12.05.2023, 9:15
Оқылды: 52

Бәйтерек ауданы көркемөнерпаздарының концерті өтті

«Атамекен» өнер ордасында дәл осындай атаумен Бәйтерек ауданы көркемөнерпаздарының концерті өтті. Оған облыс әкімі Нариман Төреғалиев арнайы келді.

IMG_20230512_011832_352
Өнер ордасының фойесінде бәйтеректік тауарөндірушілер мен кәсіпкерлердің өнімдері және жобалары қойылған көрме ұйымдастырылды. Өңір басшысы алдымен осы көрмемен танысты.

IMG_20230512_020514_592-01

Белес ауылы маңында «Заманауи құю өндірісі» жобасын жүзеге асыруда. Мұнда жылына 40 мың тонна халықаралық талаптарға сай келетін арнайы қоспа өндірілмекші. Сондай-ақ ілмекті арматура, тау-шахталы құрал-жабдыққа арналған қосалқы бөлшектер құймалар шығарылатын болады. «Казармапром» ЖШС директорының орынбасары Руслан Сапарғалиевтың айтуынша, жоба аясында 110 млн доллар көлемінде инвестиция тарту көзделуде.

IMG_20230512_011844_400
«Zhaik Petroleum Ltd» ЖШС-да Белес ауылдық округінде метанол өндіру бойынша газхимия кешенін салуды бастады. Жылына 130 мың тонна өнім алынатын мұндай кешеннің елімізде баламасы жоқ. Аталмыш серіктестіктің өкілі Армат Жүсіпәлиевтің сөзіне қарағанда, қазір мұнай өндіруші компаниялар метанолды шетелден сатып алуда. Сол себепті отандық метанолға деген сұраныс зор болмақ.
Трекин ауылдық округі аумағындағы «Green park» кешені бар. Онда жағажай, монша-сауықтыру кешені, су ойыны, сауық саябағы жұмыс істейді. «Батыс строй монтаж» ЖШС-ның жобаларымен танысқан облыс әкімі туризмді дамыту үшін мұндай орындардың маңыздылығына тоқталды. «Орал қаласына қызығып, қыдырып келетіндер саны жыл санап артып келеді. Еліміздің өзге өңірлерінен, шетелден келген қонақтар үшін біз осындай демалыс орындарын ұсынуымыз керек, - деді Нариман Төреғалиұлы.

Өңір басшысы сондай-ақ дарияндық «Қаз Ақбас» ЖШС-ның шұжық өнімдерін шығару, құрманғазылық «Горбачев» ШҚ-ның қымыз өндіру, трекиндік «World Green Company» ЖШС-ның жылыжай кешені, «Родник» ЖШС-ның ауыз су дайындау, Ақ бота» ШҚ-ның түйеқұс өсіру жұмыстарын жоғары бағалап, істеріне сәттілік тіледі.

IMG_20230512_011729_863
Бәйтеректік өнерпаздардың концерттік бағдарламасы бес бөліктен құралды. «Ұлттық өнер – таусылмас қазына» деп аталған алғашқы бөлімде аты айтып тұрғандай, ұлттық өнерге мән берілді. Мұнда аудандық «Шың» сазды-драма театрының әртістері «Алтын дән» композициясын қойылып, халық әндері шырқалды. Екінші бөлім «Бәйтерек – достық мекені» атанып, онда халықтық «Калинушка» фольклорлық ансамблі, «Риченька» украин шығармашылық ұжымы, халықтық «Достық-Дружба» ансамблдері ән салды. «Өнерлі ұрпақ – кемел болашақ» деген атау алған үшінші бөлімде «Айналайын» қыздар ансамблі, халықаралық байқаулардың лауреаты Ақкенже Қоныспайқызы және «Нұр-Ай» би ансамблі өнер көрсетті. «Жастар – ел болашағы» деп аталған келесі бөлімде «Серілер» жігіттер квинтеті, «Жұмыр қылыш», жас әнші, сазгер Мейірбек Жанболат, Артур мен Анар Сисеновтер және өзге де жас әншілер сахнаға шықты. Соңғы бөлім - «Өнер майталмандары» аталып, онда «Скифы» ансамблі сынды ауданның байырғы өнер ұжымдары концерттің көркін қыздырды.

IMG_20230512_011844_400
«Бәйтерегім» әнімен аяқталған концерт соңында облыс әкімінің атынан ықылас гүлі ұсынылды.
-Ауданаралық осындай концерт облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы Төреғалиевтің сәттілік тілеуімен басталған еді. Бүгінгі кезек біздің ауданымызға келді. Бәйтеректік өнерпаздардың кешіне арнайы келгені үшін Нариман Төреғалиұлына және өзге де мәртебелі меймандарға, шақырулы қонақтарға, жерлестерімізге ризашылығымызды білдіреміз. Біздің әншілеріміз, бишілеріміз, әртістеріміз және өзге де өнерпаздар, мәдениет саласы қызметкерлері осы концерттің сәтті шығуы үшін көп тер төкті. Саф өнерді шын жүректен көрермен қауымға ұсына білді. Сол үшін оларға да айтар алғысымыз зор. Жиырма жеті жыл ғана өмір сүрген қазақтың ағартушысы Сұлтанмахмұт Торайғыров «Қазақтың әні – қазақтың жаны» деген екен. Ендеше жанымызды әрқашан да ән тербей берсін, - деді концерт соңында сөз алған аудан әкімі Марат Тоқжанов.

IMG_20230512_011729_907

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале