Жуырда дүние жүзілік кітап күніне орай Тасқала ауданында «Кітапхана – ақыл, білім ордасы» атты кітап фестивалі өтті.
Кітап кеңістігін кеңейту мен кітап оқуды дәріптеу және насихаттау, жаңа форматтағы мәдени демалысты ұйымдастыру. Ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік туындыларды оқу және насихаттау, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ жастарға рухани-адамгершілік, патриоттық тәрбие беруге бағытталғаны шараның негізгі мақсаты.
Алдымен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айгүл Дүйсенова сөз сөйлеп, қош келдіңіздер айтты. Кітап әлемінің ғажайыптарына тоқталған аталмыш мекеме басшысы жиналғандарды халықты әлемдік өркениетпен таныстыратын сана мен ойдың шамшырақ сарайы саналатын кітапханаға келіп кітап оқуға шақырды. Одан әрі, бөлім меңгерушісі Светлана Дүйсекенқызы, кітапханадағы кітап қорымен таныстыра келіп, 2023 жылы «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында қазақ жазушысы, драматург, қоғам қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Төлен Әбдіктің шығармаларын оқуға ұсынды.
Кітап қорына келіп түскен жаңа әдебиеттерді насихаттау мақсатында «Жаңа кітап – жан азығы» атты кітап көрмелері ұйымдастырылды.
«Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам», «Тарихы мол, келбеті жаңа - Тасқала» және «Жаңа кітап – жан азығы» бұрыштары жиналған елді тамсандырды.
Шара барысында «Суреттер сыр шертеді», «Библио торт», фотомазайка ойындары ойнатылды. Залмен жұмыс жүргізіліп белсене қатысқан қонақтарға сыйлықтар табысталды.
Назерке Шайхоллақызы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz