Бүгін Казталов ауданындағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында «Қош келдің, әз-Наурыз» атты мерекелік шара өтті. Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік шараға аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Радж Шәріпов, Казталов ауылдық округінің әкімі Ернар Галимов, еңбек ардагерлері Уәлиолла Әбішев, Мұқанғали Бектілеуов қатысты.
Мекеме ауласына арнайы киіз үй тігіліп, қазақтың салтына сәйкес қазанға ет асылып, «Наурыз көже» әзірленді. Қазақтың ұлттық тағамдары да киіз үйге арнайы әзірленген дастарханның сәнін келтірді. Мерекелік концертте сөз алған Казталов арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Қайырбай Алтаев қонақтар мен қызмет алушыларды мерекемен құттықтады.
Сазды шарада мекеменің қызметкерлері мен қызмет алушылар ән салып, қазақтың салт-дәстүрінің бірі «Енші беру» мен қазақ ертегілерінің кейіпкерлері Алдар көсе, Қожанасыр және Тазша баланың басын қосқан көріністер сахналанды.
Мерекелік жиын қонақтары мекеме ұжымы мен қызмет алушыларға жүрек жарды лебіздерін білдіріп, ақсақалдар ақ баталарын берді.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz