17.04.2023, 9:45
Оқылды: 41

Бірлік ауылының электр желілері жөнделеді

Жыл өткен сайын Тасқала ауданы орталығы көркейіп, гүлденіп келеді. Алыстан мен мұндалаған биік ғимараттар мен оқтай түзу жолдар ауылдың көркін аша түскендей.

Без имени

Күннен күнге көз алдымызда жаңарып, жасарып келе жатқан ауылды көріп риза боласың. Бірақ, ауылдың қақ ортасында көше кезген малдарды кездестіргенде ішің удай ашиды. Малды бос жіберіп, иелері қайда қарап отыр? - деген сұрақ мазалайтыны жасырын емес.  Ал ауыл тазалығы өз алдына бөлек әңгіме. Биыл да көктем шығысымен тазалыққа баса назар аударылып, сенбіліктер ұйымдастырылуда. Өткен жылғыдай емес, сенбілік екі айға созылуда. «Тазалық табалдырықтан басталады» демекші, әр тұрғынның ауланы ретке келтіріп, ұқыпты ұстауы санитарлық талапқа ғана емес, мәдениеті мен талғамының белгісі. Десекте қоқысты көшеге төгетін немесе далаға лақтыра салатындар да жетіп артылады. «Айта, айта Алтайды, Жамал апа қартайды» демекші, бұл мәселе жөнінде біраз айтылып та жазылып та келеді. Нәтиже шығаратын уақыт жеткен сияқты. Ауылына қарап, азаматын таны деп халық бекер айтпаса керек.

Биыл аудан басшысы Бауыржан Есқайырұлы аудан орталығын көркейтеді деген зор сеніммен Алғадай Жамбылды ауыл әкімі қызметіне әкелді. Тағайындалғанына көп уақыт өте қоймасада жоғарыда айтылған мәселелер өз шешімін таба бастаған секілді. Жаңа әкім өзінің бар күш-жігерін ауыл тазалығына, яғни оның абаттандырылуына жұмсап отыр. Көшелер жарықтандырылып, сенбіліктер ұйымдастырылуда. Аудан орталығы жақсарып келетіндей. Бізде осы істің басы-қасында жүрген ауыл әкімі Алғадай Жамбылұлын сөзге тартып, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлары жөнінде білген болатынбыз.

- Қазіргі таңда Бірлік ауылында Орал қаласынан арнайы алдырылған екі КАМаз, үш тонналық бір погрузчик екі жыл қатарынан жатқан көң-қоқысты шығарып бастады. Әр рейістің бағасы алты мың теңгеден. Бұл қолжетімді баға деп есептеймін. Өйткені трактормен шығару үшін әр рейсіне 10 мың теңге сұрайды. Бірлік ауылы аяқталғасын, бұл жұмыс Тасқала ауылында жалғасады. Аптаның әр бейсенбісінде мекеме-ұжымдар өздеріне бөлінген аумақта тазалық жүргізеді. Ал сенбі күндері тұрғындар өз аулалары мен көше бойын тазалайды. Жиналған қоқыстарды қаптап, аузын буып жол бойына жинастырып қойса, арнайы орынға апарып тастаймыз. Жақында ұйымдастырылған сенбілікке 12 жеңіл көлік тіркемесімен, бір КАМАЗ, бір трактор МТЗ-80 тіркемесімен, бір погрузчик, бір ГАЗ-53 көліктері жұмылдарылды. Нәтижесінде 80 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Тазалық тек сенбілік күндері ғана емес, жаз бойы жалғасады. Ауылдың солтүстік бөлігінде орналасқан қоқыс төгетін алаңның жағдайына келетін болсақ ол жерде де жасалатын қыруар жұмыс бар. Себебі тұрғындар қоқысты межелі жеріне жеткізбей сыртына төге салған. Соның салдарынан қоқыс алаңына кірудің өзі мүмкін емес. Қазіргі таңда мердігер анықталып, ДТ тракторымен тазалап жатыр. Осындай жағдайларды ескере отырып, ол жерге бақылаушы ретінде бір адамды жұмысқа аламыз. Арнайы тақтайша ілініп, қосымша екі бақылау камерасы қойылады. Егер көң-қоқысты сыртына төккен адамдар болса, камера арқылы анықтап, айыппұл төлетеміз. Көше жарықтарына келетін болсақ, бірнеше көшеге тұрғындар сұранысы бойынша 57 жарық шамы орнатылды. Жақын арада тағыда 30 шам келеді. Ол Жақсығұлов шағын ауданы жағына қойылады. Алдағы мамыр айында бұдан басқа тағы 50 шам орнатуды жоспарлап отырмыз. Бір сөзбен айтқанда қараңғы көшелер толықтай жарықтандырылады. Ал темір жолдың арғы бетіндегі көпір үстіне  90 әшекейлі шамдар орнатылды және тағы 100 шамға тапсырыс бердік. Ал мамыр айында осындай шамдардың 1000 данасы орнатылады. Мердігер ұтып, шамдар қолымызға тиген бойда аудан орталығындағы Абай көшесіне, қаладан ауылға кіреберіс жолға және «Сәулет» мектеп лицейінің көшесінің бойына қоямыз. Тасқала ауданының 90 жылдығына орай балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тұсына «Қош келдіңіздер» аркасын орнату жоспарда бар. Тұрғындардың сұрауы бойынша екі балалар алаңы мен жастарға арналған воркаунт алаңы салынбақ. Ауылды абаттандыру бағытында саябақтар мен орталық көшелерге 1000 дана қарағай ағашы, 7600 дана шырайгүл, 150 дана хризонтема  мен 100 дана раушан гүлін егеміз. Сонымен қатар қараусыз жүрген малдарды қамауға арналған екі айыппұл алаңы салынады. Жазда көшелерді тегістеу, қыста қар аршу, коммуналдық мекеме арқылы жүзеге асады. Оны үнемі бақылауда ұстаймыз. Сондай-ақ, Бірлік ауылының кіреберісі мен орталық көшесіне асфальт төселеді және ауыз су тартылады. Сонымен қоса, жазда Бірлік ауылының электр желілері жөнделеді, - дейді ауылдық округ әкімі Алғадай Жамбылұлы.

Назгүл Серікқызы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz  

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале