1 наурыз – Алғыс айту күніне орай қалалық білім беру ұйымдарында түрлі форматтағы шаралар өткізілуде. Бұл туралы Орал қалалық білім бөлімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мерекеге орай «Өнегелі ғұмыр» атты ардагер-ұстаздармен мерекелік кездесу кеші ұйымдастырылды. «Шабыт» орталығына жиналған қала мектептері көшбасшылары ардагер-ұстаздарды құрметпен қарсы алды. Қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Айтжан Даумова білім саласындағы қажырлы еңбектері үшін аға буын өкілдеріне алғыс айтып, көктемнің алғашқы күнімен келген мерекемен құттықтады. Мерекелік кездесу сұхбаттасу форматында өтті.
Өнегелі өмір жолдарынан сыр шерткен кеш қонақтарына өнерпаз шәкірттер концерттік бағдарламаларын ұсынды. Кеш соңында ардагер-ұстаздарға гүл шоқтары мен тәттілер табысталып, Шәмшінің әндерінен попурри орындалды.
Ал мектеп кітапханаларында «Қазақ халқына мың алғыс» көрмелері жасақталды. «Алғысым шексіз...» челленджі ұйымдастырылып, оқушылар, педагогтар қоғамның әр түрлі саласында еңбек етіп жүрген мамандарға әлеуметтік желі арқылы бейнеалғыс жолдады.
«Ата-анам – алтын тұғырым», «Спасибо, папе и маме» тақырыптарында балалардың ата-аналарына алғыстарын жеткізуі, шәкірттердің ұстаздарына, кіші қызметкерлерге алғыс айту акциялары ұйымдастырылды.
Жоғары сынып оқушылары «Рахмет саған, Отаным» тақырыбында эссе жазып, әр сыныпта «Алғыс айту – ең асыл қасиет» сынып сағаттары өткізілді.