14.03.2023, 10:15
Оқылды: 159

«Педагог әдеп қағидасын сақтауы тиіс»

Назарларыңызға білім  саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің облыстағы    басшысы Бұлбұл Күзембаевамен сұхбатты ұсынамыз.

7f6f3772-0518-40a3-b68e-0138eb631d4d

– Бұлбұл Бисенбайқызы, білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің негізгі функциясы қандай? Әңгімемізді осыдан бастасақ...

– ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты департаменттер 2011 жылы құрылды. Еліміз егемендік алып, әр сала дами бастаған кезде, әрине, бақылау керек болды. Негізгі міндетіміз – білім саласын мемлекеттік бақылау. Оның ішінде жоспарлы тексеріс, жоспардан тыс тексеріс, мемлекеттік аттестация өткіземіз. Білім беру ұйымдарының барлығы бес жыл сайын мемлекеттік аттестациядан өтуі керек. Жыл сайын жоспарлы тексеріс жүргізіліп тұрады. 2022 жылы мемлекеттік аттестацияға облыс бойынша  99 білім беру ұйымы, оның ішінде 46 мектепке дейінгі ұйым, 33 мектеп және 20 колледж қатысты. Сол 99 білім беру мекемесінің  9-ы өтті, 90-ы өткен жоқ. Аттестациядан өткен 9 мекеменің 8-і – мектепке дейінгі ұйым, біреуі ғана мектеп. Жиырма колледждің біреуі де өткен жоқ. Біз аттестациядан өтпеген білім беру мекемелеріне анықталған кемшіліктерді жою бойынша әдістемелік ұсынба береміз. Аттестациядан қайта өту үшін олар уақытын өздері белгілейді. Біз өз тарапымыздан белгіленген уақытқа комиссия құрамыз.  Негізінен білім беру мекемелерінің жұмыс жоспары, мұғалімдердің сағаты, апталық жүктеме дұрыс жоспарланбай жатады. Мұның бәрі нормативтік құқықтық актілердің дұрыс қадағаланбауынан орын алады. Бір білім беру ұйымының өзінен 10-12 бұзушылық анықталады. Екіншісі, мектептің материалдық базасы, мекеменің кадрларына байланысты мәселелер туындайды. Сондықтан стандарт талаптарының бір бөлігіне сәйкес келмесе, аттестациядан өтпейді. Білім беру ұйымы мемлекеттік аттестациядан екінші рет өте алмаса, профилактикалық бақылауға алынады. Бірақ ондай мектептер жоқ. Сапаны қамтамасыз ету департаментінің және комиссияның сауатты жұмыс жасауының нәтижесінде білім саласындағы біраз кемшілік қалпына келтірілуде. Біз мемлекеттік бақылау арқылы олардың кемшілігін  жойып  отырмыз.

–  Білім саласын саралау бағытында мониторинг жүргізесіздер ме? Жалпы облыстағы білім сапасы қай  деңгейде?

– 2022 жылы мемлекеттік аттестацияның өзін-өзі бағалау кезеңінде облыстағы 34 мектептің 1869 бітірушісінен тест сынамалары алынды.  Нәтижесінде 31 мектептің 554 оқушысы межеленген 40 балды жинай алмады. Бұл – олар екіге тапсырды деген сөз.  (4-сынып бойынша 805 оқушының 129-ы (16%), 9-сынып бойынша 715 оқушының 277-і (38,7%), 10-сынып бойынша 18 оқушының 7-еуі (38,9%), 11-сынып бойынша 331 оқушының 141-і (42,6%) шекті балды жинай алмады). Оның ішінде Ақжайық ауданындағы И. Тайманов атындағы негізгі орта мектеп, Тінәлі негізгі орта мектебі және Теректі ауданындағы Новопавловка орта мектебінің  білім  сапасы  өте  төмен.

Оқушылардың білім жетістігін саралау үшін жылына бір рет мониторинг өткізіледі. Өткен жылы облыстың 46 мектебінің 4 және 9-сыныптарынан 1649 оқушы қатысып,  тест тапсырды. Орташа балл 32,3-ті құрады (республика бойынша орташа балл – 34, 1), 17 өңір арасында 14-орында тұрмыз. Мониторингтің қорытындысы бойынша жалпы орташа балл бойынша ең жоғары көрсеткіш Қаратөбе, Жаңақала аудандарында болса, ең төменгі көрсеткіш Тасқала ауданы, Орал қаласы екенін атап өткім келеді. Жалпы білім сапасы көңіл көншітерліктей емес. Сондықтан осы бағытта облыстық білім басқармасы, білім бөлімдерімен бірге  кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді. Бірінші кезекте педагогтердің біліктілігін арттыруымыз қажет. Сондай-ақ білім сапасы төмен мектептер мен үлгерімі төмен оқушыларға қолдау көрсету, қосымша сабақтар, семинарлар өткізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл кешенді жоспардың ішінде  пән мұғалімдерімен, сынып жетекшілерімен, ата-аналармен жұмыс қамтылған.

– «Мұғалім мәртебесі» туралы заң қабылданды. Дегенмен кейбір педагогтердің осы заңды арқа тұтып, мектеп айналасындағы сенбілікке де шыққысы келмейтіні туралы әлеуметтік желілерге жазып жатады. Бұл қаншалықты дұрыс? Сонда оқушыны еңбекке баулу, оған үлкендердің үлгі көрсетуі қайда қалады? Сонымен қатар ата-аналар тарапынан «Бастауыш сынып мұғалімдерінің өзі қит етсе, «Репетиторға барыңыз» дейді, неге қосымша сабақ өткізбейді екен?» деген шағымды жиі естиміз. Бұған не  дейсіз?

– Мұғалімдерге маңызын түсіндіріп, өздері қызмет жасайтын білім ошағының ауласын жинайтын сенбілікке алып шығу ұжымды ұйымдастыра білетін тәжірибелі мектеп басшысына байланысты. Егер басшы беделді болса, ұжымды соңына ерте алар еді. Мектебінің айналасын жинатып, абаттандырып, тіпті балалар арасында байқау ұйымдастырып,  мектеп ауласын гүлдендіріп қойғандары да бар. Педагогтің негізгі функциясы – шәкіртке сапалы білім, саналы тәрбие беру. Сондықтан біздің департамент педагогтердің құқын қорғайды. Ал «Мұғалім мәртебесі» туралы заң педагогтерді қолдау үшін қабылданды. Бұған дейін, шыны керек, мұғалімнің араласпайтын жері жоқ еді. Қай жерде зал толмай жатыр, қай жерде сенбілік, соның бәрінде мұғалім жүретін. «Мұғалім мәртебесі» туралы заңда педагогтерге өз кәсібіне жатпайтын міндеттемелерді жүктемеу туралы жазылған. Мәселен, мұғалімнің мектепте 16 сағаты болса, мұғалімге сол сағатына ғана ақша төленеді. Ал ақша төленбейтін жұмысқа мұғалімді тартуға болмайды. Қосымша сабақ, мектепішілік жұмыстардың бәрі де мұғалімнің келісімімен жасалады. Жалпы орта білім беретін мектептердің негізгі мақсаты – базалық білімді меңгерту. Ол жерде мұғалім тереңдетілген білім беруге міндетті емес. Әрі қарай ата-ана баласын пән бойынша дамытамын десе, өзі таңдау жасап, оқу орталықтарына, репетиторларға апаруға болады. Біз мұғалімнен «Әр баламен жеке жұмыс істе» деп талап ете алмаймыз. Бұл жерде күнделікті тақырыпты меңгерту, біріншіден, мұғалімнің шеберлігіне, екіншіден, баланың қабілетіне де байланысты. Қанша түсіндірсе де, қабылдамайтын балалар болады. Ондай балалар ауызша сабақтарды дұрыс оқи алмаса да, математикадан немесе спорттан жақсы болуы мүмкін. Сондықтан мұғалімнің оқушыны қарым-қабілетіне қарай  бағыттағаны  дұрыс.

– Бұлбұл Бисенбайқызы, педагогтер жұмысында түрлі бағытта есеп беру, қағазбастылық мәселесі әлі де өзекті секілді. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Негізінен педагогтерден артық есеп талап етілмейді. Өткен жылы Орал қаласы, Казталов, Тасқала, Бөрлі аудандарының мұғалімдерінің қатысуымен сауалнама жүргіздік. Сауалнамаға 4993 педагог қатысты. Артық есеп беру туралы сұраққа 473 педагог жүйелі түрде артық есептілік талап етеді деп жауап берген.  851 педагог кейде десе, 663 педагог жауап беруге қиналамын депті. Демек, бұл жерде мәселе бар екені анық. Жұмыс барысында түрлі мәліметтерге қатысты есеп те керек. Әр тоқсан аяқталған сайын барлық мектеп аудандық, қалалық  білім беру бөлімдеріне келіп, өздерінің параметрі бойынша есеп тапсырады. Білім беру бөлімі сол есепті қабылдап алады. Ол келесі тоқсанға дейін өзгеріп кетпейді. Өкінішке орай, бізде министрліктен бір тапсырма келсе, оны білім басқармасы қалалық, аудандық білім беру бөлімдеріне, бөлім мектеп директорларына, директор орынбасарларына, орынбасар бірлестік жетекшілеріне, олар сынып жетекшілеріне жібереді. Айналып келгенде, оны істейтін педагог. Негізінен мұндай іспен қалалық, аудандық білім беру бөлімдері айналысуы керек. Өйткені әр білім мекемесінің ұлттық деректер қоры бар. Сол жерде барлық мәлімет болуы тиіс.  Егер осы деректі дұрыс толтырмаса, мектеп басшысы жауап береді. Сондықтан білім беру бөлімі  бар мәліметті сұрауға еш құқығы жоқ. Қазіргі күнде білім басқармасы, білім беру бөлімі тарапынан бұл жұмыстар реттеліп келеді. Бұл жерде де артық есеп беруге қатысты мұғалімнен шағым түсіп, ол дәлелденсе, әкімшілік жауапкершілікке тартамыз. Сондай-ақ педагогтерге қызметтер мен тауарларды сатып алуға міндеттеуге болмайды.  Мысалы, мұғалімге «Кабинетті өзің оформление жаса» дейді. Бұл мақсатқа мемлекеттен  қаражат қарастырылған. Жеке білім беру ұйымы болса, құрылтайшысы қаражатты тауып беруі керек. Бірде-бір мұғалімнің қалтасынан ақша шығаруға жол берілмейді. Мектепте әдемі стенд жасауға бірге жиналайық деп жатады. Бұл – заңбұзушылық. Мұғалімдермен онлайн кездесуде ең көп көтерілген мәселе – газетке жазылу мәселесі болды. Бұл «Мұғалім мәртебесі» заңының қызмет пен тауарларды сатып алуға болмайды деген бөлігіне кіреді. Мектепте газет-журналдарды сатып алуға арнайы ақша бөлінген. Мен әріптестеріме  «Біз өз тарапымыздан жергілікті атқарушы құрылымдарға «Мұғалім мәртебесі» заңын алға тартып, хат жазамыз. Сіздер газет тілшілері үгіт- насихат жұмыстарын жүргіземін десе қолдаңыз. Келген адам мұғалімдерді қызықтырып, олар өздері жазыламын десе, ешқандай шектеу қойылмайды» деп түсіндірдім. Тағы бір мәселе, ата-аналар мұғалімнің ар-намысына тисе,  өрескел сөздер айтып, дауыстық хабарлама жіберсе, әлеуметтік желіде қаралап  жазса, ата-анаға айыппұл салынады. Бұл шамамен 80-100 мың теңге көлемінде. Көп жағдайда мұғалімдеріміз кешірімді. Олар бәрін түсінеді. Бірақ бейәдеп сөздер айтып, мұғалімнің намысына тисе, мұғалімді құрметтемесе, меніңше, ондай ата-аналарды жауапқа тартып, тәртіпке  шақыру  керек.

– Ұстаз әдебі, педагог этикасы – мұғалім мен бала, ата-ана мен мұғалім арасындағы қарым-қатынас. Педагогикалық этика ұжым ішінде, мұғалімдер арасында басталып, өзінің заңды жалғасын сыныптарда табуы тиіс. Бірақ осы қарапайым қағиданы сақтамай, бейәдеп сөйлейтін мұғалімдер, білім беру ұйымдарының басшылары көбейіп барады. Педагогикалық этиканы сақтамағандарға қандай шара  қолданылады?

– «Мұғалім мәртебесі»  туралы заң қолданысқа енгеннен кейін Білім және ғылым министрлігінің 190-шы бұйрығы шықты. Осы бұйрықпен педагогтердің әдеп нормалары және  әрбір білім мекемесінде әдеп жөніндегі кеңес құру туралы ереже бекітілді. Кеңес құрамына педагогтер, кәсіподақ, білім басқармасы, білім беру бөлімдерінен мамандар енгізілді.  Департамент жанынан да педагогтердің құқын қорғайтын консультативті кеңесші құрылым құрылып, жұмыс істей бастады. Өткен жылы он екі отырыста 20 мәселе қаралды. Осы мәселені қарау нәтижесінде 33 педагог жауапкершілікке тартылып, үш білім беру ұйымының басшысы өрескел әдеп нормасын бұзғаны үшін жұмыстан шықты. Департаментке түсетін арыз-шағымдарды қарап отырсақ,  ата-аналардан гөрі педагогтерден шағым көп түседі екен. Өткен жылы педагогтерден 11 өтініш түсіп, сол бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Жалпы педагогтің басшы тарапынан қысым көруі, қудалауға ұшырауы жиі кездеседі.  Екі мектептің басшысы жеке тұлғаның шағымымен, отбасылық өміріне араласқаны үшін жұмыстан кетті.  Біздің намысымызға тиетіні, білім беру мекемесінің басшылары осылай жасайтын болса, балаларымызды кімге сеніп тапсырып отырмыз? Бұл – ойланатын мәселе. Сондай-ақ басшылардың ұжыммен тіл табыса алмауы, ұжымның басшыға қарсы болуы  жиі кездеседі. Жекелеген  және бірнеше маман қол қойған ұжымдық шағымдар да бар. Мұғалім  тек жұмыста ғана емес, жұмыстан тыс уақытта әдеп нормасын сақтауы керек деп бұйрықпен бекітілген. Ал мұғалімдердің жұмыстан тыс уақытта жиналып алып, ішімдік ішуі дұрыс емес. Мұндай жағдай ауылдық жерлерде кездеседі. Ауыл кішкентай ғой. Ауылдың мұғалімі ауыл мектебінің айнасы болуы керек. Кейде педагогтер әлеуметтік желілерге анықталмаған, дәлелденбеген деректерді салып жатады. Сөйтіп, менің құқым бұзылды деп, өздері біреудің құқын бұзады. Мұндай жағдайда құзырлы орындарға шағым түсіріп, дәлелді құжаттарын тапсырып, заңды жолмен өзін қорғау керек. Мұғалімдердің ішінде де  жеке өмірінен  тәрбиелік мәні жоқ фото, бейнекөріністер салатындар бар. Егер мұғалім түнгі клубта отырып, тікелей эфир жүргізсе, оны оқушы мен ата-ана көрмей ме? Немесе мұғалім статусына өмірден түңілген цитата салып қойса, одан оқушы қандай үлгі алады? Бұл жерде де әдеп қағидасы сақталуы керек. Біз педагогтен  осыны  талап  етеміз.

–  Бұлбұл Бисенбайқызы, сөзіңіз аузыңызда, жыл басында Ақжайық ауданында жас мұғалім суицид жасады. Осыған мектеп әкімшілігінің қатысы бар дегендей әңгімелер айтылды?  Тергеу  аяқталды  ма?

– Иә, бұл іске қатысты тексеру жұмыстары аяқталды. Мектеп ұжымының, директордың кінәсі бар деген дерек анықталған жоқ. Жалпы мұғалімнің барынша төзімді болғаны жөн. Өмір болған соң түрлі жағдайлар болады. Отбасындағы кикілжің, мектеп басшысымен сөзге келіп қалу сияқты келеңсіздіктер кез келген мұғалімнің басында болуы мүмкін. Бірақ мұндай жағдайды педагог оқушыға білдіртпеуі тиіс. Мұғалім қажет жағдайда актер болуы керек қой. Кейде атааналар мектептің ішкі жұмыстарына араласып, бізге келеді. Сонда «Сіздер мұны қайдан білесіздер?»  десек, мұғалім балалардың алдына келіп, «Басшылардан сөз естіп, қысым көріп жатырмын» деп жылайды екен.  Содан кейін оқушылар ол мұғалімді сыйлай ма? Педагог қандай жағдайда да оқушының алдында өзінің әлсіздігін көрсетпеуі тиіс. Өйткені мұғалім  бала  үшін  идеал ғой.

Бір қызық жағдай еске түсіп тұр. 1936 жылы салынған ескі мектепте жұмыс істедім. Мектеп салқын болды, спортзал, асхана атымен жоқ. Бірақ ең қызықты кезім – мектепте жұмыс істеген кезім екен. Бізге бір апай ыстық пирожки әкеліп сататын еді. Қоңырау кезінде оқушылармен бірге қабаттасып, пирожки сатып аламыз. Бір күні қоңырауда арамыздағы үлкен апай пирожки жеп тұрса, тентек оқушыларымыздың бірі «Мә, апайлар да пирожки жей ме?» деп таңғалыпты. Сонда оқушылардың көзімен қарағанда мұғалім ерекше биік тұлға болып тұр ғой. Әр оқушының жақсы көретін, үлгі тұтатын ұстазы болады. Жаман оқушы болмайды. Бала, ең бірінші, өзінің ата-анасына, содан соң мектептен күнде көріп жүрген ұстаздарына қарап бой түзейді. Сондықтан балаға тәрбие беретін мұғалімдердің өрескел қылықтары туралы айту – өкінішті, әрине. Ең негізгісі, біз түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Бұл іске өңірдегі тәжірибелі, үздік мұғалімдеріміз де қосылды. Педагог қай кезде де көштен қалмауы керек. Ол үшін үнемі ізденісте болып, шығармашылық тұрғыда өзімізді дамытқанымыз жөн. Егер біздің педагогтеріміздің кәсіби білігі жоғары болса, оқушыларымыздың білім сапасы  төмен  болмас   еді.

– Жаңа өзіңіз білім сапасына әсер ететін фактордың бірі инфрақұрылым екенін айтып қалдыңыз, жалпы мектептердің материалдық-техникалық әлеуеті  қалай?

– Қазір біздің облыста он екі (12) апатты мектеп бар. Онда 2945 бала білім алуда. Сегіз үш ауысымды мектепте 13 412 оқушы білім алып жүр. Үш ауысымды мектептер негізінен Орал қаласында орналасқан. Ауылда, керісінше, шағын жинақты мектепте бала аз, мектеп үлкен. Өңірімізде 75 ескі мектеп бар. Соның ішінде  саманнан салынған – 54, ағаштан салынған – 16,  қамыстан салынған – 2,  құрастырмалы 4  мектеп бар. Былтыр 4 мектеп құрылысы аяқталып, нәтижесінде 1  апатты, 4  үш ауысымды мектептің мәселесі шешілді.  Қазіргі таңда 3 мектептің құрылысы жалғасуда. Ол біткеннен кейін 2  апатты, 1 ғимараты жоқ мектептің мәселесі шешіледі. Бұл – Шалғын мектебі. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» жобасы қолға алынуда. Жобаға 18 мектептің құрылысы енді. 18 мектеп салынған соң 18 мың оқушы жайлы мектептерде білім алады деп күтілуде. Спортзал, спорт ұралдарымен қамтамасыз ету де өзекті мәселенің бірі. Облыстағы 97 мектепте спортзал жоқ. Спортзал салу, ашу мәселесі де қиын. Материалдық-техникалық әлеует бойынша мектептерде әлі де пәндік кабинеттер жетіспейді. Мысалы, химия, биология, физика пәндері бойынша 200-ден астам кабинет керек. Бұл мәселе жергілікті атқарушы құрылымның назарында. Мұндай шаруаның бәрі де кезең-кезеңімен шешіледі  деген  үміттеміз.

– Бұлбұл Бисенбайқызы, жаңа оқу жылының басында бірнеше білім  беру ұйымының басшысының орны бос екенін айтып едіңіз. Қазір бұл мәселе шешілді  ме? 

– Иә, бұл мәселе әлі де өзектілігін жойған жоқ. Бір мектепке директор келіп жатса, тағы бір мектептің басшысы кетіп жатады. Қазіргі күнде 100-ге жуық білім беру мекемесінде басшы жоқ. Олардың орны бос тұр. Ауылдық мектептерге мамандардың барғысы келмейді, Сол мектептен ешкім басшы болғысы келмейді. Себебі мектеп басшысы болу оңай емес, үлкен жауапкершілік. Әрі педагогтер директорға қарағанда жалақы көп алады. Сондықтан кейбір педагогтерде «Сабағымды беріп қана, тыныш жүрсем» деген көзқарас қалыптасқан. Өкініштісі, басшысы жоқ білім ошақтарының бірінен  мектеп басқара алатын бір адам шықпауы қиын-ақ. Сонда патриоттық сезім қайда қалады? Сырттан біреуді апарып қойсақ, тағы  ұнамайды. Мектептің ішінен өздері шыққылары келмейді. Кейде директор болғысы келетіндер тесттен өте алмауы мүмкін. Сондықтан әр білім беру мекемесінде кадрлық резерв, мектеп директорының орынбасарларын дайындау секілді мәселелер қолға алынуы шарт. Бұл мәселеге жергілікті атқарушы құрылымдар тарапынан қолдау көрсетіліп, мектеп директорының орнын бос қоймау  керек  деп ойлаймын.

– Әсерлі әңгімеңізге рақмет, еңбектеріңіз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан:  Гүлжамал Кенжеғалиева,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале