30.04.2023, 23:24
Оқылды: 29

1 қыркүйекте 15 жаңа мектеп есігін ашпақ

Бүгінгі таңда Бәйтерек ауданында төрт мектептің құрылысы жүруде. ҚПО б.в. компаниясының тапсырысы негізінде білім ұялары Макаров ауылдық округінің Садовый, Жалын, Трекин ауылдық округінің Жайық, Көшім ауылдық округінің Өркен ауылдарында бойкөтеріп жатыр. 30 мамыр күні аудан әкімі Марат Тоқжанов Макаров ауылдық округінде салынып жатқан шағын жинақты мектептердің құрылыстарымен танысты.

WhatsApp Image 2023-04-30 at 18.38.48

        Түсінікті болу үшін айта кетейік, аталмыш округ Орал қаласынан солтүстікке қарай 20 шақырым жерде орналасқан. Макаров ауылынан Садовый шығысқа қарай 6 шақырым, ал Жалын оңтүстік-батысқа қарай 5 шақырым қашықтықта орын тепкен.

554 адам тіркелген Садовыйда 4 жылдық мектеп бар. Бастауыштан соң оқушылар округ орталығына қатынап оқуға мәжбүр. Жыл өткен сайын көшіп келушілер санының артуына орай тұрғындар тарапынан жалпы білім беретін орта мектеп салу мәселесі көтеріліп келеді. Өзекті мәселенің шешімі табылғанына жергілікті тұрғындар қуанышты.

Мұндағы 108 орындық мектептің құрылысын алматылық «Қаз-Строй ЛТД» ЖШС жүргізуде. Мердігер компанияның БҚО бойынша аймақтық директоры Мақсат Тоғызбаевтың айтуынша, құрылыс жұмыстары биылғы қаңтарда басталды. Қазір құрылысшылар іргетасын құю жұмыстары толығымен аяқтап, қабырғасын көтеруге кірісіп жатыр. Орта есеппен ғимараттың төрттен бір бөлігі аяқталды. Қажет құрылыс материалдары 100 пайыз әкелінді. Нысанды тапсыру биылғы 1 қыркүйекке жоспарланғанымен, құрылысты мерзімінен бұрын, яғни 20 тамызға дейін бітіру ойда бар.

-Қазір біз үшін топырақ мәселесі өзекті болып тұр. Ауылға жаңа жол салынған. Қатқыл табанды жол жүк көліктерінің жүруіне лайықталмағандықтан құрылыс жұмыстары үшін қажет топырақ далалық айналма жолдар арқылы тасымалдануда. Оның үстіне дизел отынының құны өсті. Сол себепті тасымалдаушылар бағаны 10 мың теңгеден 17 мың теңгеге дейін көтеріп отыр. Бұл бізге қиындау соғып тұр, - деді Мақсат Тоғызбаев.

WhatsApp Image 2023-04-30 at 18.38.49 (1)

Аудан әкімі Садовыйдан көп қашық емес жердегі карьерден алып келінетін топырақтың тасымалына байланысты бағаның екі есеге жуық өсуі ақылға сыйматынын айтып, өзінің орынбасары Мұрат Залмұқановқа тасымал құнының не себепті өскенін анықтап білу жөнінде тапсырма берді. Өз кезегінде Мұрат Дүйсенұлы аудандық ТҮКШАЖ бөлімі бұл нысанға айналма жол салу бағытында жұмыстанып жатқанын да жеткізді.

Айта кетейік, «Қаз-Строй ЛТД» ЖШС өңірімізде төрт мектептің құрылысын жүргізуде. Оның екеуі - Бәйтеректе. Садовыйдан бөлек, Трекин ауылдық округіндегі Жайық ауылында және Теректі ауданының Магистральный мен Ақсуат ауылдарында да құрылыс жұмыстары жүруде.

WhatsApp Image 2023-04-30 at 18.38.50 (1)

Ал Жалындағы негізгі мектептің ғимараты әбден тозған және жөндеуге келмейді. Ірі панельді 54 орындық мектептің құрылысын оралдық «KazConstructionGroup» ЖШС жүргізуде. Мұнда панель орнату жұмыстарының 80 пайыздайы аяқталған. Құрылыс басында 60-тан аса адам еңбек етуде. ҚПО б.в. компаниясының құрылыс материалдын алуға ақша бөлуінің нәтижесінде қажет материалдар толығымен алынды. Серіктестік директорының орынбасары Ернияз Удреевтің сөзіне қарағанда, қаржы үнемдеу мақсатында бастапқы жасалған жобадан мектептің қоршауы, ішкі жолдары, абаттандыру, сыртқы спорттық алаңдар және т.б. нәрселер алынып тасталған. «Мектептің айналасында ауыл малдар жайылады, - деді ол. -Қоршау болмаса, малдар еккен тал-теректі жеп кетеді, айналаны бүлдіреді ғой. Егер бұл мәселе шешілетін болса, құрылыс жұмыстары кезінде бәрі бірден бітіп қалғаны жөн болар еді». Марат Лұқпанұлы аталмыш мәселені шешу бойынша облыс басшылығымен сөйлесетінін айтты.

WhatsApp Image 2023-04-30 at 18.38.51

Аудан әкімімен бірге тапсырыс беруші компанияның өкілдері де құрылыс жұмыстарымен танысты. «Біз апасына екі рет нысандарға барып, жұмыстың жүру барысын, алынып жатқан материалдарды, олардың сапасын, бәрін қадағалап тұрамыз, - деді бізге сұхбат берген ҚПО б.в.компаниясының әлеуметтік жобалар жөніндегі менеджері Ерлан Божкенов. - Қазір Садовыйдағы мектеп кестеден 5, Жайықтағы мектеп 8 пайыздай көлемде кешеуілдеп келеді. Оған ауа райы және өзге де себепті жайттар әсер етті. Жалындағы мектептің құрылысы қарқынды, ол белгіленген көлемнен едәуір артық орындады. Өркендегі мектептің құрылысы осындан бір ай бұрын басталды. Қазір іргетасын құю жұмыстары аяқтала келді. Он күннен соң қабырғасы қаланбақшы. Біздің тапсырыс негізінде облыс бойынша 15 мектеп салынуда. Олардың бәрі де 1 қыркүйекте есігін айқара ашатын болады».

WhatsApp Image 2023-04-30 at 18.38.52

WhatsApp Image 2023-04-30 at 18.38.49

WhatsApp Image 2023-04-30 at 18.38.49 (2)

WhatsApp Image 2023-04-30 at 18.38.50

WhatsApp Image 2023-04-30 at 18.38.51 (1)

WhatsApp Image 2023-04-30 at 18.38.52 (1)

WhatsApp Image 2023-04-30 at 18.38.52 (2)

 

Сәкен Мұратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале