Облысымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министірінің орынбасары Алтай Көлгінов түсқайта Бәйтерек ауданының Макаров ауылдық округіне қарасты Жалын ауылындағы тоғыз жылдық мектептің құрылыс барысымен танысты.
Шағын жинақты мектептің құрылысы биылғы ақпан айында басталған болатын. Білім ұясын 1 қыркүйекке дейін ел игілігіне табыстау көзделіп отыр. Қазіргі таңда жалпы жұмыстың 40 пайызы біте келген. Құрылыс басында 60-тан аса адам еңбек етуде. Біразы жергілікті тұрғындар. Ірі панельді 54 орындық мектептің құрылысын оралдық «KazConstructionGroup» ЖШС жүргізуде. Тапсырыс беруші ҚПО б.в. компаниясының құрылыс материалдарын алуға қаражат бөлуінің нәтижесінде қажет материалдар толығымен алынған.
-Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім сапасын арттыру мәселесін басты назарда ұстап отыр. Қазіргі таңда республика бойынша 143 үш ауысымды және 52 апатты мектеп бар. Бұл мәселе үш жылдың ішінде шешімін табуы тиіс. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы мен Үкімет тарапынан көрсетілетін қолдауды тиімді пайдаланып, істі сапалы орындауымыз керек. Батыс Қазақстан облысындағы әлеуметтік-экономикалық салада қордаланған мәселелердің жай-жапсарын білу мақсатында өңірге бес министрдің орынбасарлары да келді. Бірлесіп өзекті деген проблемаларды талқыладық.
Олар – білім сапасы, интернет мәселесі, педагог кадрлардың тапшылығы, аудандарда медициналық құрал-жабдықтардың жетіспеуі, барының өзі елу пайызға жуық тозғандығы. Айту керек, биыл және келесі жылы елімізде 50 амбулатория мен медпункт салынбақшы. Бұл - ауылдық жердегі медицинаны дамуға және оның қызмет сапасын арттыруға бағытталған жұмыстардың бір парасы. Екі ауданаралық аурухананы күрделі жөндеуден өткізіп, жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету де жоспарда бар.
Жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту да басты назарда. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша облысқа екі жарым пайызбен 6,4 млрд теңге қаражат бөлінді. Осынау қолдаудың нәтижесінде ауылдағы ағайын кәсібін ашып, тұрмыс жағдайын жақсартарына сенім мол,- деді құрылыс басында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Алтай Сейдірұлы.
Гүлжаз Баделова,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz