11.05.2023, 9:45
Оқылды: 46

Жаңа оқу жылында төрт жаңа мектеп пайдалануға беріледі

Бүгінгі таңда облысымызда «ҚПО б.в.» компаниясының тапсырысы негізінде шағын жинақты 15  мектептің құрылысы жүруде. Солардың төртеуі – Бәйтерек ауданында. Нақтылап айтқанда, білім ұялары Макаров ауылдық округінің Садовый, Жалын, Трекин ауылдық округінің Жайық, Көшім  ауылдық округінің Өркен  ауылдарында бой көтеріп жатыр. 

4b609405-4212-40f9-8bdb-4d0ae8445b13

Орал қаласынан солтүстікке қарай 20 шақырымдай қашықтықта орналасқан Макаров ауылдық округінің екі бірдей елді мекенінде мектеп салуының өзіндік себептері бар. Округ орталығынан шығысқа қарай 6 шақырым қашықтықта орналасқан Садовыйда төрт жылдық мектеп бар. Бастауыштан соң оқушылар округ орталығына қатынап оқуға мәжбүр. Ресми тіркелгендер саны 554 адам болғанымен, тұрғындар саны айтарлықтай көп. Қаланың маңында, жері құнарлы, тұрмысқа жайлы болған соң мұнда көшіп келушілер саны жыл өткен сайын артуда. Соған орай тұрғындар тарапынан жалпы білім беретін орта мектеп салу мәселесі біраздан бері көтеріліп келеді. Өзекті мәселенің шешімі табылып, биылғы қаңтарда жаңа мектептің іргетасы құйылғанда жергілікті тұрғындар бір-бірінен сүйінші сұрасты.

374d748c-270f-4c4d-8f46-c2b7394572fd

Мұндағы 108 орындық мектептің құрылысын алматылық «Қаз-Строй ЛТД» ЖШС жүргізуде. Мердігер компанияның БҚО бойынша аймақтық директоры Мақсат Тоғызбаевтың айтуынша, қазір құрылысшылар ғимараттың іргетасын құю жұмыстарын толығымен аяқтап, қабырғасын көтеруге кірісіп жатыр. Орта есеппен ғимараттың төрттен бір бөлігі аяқталды. Қажет құрылыс материалдары 100 пайыз әкелінді. Нысанды тапсыру биылғы 1 қыркүйекке жоспарланғанымен, құрылысты мерзімінен бұрын, яғни 20 тамызға дейін бітіру  ойда  бар.

– Қазір біз үшін топырақ мәселесі өзекті болып тұр. Ауылға жаңа жол салынған. Қатқыл табанды жол жүк көліктерінің жүруіне лайықталмағандықтан, құрылыс жұмыстары үшін қажет топырақ далалық айналма жолдар арқылы тасымалдануда.

Оның үстіне дизель отынының құны өсті. Сол себепті тасымалдаушылар бағаны 10 мың теңгеден 17 мың теңгеге дейін көтеріп отыр. Бұл бізге қиындау соғып тұр, – деді  Мақсат Тоғызбаев.

Мамырдың 30-ында Макаров ауылдық округіндегі қос мектептің құрылыс жұмыстарымен танысқан аудан әкімі Марат Тоқжанов бұл түйткілді реттеу бағытында жұмыстанатынын айтты. Аудан басшысының сөзіне қарағанда, Садовыйдан көп қашық емес жердегі карьерден алып келінетін топырақтың тасымалына байланысты бағаның екі есеге жуық өсуі ақылға сыймайды. Сондай-ақ жуық арада карьерден бері қарай айналма жол салу  да  қолға  алынады.

Айта кетейік, «Қаз-Строй ЛТД» ЖШС өңірімізде төрт мектептің құрылысын жүргізуде. Оның екеуі – Бәйтеректе. Садовыйдан бөлек, Трекин ауылдық округіндегі  Жайық ауылында және Теректі ауданының Магистральный мен Ақсуат ауылдарында да құрылыс жұмыстары жүруде. Макаров ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 5 шақырым қашықтықта орналасқан Жалындағы негізгі мектептің ғимараты әбден тозған және жөндеуге келмейтін болған соң жаңа мектеп салу жөнінде шешім қабылданған.

– Мен Жалын ауылының тұрғындарына, соның ішінде мектеп ұжымына, оқушыларға ризамын. Бұрын еңбек лагері болған, яғни мектепке еш лайықты емес ғимаратта, пеш жағып, мектеп жылымаса да, барға қанағат қылып, әупірімдеп осы кезге дейін оқып келе жатыр. Алғаш рет бұл білім ұясында болған кезімде мұғалімдер мектепке газ тарту жөнінде мәселе көтерді. Қабырғасы өте жұқа, жөндеуге келмейтін ғимаратқа көгілдір отын тартқаннан пайда жоқтығын айтып, жаңа мектеп салуға күш салатынымызды айтып, біраз тер төгуге тура келді, – деді Жалын ауылында бой көтеріп жатқан мектеп ғимаратымен танысу барысында  Марат   Лұқпанұлы.

Ірі панельді 54 орындық мектептің құрылысын оралдық «KazConstructionGroup» ЖШС жүргізуде. Мұнда панель орнату жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Құрылыс басында 60-тан аса адам еңбек етуде. «ҚПО б. в.» компаниясының құрылыс материалын алуға ақша бөліп, қажет материалдар толығымен алынды. Серіктестік директорының орынбасары Ернияз Удреевтің сөзіне қарағанда, қаржы үнемдеу мақсатында бастапқы жасалған жобадан мектептің қоршауы, ішкі жолдары, абаттандыру, сыртқы спорттық алаңдар және т. б. нәрселер алынып тасталған. «Мектептің айналасында ауыл малдары жайылады, – деді  ол.

– Қоршау болмаса, мал еккен тал-теректі жеп, айналаны бүлдіретіні анық. Қаржы үнемдеуге орай мектеп ауласындағы түрлі нысандарға баратын жолға плита төсеу қажет шығар. Егер бұл мәселелер шешілетін болса, оны мектеп ашылғаннан кейін емес, құрылыс жұмыстары кезінде бірден бітіп қалғаны жөн болар еді».

Аудан әкімі аталмыш мәселені шешу бойынша облыс басшылығымен  сөйлесетінін  айтты.

– Жаңа мектептердің салынуы Садовый мен Жалын ауылдарының жаңа тынысын ашары сөзсіз. Әсіресе, ауыл балалары мен ата-аналар үшін қуаныш болары анық. Бұл сондай-ақ мектептерде қосымша білімнің дамуына мүмкіндік береді. Сөздің шыны керек, кейбір мұғалімдер қосымша білімді жөнді түсінбейді, оны екінші кезекке қояды. Бұл дұрыс емес. Жаңа мектептерде оқушыларды көптеп қосымша білімге, үйірмеге тартуға мүмкіндік жасау керек, – деді  Марат  Тоқжанов.

Тапсырыс беруші компанияның өкілдері де салынып жатқан мектептерге жиі атбасын бұрып, құрылыс жұмыстарымен танысып тұрады.

«Біз аптасына екі рет нысандарға барып, жұмыстың жүру барысын, алынып жатқан материалдарды, олардың сапасын, бәрін қадағалап  тұрамыз. Қазір Садовыйдағы мектеп кестеден 5, Жайықтағы мектеп 8 пайыздай көлемде кешеуілдеп келеді. Оған ауа райы және өзге де себепті жайттар әсер етті. Жалындағы мектептің құрылысы қарқынды, ол белгіленген көлемнен едәуір артық орындады. Өркендегі мектептің құрылысы осыдан бір ай бұрын басталды. Қазір іргетасын құю жұмыстары аяқтала келді. Он күннен соң қабырғасы қаланбақшы. Біздің тапсырыс негізінде облыс бойынша 15 мектеп салынуда. Олардың бәрі де 1 қыркүйекте есігін айқара ашатын болады», - дейді «ҚПО б. в.» компаниясының әлеуметтік жобалар жөніндегі менеджері Ерлан   Божкенов.

 

Сәкен Мұратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале