөн санадық. Сіздер арқылы аудандардағы әріптестеріңізді де құттықтаймыз. Өңіріміздің гүлдене түсуіне, халықтың көңіл-күйінің жоғары болуына, әл-ауқатының артуы жолында атқарған еңбектеріңізге сәттілік тілеймін! Отбасыларыңыз аман, еңбектеріңіз жемісті болсын, - деді Бақытжан Хаберұлы.
Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары жалпы «Жайық Пресс» ұжымына және бір топ журналистерге алғысхаттар табыстады.
Алғыс айту күні мерейі тасып, марапатқа ие болғандардың қатарында «Орал өңірі» газетінің тілшілері Есенжол Қыстаубаев, Нұрымбек Жапақов, Гүлжамал Кенжеғалиева, «Приуралье» ұжымынан Наталья Горохова, Жанна Балықова, Светлана Аманова, сонымен қатар «Жайық Пресс» ақпарат агенттігінің басшысы Нұрбек Оразаев бар.
Басқосу соңында сөз алған «Жайық Пресс» ЖШС директоры Табылғали Сапаров барша ұжымды мерекемен құттықтап, облыс басшылығына көрсеткен ілтипаты үшін алғыс білдірді.
zhaikpress.kz