27.03.2023, 10:15
Оқылды: 108

Дарынды балаларға элитарлық білім беру тәжірибесі

Батыс  Қазақстан  облысы  мамандандырылған дарынды  балалар  мектебіне  –  30  жыл

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы халыққа Жолдауында «...Мектептердегі орта  білімнің  сапасын көтеруде, білікті педагог кадрларды даярлауды жетілдіруде дарынды жастарды іріктеп,  отандық  және  шетелдік жоғары оқу орындарына  даярлау» міндетін күн тәртібіне қойған  еді.

14bd2b54-9c11-4dab-9813-afeede86bd1d

Cонау ХХ ғасырдың басында мамандықтардың күрделенуі, адамдарды атқаратын қызметіне қарай кәсіптік жағынан іріктеу, оған арнайы дайындау кажеттілігі адамзат назарын өзіне ерекше аударған болатын. Тұңғыш рет 1907 жылы Берлинде бұл проблемаға арналған дүниежүзілік конгресс өтсе, одан бір жыл өткенде Америкада «Кәсіптік бағдарлау бюросы», одан кейін Англияда «Мамандық таңдау кеңесі» құрылды. Содан бері жастарды қабілетіне қарай белгілі бір мамандыққа бағдарлай әзірлеу мәселесі жалпы білім берудің де ең басты проблемасы ретінде күн тәртібінен бір сәт түсіп көрген  емес.

Жалпы білім беруде кеңес мектебінің жағдайында оқушылардың өзіндік дара қабілеті мен қызығушылығын оның ертеңгі атқарар іс-сипатына қарай жастай қалыптастырып дамыту факультативтік сабақтар, үйірмелер, секциялар т.б. арқылы мардымсыз жүргізілді. Өркениетті елдерде, жоғарыда айтылғандай, оқушыларға қабілетіне қарай жастай саралап, кәсіптік бағдарлы білім берудің ғасырға жуық тарихи тәжірибесі ескеріле бермеді. Керісінше, 17 жасқа дейін мазмұн да, мақсат та бірдей, жалпы білім беру қатаң, бірыңғай жүзеге асырылды.

Қазақстанда ерекше қабілетті, талантты да дарынды балаларды арнайы топтап, саралап оқытуға бетбұрыс өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан басталады. Негізгі мақсат – интеллектуалдық, шығармашылық жағынан қабілетті оқушыларды өз алдына бөлектеп, саралап оқыту арқылы оларды жоғары оқу орындарындағы интеллектуалдық мамандыққа әзірлеу. Бұл оқу орындары нағыз уақытында пайда болғанын, біздің жағдайымызда мүлде жаңа оқу орындары екендігін сол кездегі ел Президентінің 1996 жылғы «Дарынды балаларға арналған мектептерді мемлекеттік қолдау және дамыту» жөніндегі Жар-
лығы дарынды балаларға білім берудің мемлекеттік деңгейдегі маңыздылығын және оның көкейкесті екендігін көрсетіп  берді.

Әлемдік білім берудің практикасында барған сайын үздіксіз күрделене беретін интеллектуалдық, шығармашылық мамандықтарға жастарды даярлау, 12 жылдық лицейлер, 13 жылдық гимназиялар тағы басқа арнаулы мамандандырылған мектептер арқылы жүзеге асырылады. Ондай мектептер –  Еуропа елдерінде пайда болу тарихы
сонау ерте заманнан басталып, бүгінге дейін жастарға қабілетіне қарай саралап
білім беруде ғасырлар бойы адамзатқа қызмет етіп, озық тәжірибе жинақтаған, теориялық жағынан да жүйеге келген оқу орындары.

Облыстағы басқа да лицей мен гимназияларға қарағанда осыдан 30 жыл бұрын құрылған Орал пединститутының базасында ұйымдастырылған педагогикалық лицейдің үлкен ерекшеліктері болды.

Ол кезде негізінен лицей мен гимназиялардың аттары ғана өзгертілген жай мектептердің базасында құрылып жұмыс істеді. Ондағы оқыту үдерісін ұйымдастыру, білім мазмұны, мұғалімдердің әдістемелік деңгейі, т.б. өзіне дейінгі мектептен алыс кете алмады. Оған оқушыларды іріктеп, топтауда да үлкен өзгеріс болмады.

Бүгін біз сөз еткелі отырған педагогикалық лицей мүлде тыңнан, жоғары педагогикалық оқу орнының ғылыми-әдістемелік, материалдық негізінде құрылды. Бұл лицей (кейін мамандандырылған дарынды балалар мектебі) бірден өз мақсатына сәйкес жай мектепке ұқсамайтын ғылыми бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.

Біз, ең алдымен, қабілетті, дарынды балаларды ғылыми негізде іріктеп, дұрыс таңдап ала алсақ, жоғары оқу орнының ғылыми-әдістемелік базасы оқушылардың жан-жақты, терең білім алуы үшін аса қолайлы жағдай екенін түсіндік.

Сол кездегі педагогикалық институттың ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Т. Рысбеков балалардың оқуына да, жатақханасына да ыңғайлы институттың бір ғимаратын босатып беріп, жоғары оқу орнының бар ғылыми-әдістемелік базасын оқушыларға студенттермен бірдей пайдалануға толық мүмкіндік жасады.

Дарындылық – өте күрделі құбылыс. Ол туралы ғылыми-теориялық түсініктер де әртүрлі. Біз өзіміздің практикамызда дарындылықты балаға білім алуда ғылымның бір немесе бірнеше саласында жоғары жетістіктерге жетуіне көмектесетін қабілет бағытына алдық. Осы негізде дарынды балалар мектебінің бірден-бір мақсатына – баланың ақыл-ой жағынан дамуына барынша тиімді жағдай жасай отырып, оларды интеллектуалдық мамандықтарға даярлауда жалпы білімнің сапасын көтеруге, нақты бейінді кәсіби бағдарлы білім беруге ерекше мән берілді. Дарындылық нақты іс-әрекет барысында көрінеді, танылады, дамиды, жетіледі. Іс-әрекет неғұрлым жүйелі де күрделі болып, балаға түсетін күш барған сайын өсіп отырғанда ғана баланың ақыл-ой жетілуі соғұрлым қарқынды жүреді. Өмір - сан алуан мамандықтар дүниесі. Оған бала қабілетін сәйкестіре дамыту – жалпы білімнің жоғары сатысының басты міндеті.

Дарынды балалар мектебі осы талаптар тұрғысынан өзінің бірыңғай білім-тәрбие
жүйесіне, әлемдік және өзіміздің Отандық озық тәжірибелерге сүйене отырып, оны жүзеге асыруды қолға алды. Өйткені біз о баста-ақ жалпы білім берудің бүгінгі жай мектептердегі дәстүрлі қалыптасқан бағыты, сөз жоқ, жаңадан ұйымдастырылып
отырған дарынды балалар мектебінде элитарлық білім беру талабын қанағаттандыра алмайтынын жақсы түсінген едік.

Бірінші күннен бастап жаңа оқу орнын ұйымдастыруда, ондағы білім-тәрбие мазмұнын айқындауда біздің алдымызда дүниежүзілік тәжірибедегі дарынды балаларға саралап білім берудегі сан алуан бағыттарды, идеяларды және өзіміздегі қалыптасқан кейбір тәжірибелерді де өз жағдайымызға ыңғайлап, жүзеге асыру міндеті тұрған еді.

Өркениетті елдердегі дарынды балаларға білім берудің тәжірибесі, оған негізделген педагогикалық идеялар қаншалықты нәтижелі болғанымен, оны өзімізге тікелей көшіре салу да мүмкін емес-ті. Ол үшін өз жағдайымызда білім берудің тың, күрделі міндеттерін шеше алатындай ғылыми-әдістемелік база, қолайлы білімдік орта керек болатын-ды.

Жаңа типтегі мектептер бірден жай мектептерге қарағанда білім сапасының дамуына әжептәуір ықпал етті.

Бүгінгі заман талабына қарай жас ұрпаққа сапалы білім беруде республикада оңдаған жылдар бойы тұрақты үздік көрсеткіштерге жеткен, 1993 жылы ашылған жаңа типті мектептердің бірі  – Батыс Қазақстан облысындағы мамандандырылған дарынды  балалар  мектебі  еді.

«Білім туралы» заңда жазылғандай мамандандырылған дарынды балалар мектебінің, басқа жаңа типті мектептерге – гимназия, лицейлерге қарағанда статусы жоғары. Ол –
талантты да дарынды балалардың табиғи интеллектуалдық, шығармашылық қабілеттерін дамытуды арнаулы бағдарлама арқылы оқушылардың элитарлық білім алуын қамтамасыз ететін оқу орны. Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған дарынды балалар мектебі дарынды балаларға элитарлық білім беруді қамтамасыз етуде әлемдік тәжірибеге негіздей отырып, мектепте бірден төмендегідей тың инновациялық тәжірибелер жүзеге  асыруды  қолға  алған  еді.

Біріншіден, сыныптарда оқушылардың қабілет-қызығушылықтарына қарай бірыңғай «бейінді білім» беруде жекелеген пәндер тереңдетіліп оқытылатын англо-саксондық және де әр оқушының шығармашылық жеке дара қабілеттерін дамыту бағытындағы финляндық жүйе. Бұл бағыттар әлемдік практикада ғана емес, біздің жағдайымызда да көп уақыт өтпей-ақ өзінің ерекше тиімділігін көрсеткен, оқыту үрдісін әр оқушының қабілет мүмкіндігіне қарай жүргізе отырып, бірыңғай «бейінді білім» беру моделін жүзеге асыруға қолайлы болып шықты. Ол шағын топтар арқылы әр оқушыға даралап таңдаған бағдарына қарай тереңдетіп, «бейінді білім» беруге мүмкіндік берді.

Екіншіден, бірінші күннен бастап Франция, Германия, Қытай елдеріндегі таңдау және міндетті пәндерді жан-жақты меңгертуде күрделі де көлемді теориялық, оқушылардың тұрақты функционалдық сауатын дамытудағы лабораториялық-практикалық материалдарды қосарланған сабақ (сабақты 80-90 минут ұзақтықта өткізу) арқылы жүзеге асыру қолға алынды. Ол барған сайын әдістемелік жағынан жетілдіре отырып, сапалы білім берудің біздің жағдайымызда басты факторына  айналды.

Үшіншіден, білім стандартын оқушылардың жүйелі, тұрақты меңгеріп отыруын қамтамасыз етуде жапондық білімді бақылаудың мониторингтік әдістеріне ерекше мән берілді. Білімді бақылаудың біртұтас жапондық мониторингтік жүйесі оқушылардың білімді алу, мұ-ғалімдердің білім беру үдерісінің деңгейін күнделікті, тоқсандық, жылдық бақылау арқылы әр оқушының білімді сапалы меңгеруін қамтамасыз еткен, оқу үрдісінің жүзеге асыруда жоғары тиімділігін көрсеткен инновациялық тәсілдердің бірі болды.

Осы жылдары бірінші кезекте ғылыми-әдістемелік деңгейлері жоғары университеттің әдіскер-ғалымдары, профессорлары: А. Кузьмичева, А. Ғалымов, Б. Шынтемирова, Б. Бірімжаров, М. Сабыров, Д. Мендалиева, С. Шарабасов, К. Биалиева, Р. Құсайынов,
С. Байгузов, Ж. Жақсығалиев, А. Тұрғанбаев, т.б. жұмыс жасады. Университет ғалымдары мектепте сабақ берді, арнаулы курстар жүргізді, оқушыларды ғылыми жобаларға, олимпиадаларға әзірледі.

Әлемдік  деңгейдегі озық тәжірибелі мектеппен байланыс

2000 жылы Мәскеу мемлекеттік университеті және БҚМУ ректорларының арасындағы үшжақты келісімшарт негізінде мектепте М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы А. Колмогоров атындағы физика-математика мектебінің білім орталығы ашылды. Шарт талабы бойынша А. Колмогоров атындағы мектептің математика пәнінің ғалым-әдіскері В. Вавилов, физика кафедрасының меңгерушісі, профессор С. Лобышев және мектеп директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты В. Жигулский, Мәскеу мемлекеттік университетінің физика кафедрасының профессорлары – С. Виноградов, С. Варламовтар іссапармен мектепте болды. Олар мектептің оқу жоспары, бағдарламасымен танысып, сабақтарға қатысып, мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсетті. А. Колмогоров атындағы физика-математика мектебімен байланыс Мәскеу мемлекеттік университетімен дәстүрлі өткізілетін халықаралық оқушылардың «Колмогоров оқулары» ғылыми конференциясына 2002 жылдан бері жыл сайын тұрақты қатысуға жол ашты. Осы жылдары 20-ға жуық оқушымыз Колмогоров мектебіне оқуға қабылданды. Ол мектепті бітірген оқушылар М. Ломоносов атындағы ММУ-да, Бауман, Губкин атындағы Мәскеудің техникалық университеттерінде өз білімдерін жалғастыруға мүмкіндік  алды.

Мектеп университеттің ғылыми-әдістемелік және өзінің де сапалы білімдік мүмкіндіктерін пайдалана отырып, осы жылдар ішінде облыстық, республикалық олимпиадалардың ондаған жүлдегерін даярлады. Алғашқы үш жыл қатарынан лицей облыстық олимпиадада бірінші орынды иеленді. Одан әрі мектеп шәкірттері республикалық деңгейге көтеріліп, Гүлжан Ашығалиева республикалық олимпиадада І орын, Жазира Базарғалиева ІІІ орын, А. Оразгелдиева ІІІ орынды иеленді. Г. Ашығалиева, Ж. Базарғалиева, А. Оразгелдиева, Г. Төресаева, Ү. Қажығалиева, С. Антонов, 2008 жылы Д. Сағынғалиев республикалық ғылыми жобалар сайысының екі мәрте жеңімпазы атанып, І орынды иеленсе, Т. Тұрашев Қазақ-стан тарихы пәнінен республикалық олимпиаданың жүлдегері  атанды.

2009-2010 жылдары Н. Оразгелдиева, С. Қуанышқалиева орыс тілі пәнінен республикалық олимпиаданың ғылыми жоба байқауында жеңімпаз атанса, А. Хайруллин, Ә. Даулетқалиева «ХХІ ғасыр көшбасшысы» республикалық интеллектуалдық сайысының жылдық ойынының жеңімпазы атанып, оқу гранттарына ие болды. Мұндай танымдық, интеллектуалдық жарыстар дарынды балалардың кең көлемде жан-жақты білім алуларының ақыл-ой жағынан жоғары деңгейде дамып жетілуінің басты негізі.

ХХІ ғасырда елдің кемел келешегі жастарымыздың әлемдік деңгейде сапалы білім алуымен байланысты болса, ең алдымен, ол сөз жоқ, дарынды балалар мектебіне қойылатын бүгінгі таңдағы бірден-бір талап.

Халықаралық «Болашақ» бағдарламасының игілігін көрді

«Болашақ» бағдарламасы – қазіргі мектептердің білім беру деңгейін сынайтын бірден бір көрсеткіш. Осы жылдар ішінде мектеп аттестатына қол жеткізген жастарымыз еліміздің ең таңдаулы ЖОО-да өз білімдерін жалғастыруда және әлемнің таңдаулы білім ордаларында
«Болашақ» бағдарламасы бойынша жүзден астам түлегіміз білім алды. Ұлыбритания, АҚШ, Польша, Қытай, Малайзия, Түркия, Ресей, Австралия, Чехия сынды әлемнің ондаған елінде білім алушылардың дені физика-математика, гуманитарлық бағытындағы басты мамандықтар  иесі.

Осы тұрғыдан алғанда Батыс Қазақстан облыстық мамандандырылған дарынды балалар мектебінің ең басты жетістігі – осы жылдары Ақ Жайық өңірінің жүзден астам талантты ұл-қыздарының әлемнің таңдаулы университеттерінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алуы. Олардың үлкен бір шоғыры сонау алғашқы жылдардың өзінде-ақ Ұлыбританияда (Гүлім Нұрабаева, Гүлжан Ашығалиева, Альфия Ермұқашева, Арайлым Нұрабай, Марлен Мендібаев), Америкада (Үміт Қажығалиева, Алтынгүл Тұралиева, Әсел Есенгелдиева), т.б. елдерде білім алды. Олардың қатарында сол университеттерде оқып жүріп әртүрлі халықаралық деңгейдегі конкурстардың жүлдегерлері болған Д. Иманғалиев, Ә. Салимова, Б. Мұратов, Ә. Ақанова, А. Бекесова, А. Кушаев, Д. Молдашева сияқты түлектеріміз де бар еді.  Солардың бірі – Дархан Иманғалиев 2007 жылы мектепті «Алтын белгі» аттестатына аяқтап, ҚБТУ-дың ақпараттық технология факультетіне түсіп, Президент степендиясының иегері болып, университетті үздік дипломмен тәмамдады. Кейін «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Манчестер университетінде оқып жүріп, «Codejam» бағдарламасы бойынша Испания, Қытай, Италия, Ұлыбритания, Жапония студенттері қатысқан халықаралық жарыста жеңімпаз атанды.

Бұдан біз еліміздің бір ғана өңірінің өзінен-ақ әлемдік өркениеті жоғары елдердің жастарымен интеллектуалдық қабілеттері мен білімдері деңгейлес небір жастарымыздың бар екендігін көруімізге болады.

Мектептің сапалы білім беру бағытындағы инновациялық тәжірибелері жөнінде республикалық деңгейде педагогикалық талдау жасалып, жұртшылыққа таныстырылып келеді. Осы жылдары дарынды балаларға сапалы білім беру проблемаларына арналған республикалық баспа беттерінде бірнеше ондаған әдістемелік-ғылыми мақала жарияланып, «Университет базасында дарынды балаларға білім берудің педагогикалық негіздері» (Астана, 2006 жылы), «Дарынды жастар – ел болашағы» (Орал, 2012 жыл), «Дарынды жастарға – элитарлы білім» (Орал, 2022 жыл) атты кітаптар жарық көрді. Сонымен қатар дарынды білім беру бағытындағы балалармен жұмыс істейтін жалпы
білім беру мекемелерінің басқарушы қызметкерлерімен республикалық, аймақтық тәжірибе алмасу семинарлары өткізілді. Демек, қоғамның зияткерлік, шығармашылық тұлғаларын қалыптастырудағы мамандандырылған мектептің элитарлық білім берудегі, инновациялық бағыттарының теориялық, педагогикалық, ғылыми негіздерін қалыптастыру бағытында да жұмыстар жасалынды. Осы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде облыстық мамандандырылған дарынды балалар мектебінің түлектері жыл сайын тұрақты 100 пайыз грантқа ие болып, ЖОО-да үздік білім алуларын  қамтамасыз  етті.

Ең бастысы, еліміздің бір ғана өңірінен ХХІ ғасырдың әлемдік деңгейдегі интеллектуалдық мамандықтарды меңгеруге қабілетті бірнеше жүздеген дарынды жастардың болуының және де сол дарынды балаларға өз қабілетіне қарай білім алуын қамтамасыз ететін элитарлық оқу орнының айқындалуы еді.

Ел тәуелсіздігінің алғашқы он жылдығында мектеп барған сайын инновациялық тәжірибелерді практикаға енгізуде сапалы білім беруді әлемдік стандартқа сәйкес жүзеге асыруға ерекше мән берді.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Білім және өркениет» ұлттық инновациялық, ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастырумен өткен республикалық байқауға қатысып, мектеп І орын  иеленді.

Мектептің тәуелсіздік жылдары қол жеткен әлемдік стандартқа сәйкес озық инновациялық тәжірибелері «Тәуелсіздік энциклопедиясына» енгізіліп, мектепке І дәрежелі диплом, Құрмет грамотасы  табысталды.

Дейтұрғанмен, кейінгі жылдары ел егемендігі жағдайында нәтижелі сапалы білім беруді жүзеге асырған көптеген жаңа типті мектептер сан жағынан да азайып, сапа жағынан да жай мектептерден көп  алға  ұзай  алмай  отыр.

Дарынды  балалар мектебінің  сапасы неге  төмендеді?

Бұл жерде оларға бірінші кезекте қандай да болмасын кедергі – ақылы, қосымша білім беру орталықтарының көптеп ашылуы. Қазір ондай орталықтар ірі қалаларда ғана емес, облыс орталықтарында да барған сайын көбейіп келеді. Біздің елімізде ғана емес, әлемдік білім берудің практикасында лицей, гимназиялар арнайы дарынды, талантты балаларға арналған мектептер ғылыми-теориялық, әдістемелік жағынан басы айқындалған, кемінде 3-4 жылдан 6-7 жыл аралығында жастарға күрделі мамандықтарға ғылыми негізде іргелі кәсіби бағдарлы жалпы білім беретін оқу орны қалыптасты. Сондықтан да Еуропа елдерінде репетиторлықпен айналысуға заңмен тыйым салынған. Репетиторлар өздері берген білімнің сапасына да, нәтижесіне де жауап бермейді. Демек, ақылы кешкі мектептер барған сайын сан жағынан дамығанымен, оқушыға да, мемлекетке де тиімсіз жұмыс істеп жатыр. Бүгін оны ашық айтатын уақыт жетті. Сол секілді бүгінгі таңда дарынды жастарға сапалы білім беруде әлемдік деңгейде мол тәжірибе жинақтаған, бүгін біз сөз етіп отырған дарында балалар мектебінің өзі толықтай қалыптасқан жүйені сақтап қалуда да, оны одан әрі дамытуда да дәрменсіздік  танытып  отыр.

 

Нәсіпқали Дәулетов,

педагогика ғылымдарының кандидаты,

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, «Құрмет» орденінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ең  үздік мектеп директоры»  дипломының екі  мәрте иегері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале