3.04.2023, 10:15
Оқылды: 89

Мемлекеттік қызметші – қоғам айнасы

«Ұлтыңа, жұртыңа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп Алаш арысы Әлихан Бөкейхан айтқандай, халықпен жұмыс істеу үшін жағымды мінез-құлық керек. Қазір қоғамда мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінезқұлық мәселесіне үлкен мән беріледі. Өйткені кәсібилік пен әдептілік қосылып, мемлекеттік қызметшінің тұтас имиджін көрсетеді. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – мемлекеттік қызметте 20 жылдай еңбектеніп жүрген Қамидолла Умаров.

Қамидолла Умаров

Қамидолла Сәрсенұлы 1960 жылы Орал облысы, Камен ауданының Қазақ КСР-ның 40 жылдығы атындағы ауылында дүниеге келген. Камен ауылының Камен орта мектебінде орта білім алып, 1984 жылы Орал ауыл шаруашылық техникумына оқуға түседі. 1987 жылы оқуын ойдағыдай бітіріп, агроном мамандығын алып шығады. Білімін шыңдау үшін 1989 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылық институтында сырттай оқуын жалғастырады. 1995 жылы оқуды үздік тәмамдап, білімді агроном мамандығына ие болады. Еңбек жолын №5 «Оралсуқұрылыс» тресінде механикалық жылжыма қоғамдық колоннасында жұмысшы ретінде бастайды. Диплом алғаннан кейін мамандығы бойынша Ленин және Амангелді атындағы кеңшарларда жұмыс істейді. Агроном және бригадир маманы мен басқа да ауыл шаруашылығы жұмысын атқарады.

– Мемлекеттік қызметтегі алғашқы еңбек жолымды 2003 жылдың 17 ақпанында бастадым. Батыс Қазақстан облысының статистика басқармасында статист қызметін атқардым. Одан кейін 2007 жылы Тасқала ауылдық округінде бас маман болып жұмыс істедім. 2008 жылы қаңтар айынан бастап Тасқала ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінде бас маман болып еңбек етемін. Содан бері осы мекемеде бүгінгі күнге дейін бас маман, сектор меңгерушісі, басшының орынбасары лауазымдарында қызмет атқардым, – дейді Қамидолла Сәрсенұлы.

Әрдайым өмірлік белсенділігімен ерекшеленетін Қамидолла Умаров еңбегіне лайық марапаттарға да ие болды. 2020 жылы Батыс Қазақстан облысы әкімінің алғыс хатымен, 2022 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы департаменті алғыс хатымен марапатталған.

– Мемлекеттік қызметшінің ең маңызды қасиетінің бірі – тәртіп сақтау, содан соң жұмысты шын ниетпен жасау керек деп ойлаймын. Өзімнің ұстанымым – тиянақтылық, берілген жұмысты тезірек аяқтау. Берілген тапсырмалар уақтылы істелгені жөн, әр жұмысқа жауапкершілік таныту қажет. Менің ойымша, әріптестермен қарым-қатынас жақсы болса, жұмыс та жақсы орындалады. Өзім жұмыста барлығынан жасым үлкен болса да, әзілдесіп, көтеріңкі көңіл күйде отыруға тырысамын. Мемлекеттік қызметші – оңай мамандық емес, әр адам өзінің армандаған, мақсат қойған мамандығын меңгерсе, онда ол шын көңілімен жұмыс істейтін болады. Кей кездері жұмыс үсті-үстіне түсіп жатады, сондықтан жылдамдық керек. Осы қызметте жүріп, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, білімді және еңбекқор азаматтармен көп таныстым. «Ұлтқа қызмет ету – мінезден» деп ұлыларымыз айтқандай, ел мүддесінен шығуды алдымызға міндет ретінде қоя алсақ, әркім өзі қызмет етіп жүрген салада үздік, білікті маман болса, елдің де келешегі кемел болатынына кәміл сенемін. Өзім агроном болғасын, көктемгі егін шаруашылығына қатысты қаңтардан бастап ақпарат жинай беремін. Басшымыз сұраған кезде менде ақпарат та, есептер де дайын болады. Жалпы, басқа жұмыс ұсынған кездер болды, бірақ мен осы жерде жылдар бойы қызмет атқарған соң, басқа жерде жұмыс істей алмайтынымды білдім. Мысалы, басшы болу маған мүлде тән емес, себебі адамдарды басқара алмаймын. Мен тек осы жұмысымды аяқтап, бұйырса, зейнетке шығамын, – дейді Қамидолла Сәрсенұлы.

Оның зайыбы өмір бойы ұстаздық жолында қызмет істеген. Қазіргі таңда зейнеткер. Екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде екі ұлы жеке кәсіпкер болса, қызы әке жолын қуып, мемлекеттік қызметте жұмыс істейді.

Жүрекке жол табу, кісі көңілінен шығу – қазаққа тән қасиет десек, халқымыз кең де көркем мінезімен көп нәрсені оңтайлы шешіп отырған. Сондықтан халыққа қызмет етудегі басты ұстаным – қарапайымдылық, әділдік пен адалдық болуы керек.

Гүлмира Мақанова,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале