Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майоры Бауыржан Абжанов «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Орал қаласында орналасқан 5517 әскери бөліміне келді.
Қызметтік сапар барысында жауынгерлік даярлық жағдайын тексеруден басқа, әскери нысандарды аралап, әскери қызметшілердің казармалары мен тұрмыс жағдайымен танысты. Бөлім командирі подполковник Сағындық Алқайдаров, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасарына әскери бөлімнің қызметтік – жауынгерлік даярлығы, аймақтағы жағдай, атқарылған жұмыс туралы баяндама жасады.
Өз кезегінде Бауыржан Абжанов әскери бөлімнің жауынгерлік дайындығына жоғары бағалап, сапар барысында туындаған мәселелерді тиімді шешуге тапсырма берді.
– Әскери бөлімнің жауынгерлік дайындық дәрежесі өте жоғары. Барлық санаттағы командирлердің кәсіби дайындықтары тексерілді. Командирлердің көрсеткіштері жақсы. Әскери бөлімде тәжірибелік және далалық оқулардың өту қарқыны жоғары деңгейде болу үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Әрине, көздеген мақсатқа жету үшін әлде де тынымсыз еңбектену қажет. Бұл талаптар әрқайсымыз үшін бұлжымас қағидаға, - деді.
Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары өзінің Орал қаласындағы қызметтік сапарының соңында, игі дәстүрді жалғастырып әскери бөлімнің оқу орталығына көшет отырғызды.
Ертуған Әубакир,
капитан